Әлемдік пандемия Қазақстанның газ өндіру саласына да кері әсерін тигізді. Көгілдір отын мұнаймен бірге өндірілгендіктен оған деген сұраныс пен бағаның құлдырауы қатар жүріп отырады. Көршілес Қытай да биыл әлем елдерінен құбыр арқылы сатып алатын газ импортын 23% азайтты. ОПЕК-тің мұндай өндіруді азайту туралы шешімі тағы бар. Осы факторлардың барлығы еліміздің газ экспортынан алатын табысын төмендетіп жіберді. Бұған дейін ішкі нарықтың шығыны мен әлеуметтік міндеттемелерді сырттан түскен қаржымен жауып отырған ұлттық оператор – «ҚазТрансГаз» компаниясы енді қыруар шығынға батты. Егер жағдай осылай жалғаса берсе еліміздің аймақтарында газ тапшылығы болуы мүмкін. Ал, стратегиялық маңызы бар көгілдір отын болмаса халықтың қиналатыны сөзсіз. Бұл мәселеге байланысты ауылдың қарапайым тұрғындары мынандай пікір білдірді.
– Егер газ тапшылығы болса біздің қыста жылусыз қалатынымыз анық. Ауыл жұртының көбі көгілдір отын келгеннен бері құдықты пештерін бұзып, үйді газбен жылытатын болған. Қазір бағасы электр қуатынан арзан болғандықтан шәйді соған қайнатып, тамақты да сонда пісіреміз. Көгілдір отынды пайдаланғанымыз үшін жазда айына 2 мың, қысқы жылыту маусымында 15 мың теңге көлемінде ғана ақша төлейміз. Бұл көмір сатып алып от жаққанға қарағанда анағұрлым арзан. Оның үстіне от жағып, күл шығарып бейнет көрмейсің. Сондықтан біз үшін газ өндіру компанияларының тұрақты жұмыс істеп тұрғаны керек, – дейді Алматы облысы, Іле ауданы, Байсерке ауылының тұрғыны Бибігүл Дәулетқызы.
Ұлттық оператор соңғы он жылдың ішінде халықты газбен қамтамасыз ету бағытында қыруар іс тындырған. Қалалар мен елді-мекендердің газ тарату желілерін жаңғырту бойынша ірі жобалар жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде, елімізде газ тұтынушыларының саны екі есеге, яғни 51% өсіпті. «Сарыарқа» магистральді газ құбырын іске қосқаннан бері бұл көрсеткіш 60% жеткен. Мамандардың болжауынша, 2025 жылға қарай Қазақстанның ішкі нарығы 20 млрд текше метр көгілдір отын тұтынуы тиіс. Қазір бұл көрсеткіш 15-16 млрд текше метрдің айналасында. Мемлекет осы уақытқа дейін газды тұрғындарға барынша арзан бағамен жеткізуге тырысып келеді. ТМД елдерінің ішінде көгілдір отынның ең төменгі тарифі Қазақстанда екен. Бүгінгі күні 1 текше метрдің орташа бағасы 19,7 теңгені құрайды. Бұл баға Ресейден 2 есе, Қырғызстаннан 5 есе арзан.
Газдың ішкі нарықтағы қолжетімділігі мен арзан бағасы экспорттан түсетін пайдамен өтеліп отырған. ҚР энергетика министрлігінің мәліметінше, «ҚазТрансГаз» шығынға батса да ішкі нарықтағы бағаны тежеп, қарапайым тұтынушыларға субсидия беріп отыр. 2019 жылы компания газды ішкі нарыққа өзіндік құнынан арзанға сатып 101 млрд теңге шығынға батқан. Сондықтан ұлттық оператор газ өндіру саласына тарифтік реформа қажет дейді.
– Газдың ішкі нарықтағы бағасын реттеуді Үкімет пен министрліктер, Энергетика министрлігі және табиғи монополияларды реттеу комитеті шешеді. Ұлттық оператор тарифті күрт емес біртіндеп өсіру керек деп санайды. Сондықтан келер жылы баға саясатын өзгертуге байланысты ұсыныстар берілді, – деді «ҚазТрансГаз» компаниясының баспасөз қызметі өз мәлімдемесінде.
Бұл салаға тарифтік реформаның қажеттігі жайында ҚР Сенаты жанындағы сенаторлар кеңесінің мүшесі, техника ғылымдарының докторы Ләззат Қиынов мырза да жиі айтып жүр.
-Еліміздің мұнай газ саласы пандемияның салдарынан «есеңгіреп» қалды. Қазақстанға қыс келмей тұрып, көгілдір отынның тапшылығына байланысты «коллапс» пен әлеуметтік шиеленіс болмас үшін газ өндірушілердің мәселесін бірлесіп шешуіміз қажет. Газбен қамтамасыз ету Қазақстанның ең өзекті мәселесіне айналмай тұрғанда бұл саланың баға тарифін қайта қарастыру керек, – дейді Ләззат Қиынов бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында.
Сарапшылардың айтуынша, бұл салаға тиісті мамандарды тартып, қоғамның пікірін ескеріп сауатты тарифтік реформа жасалмаса газ өндіру саласы тоқырауға ұшырайды. Басты мәселе – газдың ішкі нарықтағы баға саясатын реттеп, ең құрығанда оны шығынсыз деңгейге жеткізу.