«Үлкен өмірге» отбасын құрып, ана атануға асығатын жасөспірімдер аз емес. Олар мұндай қадамға кейде мәжбүрліктен, кейде қызығушылықтан барып жатады. Жасөспірімдердің мұндай қадамы кейін ауыр салдарға соғып жататыны да жасырын емес.
Әсіресе, діни ұстанымына берік отбасылар қызын балиғат жасқа толтыра салып, тұрмысқа беруге әуес. Мұндай отбасында мұсылмандық дәстүрі дәріптеліп, демократиялық мемлекет қағидалары қалтарыста қалатындықтан, қыздардың өзі ерте жасынан некесін қидыруға қарсылық білдіре қоймайды. Әлі оң-солын толық танып білмеген қыздың ертең біреудің бабын тауып, ұрпақ жалғастыруда қиындыққа тап болатыны да көп ойландырмайды. Жастайынан бөтен шаңырақтың табалдырығын аттап, өзге үйдің тәртібіне бой ұсынған қыздардың жасық, жасқаншақ болып қалатынын да мамандар жасырмайды. Ауылдық жерде өзара келісіп жастарды қосып жатқандар да бар. Көбінесе мұндай мәселе жасырын түрде іске асып, қызды кешкі мектепке немесе 9 сыныптың аттестатымен жібере салу арқылы жүзеге асып жатады.
Ал қазақстандық заңнамаларға сәйкес, неке қию үшін екі міндетті талап қажет. Біріншісі, некеге тұрушылардың өзара келісімі болуы маңызды. Екіншіден, жұптардың неке жасына жетуі сұралады. Соның ішінде, қыздардың некеге өз еркімен келісім беруі басты назарда ұсталады. Егер қыздың ықтиярынсыз, күштеп некеге тұрғызған жағдайда, кінәлілер қатаң жауаптқа тартылып, қиылған некенің заңды күші жоқ деп танылады. Неке жасына келетін болсақ, біздің елімізде отбасын құрғысы келетін қыздың да, жігіттің де жасы 18-де болуы керек. Дегенмен, соңғы жылдары «өз келісімімен жауапты шешім қабылдағанын» айтып, ата-анасының келісімін алған жасөспірімдердің некеге тұруы жиілеген. Еліміздің заңнамасына сәйкес, дәлелді себептер болған кезде неке жасы 16 жасқа дейін, ерекше жағдайларда одан да төмендетілетіні белгілі. Мұндайда жас қыздардың жүкті болып қалуы негізгі себептің бірі ретінде қалып отыр.
Мысалы тек Солтүстік Қазақстан обылысының Азаматтық хал актілерін тіркеу органдарында биылғы жылы неке жасын төмендетумен 23 неке қиылған. Осындай некелерді тіркеудің жоғарғы пайызы, әсіресе, Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Алматы облыстарында орын алған. Қыздардың жастайынан өз орнын табуын құп көретіндер үшін бұл алаңдарлық дерек емес. Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі Ғалия Қайдауылқызы ерте некенің пайдалы да, зиянды да тұсы бар екенін жасырмайды. «Халқымыз «он үште отау иесі» деп ұл-қызын дер кезінде құтты орнына қондыруды мақсат еткен. Ал, қазір үлкендер мұндай мақсат қоймаса да ерте есейіп, етегін жаппаған қыздардың жүкті болып қалуы жиіледі. Мұндайда қызды тұрмысқа бергеннен басқа амал жоқ. Әйтпесе, ертеңін ойлаған жеткіншектер не түсік жасатып, не өз-өзіне қол салуда. Ұлттық тәрбиеміздің әлсіреп, балаларды еркін жібергеніміздің, еліктеудің салдарынан біз мәселені күрделендіріп алдық. Егер неке жасын төмендетсек, түсік жасататындар санын азайтып, жастардың жарасымды отбасы құруына ықпал етер ме едік» дейді тәжірибелі педагог.
