04-05-18 |
6390 рет қаралған
Гендерлік саясат жоғары қолдауға ие.
Гендерлік саясат жоғары қолдауға ие

Гендерлiк саясаттың негiзгi мақсаты Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепiлдiк берiлген әйелдер мен ерлердiң тең құқығы мен еркiндiгiн қамтамасыз етуге негізделген. Тәуелміздік алғалы бері бұл бағыттағы жұмыстар бір сәт те әлсіреген емес.

Соның жарқын көрінісі Мемлекет басшысының 2005 жылғы 29 қарашадағы Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдіктің 2006-2016 жылдарға арналған стратегиясы бекітілді. Бұл құжат стратегиялық билік құрылымдарындағы әйелдер мен ерлерді теңестіруді, теңдей құқыққа ие болуын қамтамасыз етуді көздейді. Жалпы алғанда экономикалық тәуелсіздік үшін тең мүмкіндіктер беру, өз бизнесін дамыту және қызмет бойынша өсу, білім беру саласында гендерлік білімді енгізу, өмір сапасын арттыру және тұрғындардың ұдайы өсімін қамтамасыз ету үшін жасөспірімдер мен әйелдердің, ерлердің репродуктивтік денсаулығын  нығайту мен сақтау, жынысына қарай зорлық-зомбылық көрсетпей, отбасындағы міндеттер мен құқықтарды тең дәрежеде жүзеге асыру міндеті қойылады.

Əлеуметтану ғылымының негізі қаланғаннан бері, теңдік пен теңсіздік мəселесі зерттеліп келеді. Қоғам – ол жалпы кең ауқымды дүние болып табылатынын бəріміз білеміз. Табиғаттың өзінде көптеген теңсіздік бар екенін байқау қиын емес. Ал қазіргі таңда зерттеліп отырған теңсіздіктің бірнеше бағыттары – материалдық теңсіздік, рухани теңсіздік, саяси теңсіздік, сонымен қатар жыныс теңсіздігі. Əлеуметтану ғылымы 150 жылдан астам уақыт зерттеліп келеді, осы уақыт аралығында қоғамның көптеген бағыттары анықталды. Қоғам мүшелерінің арасында əлеуметтік теңсіздіктің табиғатын, себептерін, оның заңды құбылыс ретіндегі мəнін түсінуде əлеуметтік стратификация  теориясының  маңызы  зор.

Заманауи қоғамға бет бұрған сайын отбасының құндылығы азайып, оның орнын «толық емес отбасы» тіркесінің ығыстырып келе жатқаны жасырын емес. Сонымен қатар, Қазақстандағы әр бесінші бала осындай отбасында тәрбиеленсе, сол балаға төленетін алиментті алмайтындар қаншама.

Отбасының бар ауыртпалығы өзіне түскен жалғыз басты ана өзінің әуел бастан қалыптасқан басты міндеті – отбасы жылулығын сақтап, бала тәрбиесімен айналысудан бөлек, оны асырау міндетін де өзіне алады. Яғни, ерлермен қатар, кез келген еңбек саласына араласу – қажеттіліктен туындаған. Ал, Қазақстан бойынша әйелдердің үлес салмағы 51 пайыздан асатынын ескерсек, бұл қоғамдағы әйел ролінің ерлерден кем түспейтіндігінің көрсеткіші.

2016 жылдың желтоқсанында қабылданған Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы ең алдымен қазақстандық отбасын нығайтуға, гендерлік тепе-теңдік пен адами капиталды дамытуға бағытталған. Соған қарамастан, әрбір үшінші некенің бұзылуы, некесіз дүниеге келген балалар санының артуы белең алып отырғаны өкінішті жағдай. Тіпті, құқықтық мемлекетте ұлттық дәстүрді жаңғырту деген сылтаумен зорлықпен қыз алып қашу жағдайлары да байқалады. Сонымен қатар, ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулық мәселесі де өзекті. Себебі, бүгінгі статистика көрсетіп отырғандай, отбасылардың шамамен 6 пайызы сәби сүю бақытынан айырылған. Ал, бұған әйел де, ер азамат та жауапты.

Жоғарыда айтқанымыздай, қоғамдағы еңбектің кез келген саласына араласып жүрген әйелдер арасында әсіресе, қала орталықтарынан шалғай орналасқан ауылдық жерлердегі қыз-келіншектер ішінде өз кәсібін ашуға ниет еткендер баршылық. Гендерлік теңдіктің бір тармағы ретінде біз осы ынталы жандардың ерлермен бірдей бизнеске араласып, өз кәсібінен табыс табуына жағдай жасауымыз керек. Жергілікті жерлерге барып, кеңес беру, бастаған іске қол ұшын созу арқылы шағын кәсіпкерлікті бастаған қыз-келіншектерге қолдау көрсету құзырлы орындардың негізгі міндеті болуы шарт.

