Еліміздің бірқатар өңірі секілді Астананың біраз бөлігінде су мәселесі ушығып кетті.
Мемлекет басшысы елорданың сумен қамтамасыз етілу жағдайы туралы Жеңіс Қасымбектің баяндамасын тыңдады. Әкімге қысқа мерзімде тек сумен қамтамасыз ету саласында ғана емес, сонымен қатар қаланың маңызды басқа да жүйелерінде дағдарыс жағдайын түбегейлі болдырмау үшін жүйелі және жедел шаралар қабылдау тапсырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қалыптасқан жағдай Президент Әкімшілігінің бақылауында болады – деді Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.
Бұл бүгін болған жағдай. Ал кеше түнде Астана тұрғындары мына қапырық ыстықта су берілмегеніне наразылық білдіріп, бірнеше көшені жауып тастаған болатын.
Халықтың дүрлігуінен сескенді ме, бұған дейін үнсіз жатқан қала басшысы Жеңіс Қасымбек дереу әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шығып, халыққа су қашан берілетінінен хабар берген еді.
Соңғы уақытта Астана қаласында су тапшылығы мәселесі көтеріліп жатыр. Рас, қаламызда мұндай проблема бар. Қазіргі уақытта тәулігіне 25 мың кубометр су жетіспейді. Қаламыз күн санап өсіп жатыр. Жылына кем дегенде 60-70 мың жаңа тұрғын қосылады, ал соңғы 3 жылдың ішінде қаламызда тұратын азаматтардың саны 200 мың адамға артты. Келесі мәселе – соңғы айда суару жұмысы басталып кетті. Өткен аптада болған +30 градустан асатын аптап ыстық осы аптада да жалғасады деп болжанып отыр. Бүгін де өздеріңіз жақсы білесіздер, күн райы +30 градустан асып тұр – деген әкім су осы айдың аяғында ғана толық берілетінін жеткізген.
Жеңіс Махмұтұлы өз сөзінде «осыдан 2 жыл бұрын әкімдік екі жаңа нысанның құрылысын бастаған. Бірінші нысан – қазір өздеріңіз көріп отырғандай, мынау сорғы станциясы. Бұл нысанның құрылысы осы айдың соңына дейін толығымен бітеді және қалаға қажетті күніне 25 мың кубометр су берілетін болады» – деді. Су мәселесінде жеңіске жетуді көздеген Жеңіс әкім екі жыл бұрын басталған нысанның құрылысын тектен текке айтпаса керек. Оның астарында, «астаналықтар, су мәселесінде менің кінәм жоқ, жауап алғыларың келсе қазіргі Премьер-министрдің орынбасары, Астананың экс-әкімі Алтай Көлгіновтен сұраңдар» деген ишара жатқанын бағамдауға болады.
Қалай десек те, біздің атқамінерлер «ас ішерде, тағы бірдеңе бірдеңе істерде керек» дегендей, халық көтерілмесе, жұмсақ креслодан арттарын көтеруге ерінетін жағдайға жеткен.
Одан қалса, өз жұмыстарын, өз міндеттерін толық орындамай, оған қайткенде де Мемлекет басшысы арласып, Тоқаев тапсырма бермесе саусағының ұшын қимылдатқылары да келмейтін дәрежеге жетіп алған. Мұндай керенау-кербездік бас шаһардың басшысынан да көрініп қалған секілді.
Не болса да, су мәселесінде Жеңіс жеңіске жете ме, жер болып жеңіле ме, уақыт көрсетеді.
Arasha.kz
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024