Бұған дейін Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев FlyArystan-ға шағымданған болатын. Ол өзінің Facebook парақшасында компанияны «жолаушылармен жұмыс істеуді білмейтін» және «жауапсыз тасымалдаушы» деп сипаттаған еді. Пономаревтың айтуынша, рейс ұшуға 8 күн қалғанда белгісіз себеппен 10 сағат 45 минутқа шегерілген. Бұл туралы жолаушыға алдын ала ескертілмеген, кешірім де сұралмаған.
Осы жайтқа қатысты әуекомпаниясы пікір білдірді.
«Жолаушы Сергей Пономаревтің рейсінің ұшу уақытының өзгеруі өндірістік қажеттілікке байланысты орын алғанын хабарлаймыз. Атап айтқанда, бұл – Қазақстандағы бірқатар ішкі әуежайлардың жабылуы нәтижесінде маршруттық желіні оңтайландыруға байланысты рейстердің тоқтатылуын болдырмау мақсатында жүзеге асырылды», — делінген хабараламада.
Мұндай жағдайда әуекомпания жолаушыларға балама қызмет таңдау мүмкіндігін беретіні айтылған: жақын арадағы қолжетімді рейске тегін бір реттік қайта брондау немесе толық ақшалай қайтарым. Ол үшін билетті сатып алу арнасын хабарласу қажет. Осы ретте, билетті қайтару немесе ауыстыру жаңа билетті рәсімдеу құнымен теңдігі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қолжетімді өтемақы түрлері мен қызметтер туралы толық ақпарат жолаушыларға жіберілетін хабарламада көрсетіледі.
«2025 жылғы 11 маусымда, сағат 14:09-да Сергей Пономарев біздің байланыс орталығы арқылы тегін қайта брондау қызметін пайдаланып, бастапқы рейстен екі сағат 20 минут ертерек ұшатын рейсті таңдаған. Келтірілген қолайсыздықтар үшін шынайы кешірім сұраймыз және мұндай өзгерістер жолаушылардың жоспарына әсер етуі мүмкін екенін түсінеміз. Сондықтан әуекомпания жолаушыларды брондау кезінде көрсетілген байланыс деректері арқылы мүмкіндігінше ерте хабардар етуге бар күшін салады», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, жолаушылардың сапарларына қатысты жоспарларын өзгертуі мүмкін жағдайларды ескере отырып, билетті сатып алу кезінде «Икемді» тарифін таңдауға болатынын еске салды. Бұл тариф билет құнын қайтаруға немесе рейсті ауыстыруға мүмкіндік береді.
«Қолжүгін тасымалдау ережелеріне келер болсақ, FlyArystan әуекомпаниясы лоукостер үлгісімен жұмыс істейтінін ескере отырып, әр жолаушыға салмағы 5 кг-нан және өлшемдері 56×23×36 см-ден аспайтын бір ғана қолжүгін алып жүруге рұқсат берілетінін хабарлаймыз. Жолаушының алып жүрген барлық заттары (сөмке, қалта, дорба және т.б.) қолжүгі ретінде есептеледі. Өлшемдер нормадан асқан жағдайда, қолданыстағы тариф бойынша 10 кг үшін белгіленген ақы алынады», — делінген хабарламада.