Еріктілердің халықаралық форумы өтеді. Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мәлімдеді.
«Бүгін Астанада бір топ волонтермен кездестік. Басты себеп – 20-21 маусымда Астана қаласында Халықаралық волонтерлер форумын өткіземіз. Ерікті жастармен осы жиынның жай-жапсарын талқыладық.
Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау туралы бастама көтерген еді. Осыған орай жылда елордада волонтерлер бас қосады.
Жалпы ағайын боп асарлатып, ұлт болып үме жасау, жұрт болып жұмылу қанымызда бар қасиет. Сондықтан осы жолғы жиынның бас сөзі #Тектегі_ізгілікті_оят деп алынуының өзі тегін емес.
Жиынға қатысуға қызығушылық танытқандардың көптігіне және волонтерлердің ұсынысына орай, өңірлік қатысушы-волонтерлерді іріктеу конкурсы өтті. Оның қорытындысына сәйкес 80 волонтер өңірлік делегаттар ретінде таңдалды. Сондай-ақ арнайы акциялар ұйымдастыру жоспарда бар. Алдағы уақытта Астанада Халықаралық волонтерлік орталық ашылатынын да атап өткіміз келеді.
Форумның дайындық жұмыстарына Қазақстандағы БҰҰ-ның Еріктілер бағдарламасының өкілдігі, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес Хатшылығы, «Ұлттық волонтерлік желісі» және басқа да волонтерлік және халықаралық ұйымдармен әріптестік қарым-қатынаста атсалысуда. Алыс-жақын шет елдерден, еліміздің барлық өңірлерінен делегаттар қатыспақшы», – деді министр.