arasha.kz

Елордада 50-ге жуық жұмысшы 3 айдан бері жалақыларын ала алмай жүр

Елордада үш ай бойы жалақы алмаған жұмысшылар наразылық білдірді. Элиталық қонақ үй кешенін салып жатқан 50-ге жуық адамның құрылысқа жауапты украиналық компанияға өкпелері қара қазандай. Себебі барлығын келісімшарт негізінде жасаған құрылысшылардың жасаған жұмысын қабылдамай қойыпты. Оған күйінген наразы азаматтар еңбекақыларын талап етіп құзырлы орынға арыз жазған. Одан әзірге нәтиже шықпапты. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.
Есілдің сол жағалауындағы элиталы ресторан және қонақ үй кешенінің құрылысы тура бір жыл бұрын басталған болатын. Ал биыл тамыз айында халық игілігіне берілуі тиіс болыпты. Бірақ ғимарат уақтылы тапсырылмауы мүмкін. Өйткені мұнда еңбек еткен құрлысшылар  уақытылы жалақысын алмаған соң жұмыстарын тоқтатқан.
«Актілеріміздің барлығы жиналып, осы кезге дейін келді. Енді бір ғана пожарный системаның актісі жабылмаған себепті, қалған актілердің де ақшасы берілмей отыр да. 4,5 жарым миллион теңге бізге берілмей отыр. Жалпы жасаған жұмысымыз 21 миллон теңге»,-дейді құрылысшы Өмірбек Ришад.
Барлығы отбасыларын асырау үшін Елордаға жұмыс іздеп аймақтардан келген екен. Құрылыс компаниясы осы тұрғандардың өзіне 5 миллион теңгеден астам қарыз. Ал пәтер ақсын төлей алмай, ауылдарына кетіп қалған азаматтардың саны қаншама. Жұмысшылар барлығын келісімшарт негізінде жасапты. Ол қолдарында тұр.
«Мұндағы ақшамызды ала алмағаннан кейін, енді қазір басқа жерде істеп жатырмыз. Біреудің кредиті бар, біреудің отбасы бала-шағасы бар. Әркім қарыз алып, сүйтіп жүрміз. Төрт ай болды»,-дейді құрылысшы Дилшат Тоқтамұратов
Құрылыс алаңына апта сайын келеміз, дейді. Бірақ, күніге жасаған жұмыстарының ақшасы ертең беріледі деп шығарып салатын басшылық, соңғы уақытта көрінуді де қойыпты. Тіпті, күзетшілері бұларға тіпті есік ашпайды да екен.
«Басында берілді бір, екі ай. Одан кейін аванс береді. Біз квартираға береміз тамаққа береміз. Болды, одан артылмайды. Қолданатын ақша болмай қалады. Балалар шыдамады, барлығы қайтып кетті»,-дейді құрылысшы Мақсат Қасенұлы.
Арнамыздың түсірілім тобын көре сала құрылысқа жауапты украиналық компанияның өкілдері шыға келді. Сөйтіп құрылысшылардың бірнеше ай бойы жасаған жұмыстарын ертең жиналған топпен бірге көріп қабылдайтын бола қалды.
«Сіздерді ертең сағат 11-де құрылыс алаңында кездесуге шақырамын. Сол жерде жасаған жұмыстарыңызды көріп, қабылдап аламыз. Сосын ол бойынша, төленуі керек ақшада берілетін болады»,-дейді украиналық компанияның жоба жетекшісі Сергей Антипов.
Дегенмен жұмысшылардың еңбегі осы уақытқа дейін неге қабылданбай келгенін, не себепті жалақы берілмегенін түсіндіріп бере алмады. Адал ақысын талап еткен наразы топты ертең кездесуге шақырған украиналық компанияның басшылығы қандай шешім қабылдары әзірге белгісіз. Бірақ біз мәселенің жай-жапсарын назарда ұстайтын боламыз.

Exit mobile version