Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёв Алматыдағы Сейфуллин даңғылы мен Тимирязев көшесінің қиылысында 40-қабатты ғимарат салуға қарсы шықты.
Депутат әлеуметтік желідегі өз парақшасында жариялаған видеода бұл аумақта биіктігі жоғары мұнарадан бөлек тағы бес 10-қабатты тұрғын үй кешені бой көтеретінін айтты.
«Иә, пәтердің шаршы метрлері, салық және жұмыс орындары. Бірақ осындай алып орталық қажет пе? Жоспар бойынша мұнда 40-қабатты мұнара және жанында бес 10-қабатты үй салынады. Бұл Сейфуллин-Тимирязев ауданын алматылықтар жақсы біледі: инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарға шамадан тыс жүктеме бар. Мұнда мектеп, аурухана, емханалар жетіспейді, және олар салынбайды», – деді депутат.
Оның айтуынша, тұрғындар ең алдымен абаттандырылған демалыс орындары, саябақтар, скверлер мен жайлы баспаналы ортаға мұқтаж.
Пономарёв сондай-ақ осы құрылыс компаниясы бұған дейін басқа жоба аясында мектеп, аурухана саламын деп, Кіші Алматы өзені бойында 2,5 км көшеге абаттандыру жүргіземін деп уәде бергенін, алайда әлеуметтік инфрақұрылым жүзеге аспағанын еске салды.
«Бізге Жандосовтан Үтеповке дейінгі 2,5 км ауданға, 7,5 гектар аумаққа сквер саламыз, абаттандырамыз деп уәде берген еді. Нәтижесінде жеке секторды сүрмеді, мектеп те, аурухана да, уәде еткен трансформаторлық қосалқы станция да жоқ. Өкінішке орай, мұнымен де осындай жағдай болады деп қорқамыз», – деді депутат.
Жоғары тұрғын үй кешенінің жобасы қазір мемлекеттік сараптамадан өтіп, келісімде жатыр. Депутат қала әкімдігі мен тиісті органдарға ресми түрде хат жолдап, мәселені көтеретінін хабарлады.