Қазақстанда «ЭКСПО»-дағы ұрлық және қаражатты оффшорларға шығару дерегі бойынша тағы бір қылмыстық іс тергеліп жатыр.
«Антикоррупциялық қызметтің өндірісінде белгісіз тұлғаларға қатысты «ЭКСПО» қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс бар. Аталған тергеу аясында барлық қатысы бар адамдарды, соның ішінде қаражаттың шетелдік оффшорлық компанияларға шығарылу фактілерін анықтауға бағытталған кешенді жедел-тергеу шаралары жүргізілуде», – деді Бас прокурор Берік Асылов мәжіліс депутаты Ермурат Бәпи мен бірқатар басқа парламент депутаттарының сауалына жауап бере отырып.
Еске салайық, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясындағы (қазіргі QazExpoCongress) алғашқы ұрлық деректері 2013-2014 жылдары анықталған болатын. Ол кезде көрмені ұйымдастыру мен құрылыс жұмыстарына бөлінген бюджет қаражатынан шамамен 10,2 млрд теңге ұрланған. Алайда тергеу кейінірек басталды. Бұл іс бойынша компания басшылығы мен мердігерлерді қоса алғанда 23 адам айыпталған. Басты айыпталушы – ұлттық компанияның бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев ірі көлемде пара алу және бөтен мүлікті иемдену қылмыстары үшін кінәлі деп танылып, 2016 жылы 14 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды. Сонымен қатар сот оны компания пайдасына 5 млрд теңгеден астам қаражат өндіруге міндеттеді.