08-09-18 |
2390 рет қаралған
Ер мұғалімдерді жұмысқа тартудың жолы қайсы?.
Ер мұғалімдерді жұмысқа тартудың жолы қайсы?

Қазір ұлдардың тәрбиесіне, бозбалалардың сынық мінезіне, киген киіміне сын айтатындар аз емес. Шашын жалбыратып, тар шалбар, гүлді көйлек киген балалардың не қыз, не ұл екенін білмей дағдаратын кездер көп. Жарайды, бұл сырт келбеті делік. Ер балалардың үлкенге көмек көрсетіп, қолындағы ауыр сөмкесіне жармасатын кезі де сиреді. Қоғамдық көліктегі ұйқылы-ояу отырған жігіттердің жанына жақындаған қарияға орын ұсынбауы да тәрбиесінің жоқтығынан, ойының таяздығынан хабар берсе керек. Алайда, тәрбиеден кеткен қатені тек мектептің, мұғалімнің мойнына арту жөн болмас. Дегенмен, осы бір өзекті тақырыпты талдағанда тізбелеуге тиіс бірнеше түйткіл ойға оралады.

Бүгінгі күні еліміздегі ұстаздардың 90 пайызы – әйелдер, қалған 10 пайыз ерлердiң өзi – зейнет жасына жақындағандар. Кейбiр мектептерде тiптi ер адам атымен жоқ. Бұл шын мәнінде алаңдатарлық жағдай емес пе? Дәл осылай жалғасып кете берсе, елiмiздiң тәуелсiздiгiне де үлкен қатер. Мемлекет түгiлi, ұлт жойылып кетуi мүмкiн. Балабақшаға барса да, мектепте оқыса да, жоғары оқу орнында да тек әйел тәрбиесін көрген жігіттерден қандай азамат шықпақ?! Қазiргi кезде жалғызбасты аналар көбейiп барады, олардың балалары ер адамның тәрбиесiн көрмей өседi. Қыз балалар табиғатынан ерте есейедi, сабаққа да, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Сол себептi ұстаздары оларды сынып басшысы етiп тағайындайды. Осының кесірінен үйде де әйелдің ақылын тыңдаған ұлдар сыныпта да үнемi қыздардың үстемдiгiн көрiп өседi. Бұрын ер балалар мектепте ағайларға еліктейтін. Еркек деген кәдімгідей ес емес пе? Еркектің сесінің өзі балаларды сабасына түсіруге, қиыс кетпеуге себеп. Ал қазір кілең әйел адамның тәрбиесін көрген ұрпақтың ертеңін ойлаудың өзі қорқынышты болып тұр. Айналып келгенде мектепте ер мұғалімдердің жеткіліксіздігінің ұлт болашағына қауіп төндіріп тұрғаны байқалады.

Соңғы 10 жылдың iшiнде ер балалар қатты өзгерiске ұшырады. Олардың мiнезi, дауысы, жүрiс-тұрысы, дене бiтiмi нәзiктенiп барады. Сәл нәрсеге өкпелеп қалуы, әйелдер секiлдi керiсуге бейiм болуы, әскердегi қиындыққа шыдамауы және үйленген соң ата-анасын далаға тастап, әйелдерiнiң соңынан ерiп кетуi жиiледi. Әрине, жастардың бәрi солай деуден аулақпыз. Бiрақ қазiр бұрынғы жiгiттердей мәрттiк, қайсарлық, тектiлiк қасиеттер азайып барады. Тіпті бүгінгі күні қоғамға керексіз, әйелінің мойнында отырған ер-азаматтардың да санының артқаны байқалады. Көрші қытай елінің әлеуметтік желілерінің бірінде жазған пікірде «еркектер бұл мемлекетте патша, әйелдерінің асырауы мен қамқорлығына сүйенеді» деп пікір айтқанын жақында фейсбук әлеуметтік желісінен оқып қалдық. Өзіміз түгілі өзгелердің осындай пікір айтуы көп нәрсені аңғартса керек. Осылай жалғаса берсе, «ұзақ жылдардан соң, ер адамдар гендiк өзгерiске ұшырап, қызтекелер көбейiп, ұрпақ өсуiне керi әсер етуі әбден мүмкін» дейді мамандар. Расында да соңғы кездері қоғамымызда педофилдердің күрт көбеюі, гейлер санының артуы, қоғамымыздағы күн санап кеміп бара жатқан ер адам рөлінің төмендеуінен емес пе?

