26-06-24 |
4350 рет қаралған
Ертеңгі ұлттың келбеті –  бүгінгі тәрбиенің көрінісі.
Ертеңгі ұлттың келбеті –  бүгінгі тәрбиенің көрінісі

Жапондардың бала тәрбиелеудегі ұстамдылығына, қытайлардың қаталдығына, корейлердің ізеттілігіне таң қалып жатамыз. «Біз де солардай болсақ, балаларымызды солар секілді тәрбиелесек» деп армандаймыз. Алайда қазақтың ұлттық тәрбиесі, ұстанымы олардан бір мысқал да төмен емес. Тәрбиені ақсатып отырған өзіміз. Біз әркімге еліктейміз деп өзіміздің ұлттық болмысымыздан алыстап барамыз. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Бауыржан Жандарбек ұлттық тәрбиені насихаттау, қазақтың салт-дәстүрін таныту бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп жүрген ұлтжанды азаматтың бірі.

–  Бүгінгі біздің берген тәрбиеміз – ертеңгі ұлттың келбеті. Көрінгенге еліктеуден ұтарымыз шамалы. Мысалы тәуелсіздікке дейінгі балалар тәрбиесі мен тәуелсіздік жылдары тәрбиесінің негізі қаланған балаларды салыстырыңызшы. Аралары жер мен көктей. Бұрын ұлттық тәрбиенің колориті басым еді. Әр баладан ұяңдық, ұстамдылық, үлкенге деген құрмет, кішіге деген ізет байқалып тұратын. Өйткені, қазақы тәрбиенің өзі сыйластыққа, бауырмалдыққа, кешірімшілдікке, жанашырлыққа, әділдікке негізделген ғой. Ал қазіргі балалар өзімшіл, менікі дұрыс, басқаныкі қате деуге бейім. Әрине, балалардың еркін өскені, ой-пікірін ашық айтқаны, көзқарасын батыл қорғағаны жақсы. Бірақ, еркіндіктің кейде есерлікке ұласатын кездері көп. Ол үшін еркіндіктің артында ұлттық тәрбиенің тамыры жатуы керек, – дейді Бауыржан Жандарбек.

Заң ғылымының докторы өз шәкірттеріне ғана емес, өзі тұратын аудандағы білім ордаларының оқушыларының да ұлттық тәрбиеден, қазақы болмыстан алыстамауына мүдделік танытып, тағылымды істердің басы-қасында жүруді жөн көреді.

– Бала деген сәмбі тал, жел қалай соқса солай қарай иіледі. Сондықтан, оған әсер ететін тәрбие-тәлімнің салт-дәстүрге, ұлттық нақыштарға негізделгені абзал. Біз баланың тәрбие негізі қаланатын уақытты назардан тыс қалдырмауымыз, бала тәрбиесіндегі басты ұстанымды уысымыздан шығарып алмауымыз керек. Балаға үлгі болатын, өнеге көрсететін адамды да асқан жауаптылықпен таңдағанымыз дұрыс. Мәселен ұлт анасы атанған жазушы, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметованың жас ұрпаққа үйретер білімі, берер тағылымы мол. Осыны ескере отырып Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы бірнеше мектепке барып, басшылыққа Зейнеп апамызбен кездесу ұйымдастыру туралы ұсынысымызды айттық. Даңқты батыр Бауыржан Момышұлының келіні болған Зенеп Ахметваны білмейтіндер аз. Әсіресе, ұстаздар қауымы Зейнеп Ахметовамен көзбе-көз жүздесіп, салиқалы әңгімесін тыңдауға аса қызығушылық танытты, – дейді Бауыржан Жандарбек.

Еліміздегі жоғары білімнің қара шаңырағы саналатын ҚазҰУ-да ұстаздық ететін Бауыржан Жандарбек Зейнеп Ахметованың шығармашылығымен жақсы таныс. Оның үстіне, жазушының соңғы жылдары бала тәрбиесі, ұлттық дәстүрге байланысты терең ізденістер жасап, қазақтың ұлттық болмыс-бітіміне байланысты тамаша тұжырымдарымен бөлісіп жүргенінен де жұртшылық хабардар. Осыны ескерген ҚазҰУ ұжымы бұған дейін бірнеше рет жазушы апамызды қонаққа шақырып, еркін форматта ашық әңгіме өткізген екен. Осындай кештер діни жоралғыларды ұстанып, жат ағымның жетегінде жүрген талай жастардың көзқарасын өзгертуге көмегін тигізген екен.

