Түркістан облысында ауыл мектебінің мұғалімдері оқушылардың денелерінде ісіктер мен ұрып-соғудың іздерін байқап, полиция қызметкерлерін шақырған, осыған сәйкес АІІБ-і тарапынан қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы ҚР БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.
Балаларды жәбірлеген әйел бірден полицияға жеткізілді. Өгей анасы балаларын ұрып-соққан, денелерінде пышақ іздері де бар. Аталған іс Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура, ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан бақылауға алынып отыр. Аталмыш факті бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Осы орайда ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинованың тапсырмасымен Түркістан облысына министрдің кеңесшісі Раиса Шер жедел түрде аттанды.
Түркістан облыстық білім басқармасының ақпаратына сәйкес соққыға жығылған оқушы үйіне жіберілмей, туған апасына жеткізіліп, қазіргі таңда ол толық қауіпсіздікте.
Бүгінгі таңда 140-баптың 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, іс сотқа жіберілгендігі, сонымен қатар қамаққа алу түріндегі жазаны орындау бойынша шара қолданылғаны белгілі болды. Ата-ана құқығынан тек өгей анасын ғана емес, сондай-ақ әкесін де айыру жөніндегі сұрақ қарастырылуда.