Осы орайда гендерлік тепе-теңдік дегенді дұрыс түсіну керек. Яғни, бұл жерде қоғамдағы ерлердің орнын төмендетіп аламыз деген қорқыныш болмауы керек. Керісінше, мұнда әйел адамның қоғамдағы рөлін арттыруға басымдық берілгені орынды.

Барлығымыз білетіндей, мемлекетіміз егемендігін алғалы бері әйелдердің құқықтарын қорғауда үлкен жетістіктерге жетті. Оның ішінде гендерлік теңдікке қатысты Халықаралық Конвенцияларға қосылып, әйелдердің құқықтарын қорғаумен байланысты заңдардың қабылдануын айтсақ жеткілікті. Бұған қоса, еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының әйелдерге деген көзқарасы жақсарып, нәзік жандылар құқығын қорғауға, қабілетін арттыруға, қолдау көрсетуге қатысты тележобалар мен көрсетілімдер саны көбейіп отыр. Осы хабарларды көре отырып әйелдер өзінің құқығының қорғалатынына, мүддесінің тапталмайтынына кәміл сенеді.

1998 жылы Қазақстан Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Әйелдерге қатысты кемсiтушiлiктiң барлық нысандарын жою туралы конвенциясына қосылды. Осы конвенцияға факультативтiк хаттама бекiтiлдi, ал 2001  жылы Қазақстан Республикасы конвенцияның орындалуы туралы БҰҰ-ға есеп бердi. БҰҰ-ның «Әйелдердiң саяси құқығы туралы», «Тұрмыстағы әйелдiң азаматтығы туралы» конвенциясы, Халықаралық еңбектi ұйымдастырудың алты конвенциясы, оның iшiнде «Бiрдей еңбек еткенi үшiн ерлер мен әйелдердi тең марапаттау туралы» конвенциялар бекiтiлдi.

Қазақ табиғатында, әсірешіл, өзге жұрттан көргенін өнеге тұтып, үйреніп алуға бейім тұратын халық. Елімізде соңғы жылдары батыстық үлгідегі гендерлік саясаттың белең алып, яғни, қыз-келіншектердің құқын қорғап, олардың қоғамдағы рөлін көтеру ісімен мемлекеттік деңгейде айналыса бастауымыз, осының бір айқын дәлелі іспеттес. Дегенмен, өзгенің жақсысының бәрін көшіре беруге болмайды. Озық елдер тәжірибесін қолданған күннің өзінде одан қазақтық ұлттық болмысы, менталитеті көрініп тұруы тиіс. Біздің гендерлік теңдік саясаты да әйелдерді ерлермен теңестіруге емес, қыз-келіншектердің қабілетін өлтірмеуге, отбасы мен қызметін тең ұстауға қолайлы орта қалыптастыруымен құнды болмақ. Оның үстіне, әйелдер құқығына қатысты сөз ететін, қолға алуды қажет ететін мәселелер аз емес.

Мысалы, біздің еліміздегі еңбек нарығында еркектерге қарағанда әйелдерге сұраныс аз. Әйелдер жалақысы ерлер еңбегiне ақы төлеудегi арақатынас тең жалақы ала отырып, әйелдер, әдетте, неғұрлым төмен лауазымдарды иеленедi. Олар кез келген жұмысқа, оның iшiнде зиянды және ауыр еңбек жағдайларына келiсуге мәжбүр. Қазiргi кезде мұндай өндiрiстерде бес жүз мыңға жуық әйелдер жұмыс iстейдi. Әйелдер кәсiпкерлiгiн дамытуда да проблемалар бар. Әйелдерге қатысты қылмыс жоғары деңгейде қалып отыр.

Бүгінде біздің қазақ отбасыларының арасында ажырасу саны жылдан-жылға көбейіп барады. Неге? Өйткені біз әйелдердің қабілетін, олардың қоғамға қосар үлесін бағаламай жүрміз. Егер әйел мен еркек өздерінің қоғамдағы орнын дұрыс түсінбесе, «мынау сенің орның, ал мынау менің орным» деп таласа бастаса, өзара қарама-қайшылық пайда болады.

Жуалы аудандық сотында медиация тәртібімен сотқа дейін және сот процесінде ерлі-зайыптылар арасындағы кекілжіңді шешу белең алуда. Бұл бір жағынан отбасыны сақтап қалуға зор көмегін тигізіп отыр.

Ирина ҚОЖАБАЕВА,

Жамбыл облысы Жуалы аудандық сотының

бас маманы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.