– Мектеп ұжымдарымен сөйлескенде кімнің кездесуге келетінін, қандай тақырыпта әңгіме өрбітетінін сұрайтыны ұнады. Бұл білім ордаларына кез келген адамның насихат айтып, уағыз жүргізіп кетуінің алдын алу үшін керек. Ал Зейнеп апамыздың әңгімесі тағылымды, көргені көп, көңілге түйгені мол. Сонда да болса, мектеп басшылары ұлттық тәрбиедегі осал тұстарымызға басымдық беруді, балаларға өзге ұлттың құндылығынан өзіміздің тарихымыз бен салт-дәстүріміз әлдеқайда бағалы екенін түсіндіруді сұрады, деген Бауыржан Жандарбек үлкен өмірге қанат қаққалы тұрған жас буын кездесуден көп мәлімет, маңызды деректер алғанын айтты.

Зейнеп Ахметова кездесу барысында ұлттық тәрбиенің қайнар көзі саналатын бабалар аманатын сақтаудың, ұрпақтар үндестігін үзіп алмаудың маңызына тоқталды. «Тәуелсіздік – ата-бабамыздың өшпес мұрасы болған батырлық пен ұлттық болмысқа тән ерекшелікті айқындауға мүмкіндік туғызды. Бүгінгі біз берген тәрбиенің көрінісі ертеңгі ұлттың келбетінен көрінеді. Бүгінгі отбасындағы тәрбиеде жіберген қателігіміз ертең ұлт болмысынан байқалады. Осыған орай ата-аналар отбасындағы тәрбиені босаңсытпай, ұстаздар қауымы тек сапалы білім берумен шектеліп қалмай, ұлттық дүниетаным мен елдікті, ұлттық болмысты сақтауға, адамгершілік пен жанашырлық, ізгілік пен мейірімнің, ұлт ретінде діл мен діннің қадір-қасиеті мен қоғамдағы ықпалы туралы бағыт-бағдар беруі тиіс, – Зейнеп Ахметова. 

Сыр-сұхбат барысында оқушылар да ойында жүрген сұрақтарды қойып, соған орай қоғамдағы болып жатқан көңіл аударарлық өзекті мәселелер жайы талқыға салынды. Мысалы, қыз-келіншектердің «шалбарлану» мәселесі де кездесуде жан-жақты сөз болды. Зейнеп апайдың айтуынша, үнемі шалбар киіп үйренген қыздардың жүріс-тұрысы еркектерге тән өзгеріске ұшырайды. Ал көйлек қыз мүсініндегі кемшілікті жасырады,  қыздардың қысылмай, еркін жүруіне көмектеседі. Көйлек нәзіктік береді, көйлекте әдемілік бар. Сонымен бірге, Зейнеп Ахметова өзге елдердің діни ұстанымын басшылыққа алып, қара жамылып, тұмшаланып жүретін қыз-келіншектерді де сынға алды. «Өрімдей жас қыздардың, енді ғана отбасын құрған келіншектердің бастарына қап-қара орамал тартуы, сөлпеңдеген қап секілді киім киіп жүруі қоғамда таңсық болмай қалды. Бұл ата-бабамыздан қалған салт емес. Қазақтың қыз-келіншектері ешқашан қара орамал тартқан емес. Күйеуі қайтыс болғанда ғана әйел қара орамал тартып, шашын бос жіберу – қайғы жұтып отырғанының белгісі болатын. Ал енді басқа жағдайдың барлығында келіншектер, апа-әжелеріміз ақ түсті орамал, сәукеле, кимешек т.с.с. киген» деген жазушы ұлттық болмысымыздан қол үзудің соңы ұлтқа қасырет екенін жеткізді.

      Зейнеп апаның әңгімесін оқушылармен қатар, олардың ата-аналары да, ұстаздар қауымы да ұйып тыңдады. Қатысушылар кездесуден үлкен тағылым алды. Мұндай ұлттық салт-дәстүрімізді түгендейтін, ұлттық болмысымыздың қыр-сырына үңілтетін кездесулердің жас ұрпаққа берері мол. Сондықтан, балаларға ел алдында жүрген, айтары бар аға-апалармен жиі кездесулер ұйымдастырып, тағылымды әңгімелерін көзбе-көз насихаттаудың тиімділігі зор болмақ.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.