Денсаулық сақтау министрлігі халық тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмектің сатылымға шықпауын бақыламақ. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың сөзіне сілтеме жасап, ҚазАқпарат жазады.
Министр тегін дәрі-дәрмектердің арнайы тізімі барын, сол тізім бойынша ғана берілетінін айта келіп: «Кей жағдайда дәрігерлер дұрыс түсіндірмейді. Арнайы тізімдегі дәрі-дәрмектер ғана тегін беріледі. Қалған дәрілер мемлекеттің кепілдігіне кірмейді. Тегін дәрілерді емдеуге қажетті 100 пайыз дәрі-дәрмектің 30 пайызы деп айтуға болады. Бұл көрсеткішті жыл сайын ұлғайтып жатырмыз, дегенмен қазіргі тізім осы»,- деп тегін берілетін дәрілер жайын түсіндірген.
Сондай-ақ, тегін дәрі-дәрмекті алғаны туралы науқас министрліккке SMS-хабарлама жібере алатын жоба алдағы жылы іске қосылмақ екен.
«SMS-хабарлама бойынша өткен жылы жүргізілген пилоттық жоба келесі жылы іске қосылады. SMS-пен растау арқылы тегін дәрі-дәрмектің сатылып кетпей, науқастың қолына тигеніне көз жеткізіп едік. Сонымен бірге, келесі жылы арнайы мобильді қосымша шығарамыз. Онда науқас өз рецептілерін көріп, дәрінің уақытылы жеткенін министрлікке хабарлай алады. Ал тегін дәрі жеткізілмеген науқастар Фармация комитетінің жергілікті департаментіне телефон соғып, хабар бергені жөн. Барлық фактілерді міндетті түрде тексеріп, қажетті әкімшілік және құқықтық шешімдерді қабылдаймыз, – деді Елжан Біртанов.