Ерте жүктілік дегеніміз, 13 пен 18 жас аралығындағы қыздардың бала көтеруі. Осы уақытта қыз балаларда өтпелі кезең жүріп, гармондық өзгерістер бола бастайды. Қыз бала өтпелі кезеңде бала көтере алғанымен жүктілік пен босану оның ағзасына өте ауыр тиеді дейді дәрігерлер. Оның үстіне жасөспірім кезде балалар психо-эмоционалды тұрғыда әлі тұрақталмаған тым жас болып келеді. Бір сөзбен айтқанда, оң-солын танып үлгермеген жас қыз үшін бұл көтеруі неғайбыл жүк. Алайда ащы да болса шындық, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша жыл сайын 16 млн. жасөспірім қыз жүкті болып қалады.
«Баланы қабылдамай қойды»
Эльвира (есімі өзгертіліп алынды) Алматыға жақын аудандардың біріндегі балалар үйінде өскен. Тоғызыншы сыныпты бітіріп, Алматағы колледжге оқуға келеді. Бірінші курс оқитын қыз төртінші курстағы сымбатты жігітке ғашық болып қалады. Жігіт те кетәрі емес. Екеуі кездесіп жүреді. Жігіт оқуын бітіріп, әскерге кетеді. Сол кезде Эльвира аяғы ауыр екенін біледі. Бірнеше ай жүкті екенін ешкімге айта алмай жүреді де, ақыры батылы жетіп, жігітіне телефон шалады.
– Мен қоңырау шалып оған аяғым ауыр екенін айтқанда ол бірден бала менікі емес. Кімнен жүкті екеніңді қайдан білемін? Мен әскерде жүргенде басқа жігіт тауып алған шығарсың, – деп намысына тигенін айтады.
Эльвира сол жігіттен басқа ешкіммен кездеспегенін түсіндіріп, сендіре бастағанда жігіт отбасын құрып, әке болуға дайын емес екенін айтып түсік жасатуын сұраған.
– Түсік жасатсам кейін ешқашан бала көтере алмай қалуым мүмкін екенін білемін ғой. Түсік жасатпаймын, босанамын деп бірден айттым. Сосын өзімнің туған әпкеме айттым. Ол кезде мен әпкемнің үйінде тұратынмын. Ол жаңалықты ести сала қатты ұрысты. Баланы қабылдамаймын деді. Сосын балаңды маған бер, мен асырап аламын, ал сен түк болмағандай сыңай танытып жүр деді. Егер ол менің баламды асырап алатын болса, заң жүзінде алдымен перзентімді сәбилер үйіне өткізуіме тура келеді. Сәбилер үйінен әпкеме баланы асырауға бере ме, жоқ па белгісіз. Өзім балалар үйінде өскендіктен баламды сәбилер үйіне өткізуден бас тарттым. Босанып, өзім өсіремін дедім. Әпкем оған қарсы болды. Содан кейін екеуміз ұрсысып қалдық та, мен үйден кетіп қалдым. Босанатын уақыт таяп перзентханаға барғанда қатты уайымдадым. Не үйім жоқ, не жұмысым жоқ, оқуымды әлі аяқтамағанмын, өзім енді ғана 16 жасқа толғанмын. Перзантханадан шығып қайда барамын, баламды қалай асыраймын деп ойлаумен болдым. Сол кезде перзентханада істейтін бір кісі «Ана үйі» деген жер бар, сен сияқты баратын жері жоқ жас аналарға көмектеседі деп айтты. Содан «Ана үйіне» хабарласып, жағдайымды айттым. Орталықтың координаторы келіп, әңгімелестік. Сосын осы жерге уақытша тұру үшін көшіп келдім, -дейді сұхбаттасымыз.
Эльвра босанғалы «Ана үйінде» тұрады. Әпкесімен әлі де сөйлеспейді, араласпайды. Өкпесі әлі тарқамаған. Оның осында тұрып жатқанына екі жыл болыпты. Кішкентай баласы қазір бала бақшаға бара бастады.
«Мектептерге барып, жыныстық тәрбие туралы лекция оқимыз»
«Ана үйі» әр түрлі қиын жағдайға тап болған жас босанған аналарды уақытша тұрғызып, қол ұшын созатын мекеме. Мақсаты – қиындыққа тап болған жас аналардың баласын тастамауына ықпал ету. Тастанды балаларды болдырмау. Осы уақытқа дейін «Ана үйі» жұмыс істеген тоғыз жылда Қазақстандағы 18 қалада орналасқан барлық үйлерде 5700 әйел тұрып кеткен екен.
Дәрігерлердің дерегі бойынша, қазіргі күні елімізде 14 жастағы жасөспірімдердің 10 пайызы, 15-17 жастағы балалардың 21 пайызында жыныстық тәжірибе бар. Ал жасөспірім қыздардың жасанды түсігі біздің елде Еуропа елдерінен 3-4 есе көп екен. Осындай адам шошырлық статистикаға жетіп отырғанымызға қарағанда «Қызға қырық үйден тыйым» деген тәрбие аздық етіп отырған сыңайлы. Ерте жүктілік отбасы поблемасы болатын деңгейден баяғыда өтіп, бүкіл қоғам дабыл қағатын мәселеге айналған сыңайлы.
