2024 жылы Қазақстанда қартаю индексі 31,1 құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,6 пайыздық тармаққа жоғары (2023 жылы 29,5). Бұл дегеніміз 0 мен 15 жас аралығындағы әрбір 100 балаға 65 жастан асқан 31,1 қариядан келеді деген сөз.
Статистика бюросының мәліметінше, өңірлер бөлінісінде бұл көрсеткіштің ең жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген – 78,1, одан кейін Шығыс Қазақстан (76) және Қостанай облыстары (66,4).
«Қартаю индексінің ең төменгі көрсеткіші Маңғыстау облысында, онда 100 балаға 65 жастан асқан 15,2 қарттан келеді. Сондай-ақ аталған көрсеткіштің төмен мәні Түркістан облысында (15,9) және Шымкент қаласында (16,1) тіркелген», — делінген хабарламада.
Айта кетейік, қалалық жерлерде қартаю индексі ауылдық жерлерге қарағанда жоғары – тиісінше 33,4 және 27,5.
Қартаю индексі – 100 балаға шаққанда егде жастағы адамдар санын сипаттайтын халықтың жас құрамының көрсеткіші. Ол 65 жастан асқан халық санының 0-14 жас аралығындағы халық санына қатынасы ретінде есептеледі.