Бүгінде орта мектептерде ұстаздық ету тек әйел азаматтарға тән мамандық болып барады. Себебі соңғы жылдары мектептердегі ер мұғалімдердің саны күрт төмендеп кеткен. Бұл үрдістің бүгінгі күні тәрбие беру ісіне де айтарлықтай кері әсерін тигізіп отырғаны шындық. Мамандар мектептердегі ер мұғалімдер санының күрт азайып кету себебі ұстаздар жалақысының аздығынан деп санайды. Мұны бүгінгі күні Бас мұғалімнің өзі де жоққа шығармай отыр. Рас, жыл сайын ұстаздардың айлығы 25-30 пайызға көбейеді. Келер жылы тағы да 30 пайызға өсетіні сөз болуда. Алайда бұл «өсулер» жыртыққа жамау болмай тұр.

Профессор Ұлжалғас Есназарова қазір дәрігер мен мұғалімдер жалақысы аз болғанымен, арқалар жүгі ауыр мамандықтарға айналғанын, осының әсерінен мектептерде ер мұғалімдер саны азайып кеткенін алға тартып отыр. «Бұл – жақсы нышан емес. Мектеп білім беретін ғана орын емес, ол – тәрбие ошағы. Ал әр тәрбие ошағында, отбасындағы сияқты әйелмен қатар ер-азаматтардың да болуы қажет. Сондай-ақ қанша айтқанмен, кейбір пәндерден сабақ беруде ер-мұғалімдердің өзіндік артықшылықтары болады. Сондықтан біз ер-мұғалімдерді мектепке қайтарудың жолдарын қарастыруымыз керек. Отбасын асырауда негізгі күш ер адамдарға түсетін болғандықтан, көптеген ер-азаматтар мұғалімнің жалақысының аздығынан, бала-шағасын асырау үшін қызметін тастап кетіп қалды. Сондай-ақ бүгінгі қоғамда ұстаз жалақысының мардымсыз екенін түсінген жастар мамандық таңдау кезінде ұстаздықты таңдамайтын болды» дейді.

Мектептердегі ер мұғалімдер санының аздығы тек қана жалақыға байланысты емес. Мәселен, басқа қызметте де дәл сондай жалақымен жұмыс істеп жүрген ер-азаматтар бар. Алайда олар ұстаздықты емес, басқа қызметті таңдап отыр. Сондықтан, ең бастысы, бүгінгі күні қоғамда ұстаз атты маманның маңыздылығын арттыру қажеттілігі туындап отыр. Жалақының аздығы ер мұғалімдердің мектептен жеруінің бір себебі ғана. Шынтуайтына келгенде, мектептердегі ер-мұғалімдердің азаюына себеп өте көп. Сондықтан ұстаздарға барлық жағынан жағдай жасау керек. Соның ішінде, ең бірінші мәселе – оның жалақысын көбейту болса, екінші мәселе – ұстаз мәртебесін биіктету. Осының әсерінен орта мектепті бітірген талапкерлердің ішінде тек қыздар ғана педагогикалық мамандықты таңдайтын болды. Психолог Камила Адамбекованың айтуынша, ер балалардың тек әйелдердің ғана тәрбиесін көруі  олардың жаратылысына айтарлықтай зиянын тигізеді. «Қыз мінезділер» көбейеді, ұлдарымыз ұсақталып кетеді, босбелбеу, бойкүйездердің саны артады. Бүгінгі күні мектепте қылмыстың белең алуының да бір себебі, осы ер мұғалімдердің аздығынан. Азамат тапшылығының салдарынан ұрпақ тәрбиелеуде ұтыларымыз көп.

Бұдан 15-20 жыл уақыт бұрын мектептерде ер азаматтар аз да болса бар едi. Небiр сотқар қиын балалардың өзi ер мұғалiмдердi көргенде аяқтарын тартып, ұстаздардың алдында өздерiн жiгiттерше ұстауға тырысып бағатын. Соларға елiктейтiн. Ал қазір бiздiң балалардың тәрбиесi үйде де, мектепте де тек әйелдерге тиесiлi болып қалды. Дәл осы мәселе кезiнде Түркияда бой көтерiп, арнайы мамандар ер мұғалiмдердiң мектепте тұрақтамауының сырын зерттеген екен. Зерттеп қана қоймай, олар өз кезегiнде қажеттi шаралар қабылдапты да. Оларда мектепке ер адамдарды тарту үшін үстемеақы төледі. Сондықтан бізге де осындай жұмыстар жасалуы керек. Өйткені, әйел қанша мықты болғанымен, ер адамның орнын баса алмайды. Осыны түсінуіміз керек. Осыған орай, бұл мәселеге біздің елiмiздiң Бiлiм министрлiгi көңiл бөлсе, жөн болар едi.

Қ.Әбілова

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.