Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстанда тіл мәселесіне қатысты қақтығыстар жоқ екенін, бірақ, өкінішке қарай, кей жерлерде тұрмыстық мәдениетсіздік байқалатынын мәлімдеді. Бұл туралы Ertenmedia.kz хабарлады.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин ішкі саясаттың жүзеге асырылу бағыттарын Ұлттық құрылтай мүшелерімен талқылады.
«Тіл мәселесіне қатысты делінетін бірқатар даулы жағдай шын мәнінде қызмет көрсету саласындағы тұрмыстық қақтығыс саналады. Мұндай жағдайларды кейбір адамдар басқа бағытқа бұруға тырысады», – деді ол кездесуде.
Қариннің айтуынша, мұндай қақтығыстардың түпкі себебі – қарапайым этика, тәртіп пен сыпайылық мәселесі.
«Біздің елімізде ешқандай тілдік қақтығыс жоқ, бірақ, өкінішке қарай, кей жерлерде тұрмыстық мәдениетсіздік бар. Осы мәселемен бірінші кезекте айналысуымыз керек: тәрбие беру, жаңа қоғамдық этиканы, мінез-құлық мәдениетін насихаттау», – деді мемлекеттік кеңесші.
Мемлекеттік кеңесші бұл оқиғалар қоғамдық жай-күйді көрсетпейтініне назар аударды.
«Кейбір адамдар қақтығысты әдейі ушықтырып, өздерінің жеке пайдасын көздейді», – деп санайды ол.
Оның айтуынша, мұндай қақтығыстардың ұйымдастырушылары заң бойынша жауапкершілікке тартылады.