Таяқтың бір ұшы болатыны сияқты, жастардың ерте бас қосуы берік отбасының да кепілі болуы мүмкін. Бірақ, медицина мамандарының айтуынша, әйел адамның бала туу жасына лайық физиологиялық ерекшеліктері болады. Мәселен 13-15 жасында жасөспірімдердің бала туу қабілеті толықтай пісіп жетіледі деу қате. Ол кезде жасөспірімнің өзі әлі бала ғой. Ерте жастан аяғы ауырлаған соң олардың өміріне де қауіп төнуі мүмкін. Статистикалық деректерге сенсек, уақытында тұрмысқа шыққан аналардың сәбиіне қарағанда кәмелетке толмай бала көтерген жас аналардың сәбиінің көз жұму қаупі 60 пайызға жоғары екен. Қыз балалардың ертеңіне алаңдаған БҰҰ Халықты қоныстандыру қорының Алматыдағы өкілдігі БҰҰ Балалар қоры және Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдеріндегі әйелдердің БҰҰ суб-аймақтық офисінің ұйымдастыруымен былтырғы жылы алғаш рет «Халықаралық қыз балалар күнін» атап өтілген еді. Және осы шараны дәстүрлі түрде ұйымдастыру үшін 11-қазанды арнайы дата ретінде белгілеген. Алғашқы жиынның тақырыбы да әлем елдері үшін маңызды. «Балалар некесіне жол жоқ!» деген мәселе басты назарға шығарылған басқосуда балалар құқығы, ерте некенің зияны нақты мысалдармен тәпсірленген болатын. Шындығында Дүние жүзінде қаншама қыз күн сайын кемсітушілік пен зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Ерте жастағы неке балаларды балалықтан айырады, білім алуына кедергі келтіреді, мүмкіндіктерін шектейді, зорлық-зомбылық және күш қолдану тәуекелдерін арттырады, денсаулығына қауіп төндіреді. Тағы бір белгілісі, балалар некесі саны жағынан аз этникалық ұлттарға тән. Әсіресе, күрд, түрік, тәжік, ұйғыр халқының қыздарды ерте жастан құдаласып тұрмысқа беретіні байқалады. Статистикалық деректер кәмелетке толмай некеге тұрған қыздар тұрмысқа шыққан қазақ әйелдерінің жалпы санының 0,64 пайызын құрайтынын көрсетіп отыр. Ал, Әділет министрлігінің өкілдері соңғы он жылда кәмелеттік жасқа толмаған 30 мыңнан аса қыз бала тұрмыс құрып, некесін тіркеткенін жария еткен. Бұл тек ресми дерек. Ал бейресми деректер қаншама? Әрине, бұл басқа елдермен салыстырғанда айтарлықтай аз.
Өйткені, Біріккен Ұлттар ұйымы әлем бойынша жыл сайын 10 миллион кәмелеттік жасқа толмаған қыз баланың күштеу мен зорлық-зомбылықтың салдарынан тұрмысқа шығатынын алға тартқан. Әлемде 20 жастан 24 жасқа дейінгі жас келіншектердің 10 пайызы 15 жасқа толмай күйеуге шыққан. Тіпті Африка аумағы, Үндістанда бұл көрсеткіш 30 пайызды құрайды екен. Сондықтан, халықаралық сарапшылар ерте некенің пайдасынан гөрі залалы басым екенін айтып дабыл қағуда. Соның ішінде ерте тұрмыс құрған қыздардың білім алуға мүмкіндігі болмайтыны мәселенің үлкені десек қателеспейміз. Шынында, өзі сауатсыз ананың ертең қандай ұрпақ тәрбиелеуі мүмкін? Еліміздің Ата заңында әрбір қазақстандықтың тегін білім алуға, тегін медициналық көмек алуына тең мүмкіндігі бары жазылған. Жас қыздар осы Конституция кепілдік еткен игілікті де пайдалана алмай отырған жоқ па?
Яғни бұл қыздардың негізгі құқықтарының бұзылуына алып келеді әрі келешекте олардың экономикалық және әлеуметтік жетістікке қол жеткізуіне кедергі келтіреді. Жалпы, өзіне қарсы зорлық жасалып, күштеп тұрмысқа шыққанымен, қоғамнан қалай көмек сұрауды білмейтін жасөспірімдер де жетерлік. Олар осы сауатсыздығынан өмірден опық жеп жатады. «Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағының» президенті Зүлфия Байсақова да мұндай жағдаймен бірнеше рет бетпе-бет келгенін. Осыған орай, шарасыз қыздарға көмек көрсету үшін орталық тарапынан балаларға арналған 150 нөмірлі сенім телефоны іске қосылған. Қазіргі күні ата-анасынан жәбір көріп, көмек сұрағандар осы нөмірге жиі қоңырау шалады. Мәселен, биылғы жылы орталыққа 150 мың қоңырау түссе, соның үш мыңында қыздар жәрдем сұраған.
Сондықтан, отбасындағы, мектептегі тәрбиені назарда ұстап, құқықтық сауаттылықты арттырып, жас қыздардың ерте тұрмысқа шығуының алдын алған маңызды. Бұл қыздардың құқықтарын қорғауға, оларға қатысты зорлық-зомбылықты азайтуға, ерте жүктілікті болдырмауға, АИТВ жұқтыруға, ана өлімі мен мүгедектікті, сондай-ақ босанғаннан кейінгі терең жараның алдын алуға ықпал етеді. Кәмелетке толғаннан кейін некеге тұрған қыздар оқуға мүмкіндік алады, лайықты білім алады, сол арқылы өзі және өзінің отбасы үшін жақсы өмір сүру үшін берік негіз қалайды, сол арқылы өз елінің дамуына келешекте үлес қосатын болады.
Осыған орай, ел үкіметі мен азаматтық қоғамдар бірлесіп ата-аналар, балалар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, балалар некесіне қарсы күресте күш біріктіргені жөн.
Перизат Асхатқызы
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024