Елімізде мүгедектік алу үшін комиссиядан өту кемтар жандар үшін ең үлкен кедергі көрінеді. Өкініштісі, біреудің көмегінсіз қасық ұстап, тамағын іше алатындарға мүгедектігін дәлелдеу қиын. Қазір 2 топтағы мүгедектігі 3 топқа ауысқанын естіп, аң-таң қалған кемтар жандар кімге шағынарын білмей жыларман күйде жүргенін көресің.
Орал қаласының тұрғыны Маржан Байекешева күйеуі бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарына қосылған соң, оны күту үшін жұмыстан шығуға мәжбүр болған. Өйткені, қос аяғынан айырылған арқасүйерін амалсыз қазір өзі арқасына көтеріп тасиды екен. «Қажып кеттім, тіпті құлап та қалдым, арқамның барлық жері көгеріп кетті. Мен мүгедек адамды бағып-қағу бойынша өтініш бермек болдым, емханада өтінімді онлайн рәсімдеуге болады деді. ХҚКО – ға бардым, маған 2 мыңға өтініш ресімдеп, 15 күн күту керектігін айтты. 15 күннен кейін нәтиже келіп, мені ХҚКО-ға қайта жіберді. ХҚКО-на 1414 нөмірі бойынша хабарласуға болады, мен 2 күн бойы қоңырау шалдым, оларда барлық уақытта желі бос емес. Содан кейін тағы да ұлыммен ХҚКО-ға бардым, 3 сағат отырдым, қызметкерлердің бірі бізге көмектесті. Содан кейін мені екі сағат бойы маман қабылдады, ол өтініш жіберуге көмектесті, бірақ құжаттар жеткіліксіз екендігі белгілі болды», – деген ол облыстық денсаулық сақтау басқармасының емдеу бөлімінің меңгерушісіне барған. Ондағылар Маржанды сәуір айында сәтін салса мәселесі шешілетінін айтып шығарып салады. Бірақ одан кейін жарты жыл өтсе де «жеке көмекші» ретінде әлі күнге дейін жәрдемақысын ала алмай, күндерін жылаумен өткізіп жүр. Жұмыссыз ретінде мемлекеттен алатын жәрдемақысы да қыркүйектен бері тоқтап қалыпты.
Ал ІІІ топтағы мүгедек Жанаргүл есімді келіншек жәрдемақыға қарамай қызы үшін кез келген жұмысты атқаруға даяр. Алайда қаладағы бірнеше жұмыс орнына барған оны «еңбек өтілің, жұмыс тәжірибең жоқ» деп кері қайтаратын көрінеді. «Апта сайын қалалық жұмыспен қамту орталығына тіркелуге шақыртады. Орталық жіберген жерге барсам, «сен құлап қалсаң, біз саған жауап бергіміз келмейді» деп жұмысқа алмайды. Мен қандай жұмыс болса да, қызым үшін көнемін, бәрін жасаймын десем де алмайды», – дейді көз жасына ерік берген Жанаргүл.
Мәліметтерге сүйенсек, елімізде 200 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат қана еңбек нарығында қызмет етеді. Сонда 360 мыңнан аса еңбекке жарамды мүгедек қоғамнан автоматты түрде шеттетілген. Еңбек кодексінде жарымжан жанды жұмысқа алғанда қойылатын арнайы талаптар болғанымен, ешқандай кедергі жоқ. Төрт жыл бұрын әрбір ұйымда және кәсіпорында мүмкіндігі шектеулі адамдар жұмыс істеуі тиіс деген заң қабылданды. Тіпті пайыздық мөлшері де анықталды. Егер ұйымда 50-ден 100-ге дейін адам жұмыс істесе, олардың 2 пайызын мүгедектігі бар мамандар құрауы керек. Ірі кәсіпорындарда – 4 пайыз. Алайда ірі компаниялар кемтарларды қызметке алуға құлықсыз.
«Алматы қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ бөлімінің маманы Динара Бейсенова қазіргі уақытта барлық ұйымдар осы қаулыларды сақтамайды, яғни жұмыс орындары туралы мәлімет бермейтінін айтады. 3000 кәсіпорынның ішінен тек 390 ұйым ақпарат береді екен. Алайда халықты жұмыспен қамту орталығы мәліметтерді ұсынбау және мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін белгіленген жеңілдікті орындамау жауапкершілікті көздейтінін ескертеді. Ал қайталап жасалған әрекеттер үшін айыппұл төлеуіне тура келеді.
Бірақ, ескертуді елең қылып жатқан ірі компаниялар жоқ. Өйткені, бұл біздің қоғамның мүмкіндігі шектеулі жандармен бірігіп еңбек ету тәжірибесінің жоқтығынан болып отыр. Осылай деген «Мүгедек жандардың құқығы жөніндегі комиссияның» жетекшісі, кәсіпкер Вениамин Алаев мынадай ұсыныс айтты: «Біз мұндай адамдармен бірлесіп жұмыс істеудің артықшылығын, бірінші, жалпы халыққа, кейін тікелей жұмыс берушіге түсіндіру керекпіз. Мысалы мүмкіндігі шектеулі маманның біліктілігін арттыратын курстарға баруы тегін болса, осындай қызметкерге жұмыс берген басшыға субсидия алуына жеңілдік болса, жағдай бірден түзелер еді», – дейді.
