ҚР Президентінің тапсырмасын іске асыру аясында Ұлттық экономика министрлігі Алатау қаласын құру жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының («Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы») Жоспарын әзірледі.
Жоспарға сәйкес, Ұлттық экономика министрлігі Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп экономикалық есептерді, жаңа қаланың схемалық картасын дайындау бойынша жұмыстар жүргізді. Сондай-ақ халықпен жиын өткізіліп, соның негізінде Алматы облысы мен Іле, Талғар аудандары және Қонаев қаласы мәслихаттарының шешімдері қабылданды.
Жаңа қаланы құру жол желілері, инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін модернизациялауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестицияларды, технологияларды, қосымша қаржы ағындарын тартуға, кәсіпкерлік белсенділікті дамытуға, салық түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңірдің инвестициялық тартымдылығы мен экономикалық тұрақтылығын жақсартуға ықпал етеді.
Жалпы ауданы – 88 мың гектар.
Қала халқының саны 52,7 мың адамды құрайды.
Сонымен қатар, Үкімет АЭА (арнайы экономикалық аймақ) аумағын 30 мың гектардан 96,5 мың гектарға дейін кеңейту мен G4 City АЭА-ны Alatau АЭА-ға қайта атау туралы шешімді мақұлдады. Осылайша, Алатау қаласының барлық аумағы және Қонаев қаласының бір бөлігі АЭА аумағына жатқызылады.
Арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметтің басым түрлері бойынша ЭҚЖЖ-ның (экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші) 17 атауы негізінде 110 мың жаңа жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 12,5 трлн теңгеге 170-тен астам жобаны орналастыру көзделіп отыр.
Болжамды деректерге сәйкес, АЭА объектілері жобалық қуатына шыққаннан кейін бүкіл кезеңдегі бағаланған жиынтық үлесі 47,3 трлн теңгені, оның ішінде мультипликативтік әсері 17 трлн теңгені құрайды. Айта кетерлігі, мемлекеттік инвестицияның әрбір 1 теңгесіне 3,8 теңге жеке инвестиция тартылатын болады.