Астана қаласында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен республикалық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы ата-аналар мен балалар перфомансын өткізді.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған перфоманс – ата-аналардың балаларымен қарым-қатынасының маңыздылығын, сондай-ақ балалардың қоғамның толыққанды мүшесі екенін, олардың құқығы мен міндеті, жеке пікірі бар екенін көрсетуді мақсат еткен. Сонымен қатар жиынның тағы бір ерекшелігі – жұртшылықтың назарын балаларды толғандыратын өзекті мәселелер мен проблемаларға аудару.
Бүгінгі халықаралық мерекелер – Балаларды қорғау күні мен Дүниежүзілік ата-аналар күніне орай біздің министрлік бірқатар шараны іске асырды. Министрліктің бастамасымен Үкімет мереке күндерінің тізбесін бекітіп, оның аясында Әкелер мен Аналар күнін белгіледі. Министрліктің бұйрығымен елімізде балаларды ерте жастан дамыту кезеңдері бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Оның ережесі бекітілді. Жұмыс тобы алдағы уақытта ақпараттық-түсіндіру шараларын өткізеді, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бас сарапшысы Жақсылық Киікбаев.
Айтуынша, іс-шаралар балалардың жиі кездесетін өзекті мәселелеріне жұртшылықтың назарын аударуға және қатысушыларға мерекелік көңіл күй сыйлауға бағытталған.
Бүгін балаларды қорғау күніне орай жастар қоғамдық ұйымдарымен бірлесіп ата-аналар және балалардың қатысуымен перфоманс болды. Орталық саябақта алаяқтықтың алдын алу бойынша Алаяқ.net акциясы ұйымдастырылады. Қызықты квест ойындары жоспарланған. Жалпы, министрлік отбасылық-мемлекеттік саясатты жүзеге асырады. Оның ішінде, балаларды қорғау, ата-аналарға барынша жағдай жасап, қолдау көрсету – ведомствоның басты бағыттарының бірі, – деп атап өтті бас сарапшы.
Айта кетерлігі, перфомансқа қатысушылар ұйымның 7 бағыты: зерде, еңбек, салауат, руханият, Отан, Жеті жарғы, экоәлем бойынша арнайы месседждер жазылған плакаттармен шықты.
Бұл месседждер қазақстандық балаларды толғандыратын мәселелерді назарға алған. Осы іс-шара арқылы балалар өздерінің белсенді азаматтық ұстанымдарын көрсетеді.
Осыған байланысты ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі елімізде «Әкелер күні» мен «Аналар күні» мерекесі бекітілгені туралы хабарлады.
Аталған мерекелер отбасы институтын нығайтуға, аналарымыз бен әкелеріміздің мәртебесін көтеруге, отбасылық құндылықтарды дамытуға, әулеттегі жақындықтың, құрмет-ықыластың берік орнауына және отбасындағы береке-бірліктің артуына ықпал етеді деп сенеміз. Әкелер күні демекші, осыдан 40 жыл бұрын ардақты әкеміз мәңгілік сапарға аттанған еді. Өмірден ерте озған әкеміздің жарқын бейнесі, ол туралы жылы естеліктер әлі күн жадымызда. Сондықтан әкеге, анаға құрмет, көз тірісінде қадіріне жету әрдайым көңіл төрінде тұруға тиіс деп білеміз. Бүгінгі Балалар құқығын қорғау күнінде пайда болған мәні зор мерекелер құтты болсын! Әкелеріміз бен аналарымыз аман болсын! – деп жазды министр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның сөзіне қарағанда, Халықаралық бекітілген күндерге сәйкес «Аналар күні» мерекесі мамыр айының екінші жексенбісінде, «Әкелер күні» мерекесі маусымның үшінші жексенбісінде ауқымды түрде атап өтіледі.
arasha.kz
ФОТО: Артем Чурсинов
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024