arasha.kz

Депутат Абзал Құспан Бишімбаев ісі мен сот жүйесіне қатысты маңызды мәлімдеме жасады

Қазақстанның сот жүйесі ауқымды өзгерісті бастан өткеріп жатыр. Білесіздер, дәл қазір бүкіл Қазақстан экс-министр Бишімбаев ісін қадағалап отыр. Неге? Себебі іс тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты. Бұл – бір. Ал аталған мәселе қоғамда ушығып тұр.

Сондай-ақ, сот процесі ашық өтіп жатыр. Кез келген адам YouTube желісінен отырысты тамашалай алады. Тіпті, бұл іс ел ауқымынан шығып, Washington Post, Al Jazeera секілді алпауыт медиаларда айтылды.

«Бұған дейін Парламент мінберінен бірнеше рет  судьяларға, сот жүйесіне қатысты сын айтқан едім. Қазір ескі Қазақстанның сарқыншақтары жойылып, Президент тапсырмасына сәйкес ашықтық қалыптасып келе жатқанына куә болып отырмыз», – деді депутат.

Сонымен қатар ол Бишімбаев ісінің тікелей эфирден көрсетілуі халықтың құқықтық сауатын арттыратынын айтты. Енді, азаматтар сот отырысы қалай өтетінін, қорғаушылардың міндетін, сот пен прокурордың қалай жұмыс істейтінін үйренеді. Мұның бәрі, әлбетте, оң өзгерістер. Ең бастысы – осы арқылы қоғамның сот жүйесіне, оның әділдігіне сенімі арта бастады. Ашық өткен процесте біреу-міреуді сатып алу мүмкін емес.

«Бұл іс – бүкіл халықтың назарын аударған алғашқы сот отырысы. Алматыда автобус жүргізушісін ұрған адамға қатысты сот отырысы да тікелей эфирде көпшілікке көрсетілді. Сонымен қатар Қарағандыда жедел-жәрдем көлігі жүргізушісін ұрған адамға қатысты іс те онлайн көрсетілді. Ескі Қазақстанда сот отырыстары жабық өтіп, кім нені қарап жатқаны, істі қалай саралап жатқан белгісіз болатын. Бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың сотталып, кейін босап шығуы да осы себепті еді. Кім Назарбаевқа жақын болды не кешірім сұрады, сол жазадан оңай құтылатын. Қазір бұлай жасау мүмкін емес. Сот отырысын тікелей эфирден көрсету арқылы, оған алқабилерді қатыстыру арқылы сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етіп отыр. Әрине, бұл бағытта атқаратын жұмыс жетерлік. Сот жүйесіне, алқабилерге қатысты заң жобаларын әлі де жетілдіру керек. Бірақ ең бастысы, сең қозғалды. Енді оны тоқтату мүмкін емес!», – деді депутат Абзал Құспан.

Exit mobile version