arasha.kz

Ерлан Нұрғалиевке «Халық қаһарманы» атағын берсе де артық болмайды

Өркен Кенжебек, блогер:

«Қарағанды облысында киікті қорғаймын деп кісі қолынан қаза тапқан Ерлан Нұрғалиев туралы естігенде, осы эпизод есіме түсіп кетті. Бұл ағамыз кезінде ауылда участковый болып жұмыс істепті. Тәртіпке қатал болыпты марқұм. 13 қаңтарда Ерлан Нұрғалиев пен Пётр Ницык киіктерді жөн-жосықсыз атып жатқан браконьерлердің ізіне түсіп береді. Бақайшағына дейін қаруланған жауыз пәлелер атысады кәдімгідей. Сөйтіп, Ерлан Нұрғалиев браконьерлердің қолынан қаза табады. Денис Тен қайтыс болғанда, қабырғамыз сынардай қайғырып едік. Неге? Еліміздің атын әлемге шығарар жұлдыз сөнді деп жылағанбыз. Ал Ерлан Нұрғалиевті қайтыс болған соң танып жатырмыз. Себебі, «кішкентай адам». Былтыр Қорғалжын қорығына журналистер барғанда, фотоға осылай түсіріп алғанына да рахмет.. Бірақ, мемлекеттің ішкі тұрақтылығы осындай адамдардың еңбегінен тұнады. Тұрады. Қалай атасаңыздар да, өз еркіңіз.

Бұларды атып кеткен және атып кетуі мүмкін адамдар ертең-ақ шартты жазасын алып, қайтадан киік пен адам атып жүре беруі мүмкін. Ал бұлар мардымсыз айлыққа күндіз-түні қу жанын шүберекке түйіп, желдің өтінде, жердің сызында киік қарауылдап жүргені. Медаль да алмайды, марапат та бұйырмайды. Осындай жанқиярлықтың арқасында шығар, біздегі киік басының 215 мыңға жеткені… Марқұмның жаны жәннәттан болсын! «Халық қаһарманын» берсе де, артықтық етпейді»

 

Exit mobile version