21-03-24 |
7230 рет қаралған
Ел бірлігі – мемлекеттілік негізі.
Ел бірлігі – мемлекеттілік негізі

«Біздің күшіміз – ынтымақта. Еліміздің әлеуметтік саясаты осы құндылыққа негізделген. Мемлекет те, қоғам да көмекке шын мұқтаж адамдарды қолдауға қашанда дайын. Біздің еріктілеріміздің ерен еңбегі – жанашыр болудың шынайы үлгісі. Олар кез келген сәтте өзгелерге риясыз көңілмен көмектесуге ұмтылады».  Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.

Мемлекет басшысы 2024 жылғы 15 наурызда «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» деген атпен өткізілген отырыста халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды екенін атап айтты. Президенттің пайымынша, халқымыздың қанына сіңген жанашырлық, қамқорлық, бауырмалдық сияқты асыл қасиеттер  біздің ұлттық ерекшелігіміз болып қала береді.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы Гүлназ Қасымова біздің елдегі ынтымақтастықтың айқын мысалы – еріктілер қозғалысы екенін айтады. Осы қозғалыс аясында адамдар әлеуметтік мәселелерді шешу және мұқтаж адамдарға көмек көрсету үшін ерікті түрде бірігеді. «Ұлттық құрылтай отырысында айтылған базалық құндылықтардың бірі қазақстандықтар үшін әлеуметтік үйлестіру мен қолдаудың негізгі элементтерінің бірі болуға тиіс ынтымақтастық деп аталды. Ұлттық волонтерлік желінің деректері бойынша Қазақстанда волонтерлік қозғалысқа әр түрлі бағытта жұмыс істейтін кемінде шамамен 240 000 адам тартылған. Бұл елдегі еріктілер қозғалысының айтарлықтай әлеуетін көрсетеді», – дейді Г.Қасымова.

ТМД елдері ішінде волонтерлік қызметке ерекше мән беріп отырған мемлекеттің бірі – Қазақстан. Ел Президенті Қ.Тоқаев билікке келісімен ерікті азаматтардың қызметіне серпін беріп, волонтерлік қозғалыс көшбасшыларын ауқымды әлеуметтік міндеттерді шешу үшін белсенді ат салысуға үндеді.                                                                                                                     2019 жылы 27 тамызда Мемлекет басшысы арнайы Жарлық шығарып, 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялады. Бір жыл ішінде ерікті қызмет етуге шын ниетімен кіріскен жандар қатары көбейген. Қоғам өміріне бейжай қарамайтын азаматтардың арқасында «Birgemiz» атты жалпыұлттық бастама көтерілді. Қоғам өміріне бейжай қарамайтын азаматтардың арқасында «Birgemiz» атты жалпыұлттық бастама көтерілді. Ауқымды бастама аясында «Qamqor», «Saulyq», «Sabaqtastyq» сынды бірақатар бағыттағы жобалар жұмысын бастады. Белсенді азаматтар жыл сайын еліміздің барлық өңірінде «Birge – taza Qazaqstan» экологиялық акциясын жүзеге асырып келеді.

2020 жылдан бері еліміздегі волонтерлік ұйымдардың саны 3 еселеп өсті. Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2023 жылдың қорытындысында елімізде 680-нен астам волонтерлік ұйымдар бар. «Дегенмен, волонтерлік қызмет көбінесе тіркелмейді және ресми құрылымдардан тыс жүзеге асырылады. Ұлттық волонтерлік желісінің ақпаратына сәйкес, тіркелмеген бастамашыл топтардың саны 680 санынан шамамен 3-3,5 есе асуы мүмкін», – дейді ҚСЗИ бас сарапшысы Гүлназ Қасымова.

Жалпы, волонтерлік қызмет – адамгершілік құндылықтардың айқын көрінісі. Қасым-Жомарт Тоқаев та жанашырлық, қамқорлық қазақтың қанында бар қасиет екенін жиі айтып келеді. Ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде халқымыз көмектен аянып қалмаған. Сарапшы Гүлназ Қасымова қазақстандықтарға тән бүгінгі волонтерлік қызметтің бағытынан да осы жайттар көрініс табуда. «Ұлттық волонтерлік желінің былтырғы деректеріне қарасақ, еліміздегі волонтерліктің негізгі бағыттары қарттар мен жалғызбастыларға, өмірлік қиын жағдайдағы адамдарға көмек көрсету (31,4%), әлеуметтік волонтерліктің басқа түрлері (20,8%), сондай-ақ экологиялық волонтерлік (16,4%) болды. Сонымен қатар төтенше жағдайларға жедел ден қою үрдісі азаматтарға тән болып отыр. Еріктілер өрттен, табиғи апаттардан және техногендік апаттардан зардап шеккен адамдарға жиі көмек көрсетеді. Мұндай жағдайларда тұрақты волонтерлік қызметті жүргізетіндер ғана емес, бұрын ұйымдастырылған волонтерлік іс-шараларға қатыспағандар да қатысатынын атап өткен жөн»,– дейді ол.

Ел тұрғындарының елдік істегі бірлігі мен ынтымағы Арыстағы алапат апатта да Мақтаралды су алған кезде де айқын көрінген.

«Дегенмен, ынтымақтастық үлгісі ретінде волонтерлік қызметті қолдау үшін бірқатар институционалдық шаралар қажет»,– дейді сарапшы Г.Қасымова. 2022 жылы Қазақстан Орталық Азия волонтерлерінің алғашқы форумын өткізді. Жыл басында волонтерлікті дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. Сондай-ақ Қазақстанның бастамасымен 2026 жыл халықаралық волонтерлер мен еріктілер жылы болып жарияланды. Сарапшылар пікірінше, мұндай жүйелі жұмыстар волонтерлік қозғалыстың жаһандық әлеуметтік және экономикалық проблемаларды шешуге қосқан үлесін мойындауға қызмет ете бермек.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.