arasha.kz

Ерлан Саиров: Ашаршылықты БҰҰ-да көтеру керек

Өткенде Нұр-Cұлтан қаласы әкімшілігі “Ақ жол” партиясының “Алашқа тағзым” атты ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған бейбіт шеру өткізу туралы өтінішін қанағаттандырмай, шеруге рұқсат бермеген еді. Бұл ел ішінде қызу талқыланды. arasha.kz осыған дейін ашаршылық құрбандарын еске алуға биліктің неге бейбіт шеру өткізуге рұқсат етпей отырғаны жайында Дос Көшім, Айдос Сарым, Досым Сәтпаев және Мұхтар Тайжанның  пікірлерін берген едік. Бұл жолы қоғам қайраткері, саясаттанушы Ерлан Саировтың ойын білдік.

Ерлан Саиров, саясаттанушы:

– Астана қаласының бейбіт шеруге неліктен рұқсат бермегенін білмеймін. Дегенмен 31 мамыр бүкіл Қазақстан бойынша аза тұту күні болу керек қой. Ол күні бүкіл Қазақстан халқы біріншіден ашаршылық, екіншіден репресия кезіндегі құрбандарға құран бағыштау қажет. Сонымен бірге бұл зобалаңның болашақта қайталанбауы жөнінде бір мәмілеге келіп отыру керек. Менің ойымша, бұл ұлттық дәрежедегі үлкен іс-шара болу керек. Келешекте солай болатын шығар. Бұл тарихи зобалаң жас ұрпаққа аманат.  Болашақта да осындай жағдайға түспеу үшін сабақ алып, жағдай жасау қажет. Бұл күнді жалпы ұлттық аза күні деп жариялаған дұрыс.

Еврейлер Холокосты атап өтеді, онда 5 миллион адам өлді деп жатады. Қазақтың ашаршылығы да одан кем емес. Сондықтан бұны халықаралық деңгейде БҰҰ-да көтеріп, осы мәселені жан-жақты талқылау керек. Елімізде ашаршылыққа арналған үлкен монумент болу керек. Содан кейін шамамыз жеткенше осы ашаршылыққа ұшыраған адамдардың аты-жөнін жинаған дұрыс. Әрине, бұл өте қиын,  ол кезде архив те жоқ, қазақтар ресми түрде тіркелмеген. Дегенмен қанша қазақ  о дүниеге кетіп қалды соны жасауға тырысуымыз керек. Оның үстіне әрбір облыста ашаршылыққа арналған табличкалар жасау қажет. Бұл мемлекеттік емес халықаралық деңгейдегі іс-шара болу керек.

Бұл тақырыпты қоғам әрқашан көтеріп отырғаны жөн. Халық әрдайым қозғап отыратын болса оған мемлекет те араласады. Сондықтан қоғам болып ұйымдастыру қажет. Қазір дегенмен бұл тақырып көтеріліп жатыр, түрлі фильмдер түсірілуде. Солардың ғылыми ауқымын кеңейтіп, халықаралық конференцияларда көтеріп, дүниежүзілік ғылымға енгізу қажет. Атқарар жұмыс әлі көп.

Exit mobile version