Оның айтуынша, тағы бір мәселе, қазір мүгедектер кредит тұрмақ, І және ІІ топтағы мүгедек жандардың көбі зейнетақы аударымдарының болмауына байланысты банктен несие де ала алмайды екен. Көз жанарынан айырылған жандар үшін депозит ашудың өзі мүмкін емес. Мәселен, көзі көрмейтін жандар қол қоюдың орнына «штамп клише» қолданады. Ал банктер оны ешқашан қабылдамайтын көрінеді.
«Мүгедектерді әрекетке қабілетсіз жан деп есептеу үлкен қателік. Банктер оларға клиент ретінде қарамайды. Банктерде мүгедек жандар үшін лайықты инфрақұрылым жасақталмаған. Бары тек мәжбүрліктен жасалған ғана. Содан да мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қаржы институттарының ғимаратына кіріп-шығу қиын. Арбада отырған жандар касса терезелерінің биіктігінен қиналады. Қызметкерлер мүгедектермен дұрыс қарым-қатынас та жасай алмайды. Олардың тауқыметін түсінбейді, арнайы терминологиядан бейхабар. Бұған қоса, банктер адамның сенімділігін мүгедектікпен байланыстырады да, мүмкіндігі шектеулі жандар кредитті ешқашан қайтара алмайды деп санайды. Мүгедек жанның тіпті кірісі бола тұрса да, ол кәсіпкерлікпен айналысса да, оның төлемдік қабілеттілігін есепке алмайды», – деп қынжылады Вениамин Алаев.
«Мен Алматыдағы зағип жандарға арналған кітапханада бөлім бастығы болып қызмет істеймін. Бірде маған банктен телефон арқылы хабарласып, жеңілдіктер туралы айтып кредит алуды ұсынды. Алайда менің І топтағы мүгедек екенімді естігенде лезде сыпайы түрде қоштасып, әңгімені үзе салды», – дейді мүмкіндігі шектеулі Нұрия Баймұратова. Үш баласымен мегаполиске көшіп келген әйелге баспананы туыстары кредитке алып беріпті. Себебі, өз атынан үйге несие рәсімдей алмайтын Нұрияға тіпті заттай тұтынушылық несие алуға да мүмкіндік жоқ.
Қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовтің айтуынша мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекет пен қоғамның қамқорлығында болуы тиіс. Дегенмен көп нәрсе адамның өзіне де байланысты екенін жеткізді. «Әлемдегі өркениетті елдердің барлығы да осындай ұстанымда. Бізде де жарымжан жандарды қолдау, қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз болмаса керек. Парламентте депутат болып жүргенде де осындай заңдардың қабылдануына қатысқаным бар. Кемтарлардың қатары күн санап көбеймесе, азайған жоқ. Себебі, тіршіліктің өзі жылдан жылға қиындап барады. Оларды қорғайтын, толыққанды, қалыпты өмір сүруіне мүмкіндік беретін, кепілдік беретін халықаралық заңдар, өзіміздің заңдар бар, мүгедектердің құқығын қорғайтын конвенция бар, неше түрлі бағдарламалар, жәрдемақы, зейнетақылар тағайындалған. Әлеуметтік қорғау туралы заңда да мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты нақты баптар бар. Бірақ өмірдің аты өмір, заң болғанымен барлығы бірдей мүлтіксіз жүзеге асып жатқан жоқ. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналасу жағы қинайды. Жұмыс берушілер заңдағы талапты орындамайды. Қазір көптеген кәсіпорындар жабылып, қызметкерлер қысқарып жатыр. Олардың жағдайы тіпті қиындап кетті. Олардың қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуі үшін жұмыс істеп, еңбек етуіне мүмкіндік беру керек. Олар да елдің дамуына үлес қосатын еді. Осының өзі оларға күш-қуат сыйлап, шабыттандыратыны ақиқат.
Солтүстік Қазақстан облысын алатын болсақ, біздің өңірде жарымжан жандарға көп көңіл бөлініп жатыр. Қаладағы көптеп салынып жатқан тұрғынүйлерге өзінің кезегі бойынша баспаналы болып жатқан мүмкіндігі шектеулі жандар аз емес. Сол секілді кәсіпорындар мен мекемелерде қолайлы жағдай туғызу үшін пандустар жасап жатыр. Екіншіден, қоғамдағы өз орнын табуына олардың өздеріне де көп нәрсе байланысты.
Кезінде Нұр-Сұлтанда тұратын Құланбай Жүребек деген азамат туралы «Жүректегі жанар» деген мақала жазғанмын. Сол кісі 4 жасынан екі көзінен айырылған. Бірақ тағдырдың сынағына еш мойымай, қайсарлығымен бүкіл қиындықтарды жеңіп отбасын құрды, балалы-шағалы болып, оларды ержеткізіп, жоғары білім алуына көмектесті. Адам айтса нанғысыз, бірақ сол Құланбай Зағиптар арасында велосипеттен Белоруссияда өткен халықаралық жарыста төртінші орын алды. Бішкекте шахматшылар арасында топ жарады. Спорттық гимнастикадан екінші разрядтың нормасын орындаған. Баян мен гитараға қосылып ән салғанда жұрт ұйып тыңдайды екен. Университет қабырғасындағы бір де бір концерт оның қатысуынсыз өтпеген. Университетті заңгер мамандығы бойынша бітіріп, ол қызметті де атқарған. Ондай адамдар аз емес. Мемлекет беретін мүмкіндікті ғана емес, мүмкіндігі шектеулі жандардың өз мүмкіндігін жүзеге асыруына мүмкіндік жасау керек. Ол үшін Құланбай секілді қайсар жандарды көптеп көрсетіп, өзгелерге үлгі етуіміз қажет», –дейді Жарасбай Сүлейменов.
Ж.МҮСІЛІМ