«Ана үйі» координаторы Аминат Сейпуллаханқызы ата-аналардың көбі балаларымен жыныстық тәрбие туралы сөйлесуге ұялады дейді. Маман ерте жүктіліктің алдын алу үшін мектептерге барып, жыныстық тәрбие туралы лекция оқимыз, түсіндіру жұмыстарымен айналысамыз дейді.
– Жоғарғы сынып оқушыларына барлығын айтып, түсіндіреміз. Лекцияға психолог, медбике, сынып жетекшілері, барлығы қатысады. Түсіндіру жұмыстарына арналған роликтеріміз де, слайттарымыз да бар. Менің бір риза болғаным бір-екі мектепте ата-аналарға да осы тақырып туралы айтып беруімді сұрады. Ата-аналар жақсы қабылдады. Бас кезінде қабылдамай ма деп қорыққанбыз. Ата-аналардың жасы әр түрлі. Арасында үлкендері де, жастары да бар. Біз тек қыздармен ғана емес, ұлдармен де жұмыс істейміз. Бір таңқалғаным, қыздарға қарағанда ұлдарда сұрақ көп. Ал қыздар мұғалімдерінен, психологтарынан ұялып, сұрақ қоймауы мүмкін. Сол кезде мұғалімдерін шығып кетуін сұраймын. Қыздарға әңгімеміз осы жерде қалады, ешкімге айтпаймыз, ешкім суретке түсіріп, видеоға жазып алмайды қорықпаңдар деймін. Сол кезде қыздар ашылып, сұрақтарын қоя бастайды, -дейді «Ана үйі» координаторы.
«Баланы жоспарлау қажет»
Репродуктолог дәрігер Аяулым Берікболқызының сөзінше, ерте жүктілік тек физикалық тұрғыда ғана емес, психологиялық жағынан да қыз балаға ауыр тиеді.
– Барлығы өз уақытында болуы керек. 18 жасқа дейін қыз болса да, ұл болса да ағзасы жетіліп бітпейді. 18 жас деп бекер айтпайды. Адам балиғат жасынан асқаннан кейін ғана ана атануға дайын болады. Ерте босанған қыздарда қан кетуі мүмкін, тіпті жатырынан айырылып қалу жағдайлары да кездеседі, басқа да қауіпті жағдайлар болып жатады. Олардың дене бітімі де жүктілікке дайын болмайды. Жамбас сүйегі кішкентай. Қандай да бір асқынулар болса үлкен стресс, депрессияға алып келуі мүмкін. Ондайды бастан өткізу балаға тіпті ауыр соққы. Оның психологиясында өзгерістер пайда болады. Тіпті босанған күннің өзінде ол балаға қалай тәрбие береді, қалай асырап жеткізеді? Оның өзі бала емес пе?! Тіпті кәмелет жасына толып, тұрмысқа шығып бала көтерген күннің өзінде баланы жоспарлау керек, -деген дәрігер бала дүниеге келгеннен кейін толыққанды отбасында, жақсы жағдайда өсуі қажет екенін айтады.
Балаға жыныстық тәрбие берудің маңыздылығын дәрігер былай түсіндірді.
– «Нәрестесін қоқысқа тастап кетіпті», «далаға тастап кетіпті» деген түрлі ақпараттар естіп жатырмыз. Мұндай әрекетке көп жағдайда ерте босанып қалған, тұрмысқа шықпаған қыздар барады. Себебі олардың психологиясы әлі тұрақсыз. Олар әлі бала болғандықтан мұндай проблеманы өздері шеше алмайды. Сондықтан осындай қателікке барады. Жасөспірім балаға бәрін айтып, түсіндіріп, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айтып отыру керек. Әр ата-ана өз баласына жауапты, -дейді Аяулым Берікболқызы.
Мамандардың айтуынша «Қыздың өзі үйде, қылығы түзде» болмас үшін, от басып болашағына балта шаппас үшін әр ата-ана, мектеп мұғалімдері мен психологтары олармен сенімді қарым-қатынас орната білуі керек. Қателігі үшін жазғыру орны толмас қайғыға әкелуі де мүмкін. Қазіргі ақпарат заманында ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін саралап, сараптауға, шешім қабылдағанда ойлануға үйретуін заманауи тәрбие деуге келетін шығар. «Ұлы сөзде ұяттық жоқ» деп ата-бабамыз айтқандай заман ағымына қарай қыз баламен қатар ер балаға да жыныстық тәрбие беру маңызды. Ұлдардың да әдептен аспай, әр іс әрекетіне жауапкершілік алатын азамат болуына ықпал ету керек. Ел болашағы жастарда екені рас.
фото Данияр Мүсіров/vlast.kz