Елорда «Нұр-Сұлтан — жайлы қала» мастер-жоспары аясында дамып келеді. Тұжырымдама үш негізгі мақсатты көздейді: тұрғындар үшін қала жайлы болып, тұрақты дамып отыруы және вирустан таза, денсаулыққа қауіпсіз болуы керек. Бұл туралы толығырақ «Қарақат Абденмен BIR OI» YouTube авторлық жобасында елорданың Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен айтып берді.
Елнар Базыкен елорданың тұрғындарға жайлы болуы үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ қаланың даму перспективалары туралы айтып берді.
«Біз елорданың тұрғындарға жайлы болуы үшін түрлі жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Себебі ХХІ ғасырда қалалар өз тұрғындарына ыңғайлы болуы керек. Қазір қаламыз түрлі секторларға бөлінген және әр сектордағы адам санының көптігіне байланысты әлеуметтік инфрақұрылымдар жоспарланды. Мектеп, балабақша, емхана және т.б. салу кезінде қадамдық қолжетімділік қағидатын ұстанамыз», — деді Елнар Базыкен.
Сондай-ақ, ол аула алаңдарын абаттандыру және қаланы көгалдандыру туралы қозғап өтті. Мәселен, биыл Нұр-Сұлтанда 1 млн ағаш пен жасыл желек отырғызу жоспарланған. Соның негізінде «Астана Опера» театрының жанынан емен бағы ашылды, онда 700 емен мен мың мамыргүл отырғызылды.
«Қоғамдық кеңістіктерді біртіндеп құрып жатырмыз. Себебі қоғамдық кеңістіктер жұмыс пен үйден кейінгі маңыздылығы жағынан үшінші орында тұр. Пандемия ашық ауада серуендеу қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Былтыр спортпен шұғылдану және серуендеу үшін көпірасты алаңы ашылды. Бұл жұмысты ары қарай да жалғастырамыз. Біз парктерде жаяу жүргіншілер мен велосипед жүретін орындарды біріктіруді шештік. Елордада жаяу жүргіншілер көшелері салынуда. Яғни, қалада серуендеу үшін бұрынғыдан да көбірек мүмкіндік жасалып жатыр», — деп атап өтті Урбанистика орталығының басшысы.
Мәселен, бүгінде Республика даңғылында жаңарту жұмыстары жүргізілуде, ол жаяу жүргіншілер үшін кедергісіз, қолайлы болады. Елнар Базыкеннің айтуынша Республика даңғылы арқылы аулаларға кіретін екінші кезектегі жолдар арнайы көтерілген өтпелі жол арқылы жүргізіледі.
Ол сондай-ақ, қала полиорталық қағидаты бойынша дамып келе жатқанын айтып өтті.
-
16.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024