Біз
әлеуметтік
желіде
21-06-25 |
80 рет қаралған
Емтиханнан өту үшін ақша сұрады. Дулати атындағы университеттің студенттері шу шығарды.
Емтиханнан өту үшін ақша сұрады. Дулати атындағы университеттің студенттері шу шығарды

Таразда жоғарғы оқу орнының студенттері шу шығарды. Себебі, биыл университетті бітіруі тиіс 66 түлек мемлекеттік емтиханнан сүрінген, деп хабарлады 31 телеарна.

Бірақ ұл-қыздар ұстаздарға ақша бермеген соң сынақтан өте алмай қалдық деп отыр. Ал, Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы мемлекеттік университеттің ректоры бұл жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылғанын жеткізді.

Аударма ісі мамандығы бойынша оқыған төртінші курстың студенттері емтиханда келген сұрақтан емес сұраған теңгесін бермеген соң сүріндік дейді. Күдігі бекер емес, дәл өздеріндей сынақтан құлаған өзге факультеттің студенттері қайта тапсыруға мүмкіндік алған. Ал бізді неге алалайды дейді көпшілік.

«Менде тек бір сұрақ. Басқа журналистика факультетіне перездача береді да именно біздің факультетке, яғни аударма ісіне бермейді. Заң бойынша гос экзаменде перездача жоқ дейді. Бірақ аударма ісіне ғана сол жүрді де но каким-то образом басқаларға береді», — дейді студент Гүлсезім Жалғасбаева.

Студенттер оқытушылардың себепсіз тінтіп, емтихан үстінде кедергі келтіруден қолдары босамағанын айтады. Түрлі желеумен түртпектеп, мазамызды алды деп отыр. Ал, ақшасын берген топтарға тексеру мүлдем кірмеді деп ашынады.

«Университеттің ішінде болып жатқан мәселені ректор мырза өзі білмейді. Ер адам келіп, осы жейдесінің ішіне қолын былай қарай сұққан ішіне. Тек қана бір адамға ғана емес, сол жерде отырған барша студентерге тиісіп шықты. Сыртымыздан суретке түсірді. Сен топассың білмейсің бе, оқымағансың ба, сендер өте алмайсыңдар деген сөздер келді», — дейді студент Ақбаян Ілиясбек.

Бұл жағдай бейнекамераға жазылған. Қазір ректордың тапсырмасымен арнайы комиссия құрылыпты.

«Комиссия қарап, қорытынды жасап алып шығады. Егер заңды бұзған тұлға анықталса лайықты жаза беруге тырысамыз. Қалай болғанда да менің негізгі мақсатым студенттер жағында. Бүгінгі таңда 66 бала өте алмай қалған. Бірақ осымен бітті деген сөз емес. Екінші заңмен қарастырылған мүмкіндігі келесі 26 жылы комиссия құрылып қайта тапсырады», — дейді М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов.

Яғни, шу шығарған ұл-қыздардың биыл диплом алуы екіталай. Айта кетейік, Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы мемлекеттік университетте 11 мыңға жуық студент білім алады.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.