Жастар жылында нақты істерді қолға алайық». Жас ақын, Теректі аудандық «Теректі жаңалығы» газетінің жауапты хатшысы Әділет Орынбасаров осылай дейді. Оның айтуынша, бойында жалыны, қарымы, дарыны бар, сөзінің сәні және айбыны, арыны бар жастар қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші саналады. Қазақ әдебиетінің тарихында қалған кіл жақсылар мен жайсаңдар жастарға үміт артып, ұйқыда жатырған халықты оятуды сеніп тапсырған. Түсінгенге, бұл – жауапкершілік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы үрдісті жалғастырып, Жолдауларында жастар тарапына басымдық танытып, түбі бақандай бір жылды жастарға арнады. Бұл – мәртебе. Бұл – сілкінетін, желпінетін, озық ойға кезек беретін, жарқын істерге ұмтылатын жыл. Ұрандатып, мінбелерден отты сөздер айтып, қала берді түрлі акциялардың басын қайыруды доғарып, елдің, жердің пайдасына асатын ірі жұмыстарды қолға алуымыз қажет. – Жастар идея айтса, лезде орындалатын шақта берілген мүмкіндікті қалт жібермегеніміз абзал. Ұшқан құстың қанаты талатын сайын дала, бірлігі жарасқан, атағы мен айбары ғасырлардан әрі асқан дүйім қазақстандықтар, халықты жел мен дауылдан қалқалаған, ел үмітін арқалаған Елбасы мемлекетіміздің болашағын біздермен, яғни жастармен байланыстырып отыр. Ендеше, қос жеңді түріп, әлемнің жаңалықтарын біліп, құзар шыңдағы жетістіктерді «іліп», алға қарай қарыштап жүріп сенім үдесінен шығамыз деп үміттенемін. Жастар желпініп бастады, сенім мен үміт бар, рас бәрі. Ашық боп елімнің аспаны, Алға бас, Қазақстан жастары! – дейді жас ақын. «Қалам мен парақты серік еткен мен үшін кешегі жиында жас ақын Мерей Қарттың Елбасыға айтқан өтініші айрықша ұнады. Яғни әдебиет академиясын ашып, жастардың жырларын жаһанға әйгілі ету секілді ұсыныстың өміршең болуын тіледім іштен. Академия ашылар болса, ауылдарда жүрген, тасада қалған таланттардың есімдері еленіп, әдебиетте, бәлкім, жаңа бағыттар дүниеге келер ме еді?! Сол себепті әдебиет академиясының ашылуы жастар жылындағы ең ғаламат істің бірі болып тарихта қалады деп ойлаймын», – дейді Әділет Орынбасаров.
Дереккөз: inform.kz/kz/