arasha.kz

Халықпен дұрыс тіл табыса алмайтын шенеуніктер көбейіп кетті

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сөзінше, бүгінде халықпен дұрыс тіл табыса алмайтын қызметкерлер көбейіпті. Өйткені  2019 жылдың басынан бері мемлекеттік қызметкерлердің осалдығы бойынша 300-ден астам қылмыстық іс қозғалған. Оның 91-і басшылық қызметтегілерге түскен арыз-шағымдар. Алайда,  былапыт сөздер айтып, боқтаудан да тайынбайтын  кейбір шенеуніктерге бұл блокнот тосқауыл бола ма? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.

Бұл әдептен озған шенеуніктердің алғашқысы да, соңғысы емес. Мұндай жағдай елімізде жиі ұшырасатынына ет үйренгендей. Бірақ, мұным дұрыс болмады-ау деп шын қапаланып жатқандары саусақпен санарлық.

Ал мынау былтыр 18 қыркүйекте Ақтаудағы мейрамханалардың бірінде шу шығарған шенділер. Ащы суды әбден сімірген олар даяшы қызды балағаттандары үшін полициядан біра-ақ шыққан еді. Олардан Қостанай қалалық аумақтық инспекциясы мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері де қалыспаған. Ішімдік ішіп, елді боқтаған.  Осындай келеңсіздіктерден соң, мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талап күшейтілген.
«Егер әкесіндей адаммен әкіреңдеп сөйлейтін болса, алдына өзінің мәселесімен келіп отырған адамға жүрдім-бардым, немқұрайлы қарайтын болса, ондай мемлекеттік қызметшіге төбесі көкті тіреп тұрса да, аяғымен жерді тіреп тұрса да мемлекеттік қызметте орын жоқ екендігін бәріне жеткіздік. Енді ары қарай бейәдептілік танытатын болса, дөрекілік көрсететін болса, өздерінен өздері көретін болады»,-дейді ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы Арман Бердалин.

Бірақ, терісіне сыймайтын шенеуніктер азаймай тұр бұл күнде. Тіпті, таяғына сүйенген қарияны да жерден алып жерге салғандары бар. Мәселен, былтырдың өзінде ғана дөрекілігі үшін  353 адам жауапқа тартылыпты. Жыл басынан бері 62 қызметкерге қатысты тәртіптік жаза қолданылған.

Бұл мемлекеттік қызметкерлерге арналған қойын дәптерінің жаңа нұсқасы. Бұрынғылардан өзгеше. Себебі, көпшіліктің алдында ашуын ауыздықтай алмайтын шенділерге аса пайдалы дүние. Дәптердің қалыңдығы мынандай болса, оның теңжартысынан астамында мемлекеттік қызметкер ел алдында өзін қалай ұстауы қажеттігі туралы ақпаратпен қамтылыпты. Алайда, осы дәптер мәдениесіз мемлекеттік қызметкерді түзу жолға сала ма жоқ па ол жағы беймәлім.

Агенттік өкілдері бұл блокнотты ерінбей оқығандар опық жемейді. Бұл дәптер мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлқы туралы ақпаратқа толы. Тіпті, қай жағдайда қызметкер өзін қалай ұстауы қажеттігіне дейін көрсетіліпті. Ал саясаттанушы Талғат Қалиевтің ойынша, мемлекет мүддесіне жұмыс істейтіндердің дені ашуға жайдан жай бой алдырмайды. Демек, ол қаны мен тәрбиесіне сіңген әдет болуы мүмкін.

«Қазіргі енді осы қызметкерлердің істеп жүргені ол қоғамда көрген нәрсе, сосын семьясында көрген нәрсе. Соның бәрін істейді. Ол жалақыға байланысты емес, ол құндылықтарға байланысты. Мысалы, көшеде мынау көше сыпырып жүретін адам жалақсы төмен, күнкөрісі де өзі нашарлау шығар. Бірақ, кейбірде өзі  деңгейі үлкен болады»,-дейді саясаттанушы Талғат Қалиев.

Жалақының аздығы, жұмыстың көптігі, таңнан кешке дейін кезекте сарыла күткендердің барлығына қызмет көрсету оңай емес, әрине. Бірақ саясаттанушының пікірінше, ел айнасы болғандықтан бұл жүйенің ашық жұмысы қажет-ақ. Сондықтан, қарапайым этиканы білмесең осындай дүниелерді Құрандай көріп, жан қалтаңда тасуыңа тура келеді – дейді ол.

Exit mobile version