2025 жылдың 25 маусымына дейін Қазақстан азаматтары kz-imei.kz платформасы арқылы өз құрылғыларын тіркеуге міндетті. Әйтпесе, смартфон желіден ажыратылуы мүмкін. Бұл шешім «көлеңкелі нарықты азайту» үшін қажет деп түсіндірілсе де, қоғамда сенімсіздік туғызды. Бірі – бұл цифрлық тәртіп орнату десе, екіншісі – жеке өмірге араласу деп бағалап отыр. Біз осы жүйенің әсерін әр саладан үш сарапшымен бірге талдап көрдік.
Мақсат Қуанышев, бағдарламашы: «Бұрын IMEI тіркеу байланыс операторлары арқылы автоматты жүргізілетін. Енді әрбір азамат жеке өзі kz-imei.kz сайтына кіріп, ЭЦҚ арқылы тіркеуі тиіс. Бұл – халықты ыңғайсыз цифрлық бюрократияға итермелеу. Сайт жиі істемей қалады, интерфейсі түсініксіз. Қарапайым қолданушы үшін емес, жүйе жасаушылар үшін жасалған».
Алматылық зейнеткер Әлия апайдың басынан өткен оқиға осы пікірді нақтылай түседі. Телефоны тіркелмегені туралы SMS алған соң, тіркеуге тырысқан. Алайда ЭЦҚ-ны телефонда қолдана алмау, сайттың ашылмауы – бірнеше күнін сарп етуге мәжбүр еткен.
Бұл жағдай – технологияны халыққа бейімдеу емес, халықты технологияға бейімдеуге тырысудың көрінісі. Елдегі цифрлық реформалар қағаз жүзінде дамығанмен, іс жүзінде қарапайым адамды шеттетіп, жүйеден алыстатып отыр. Мемлекет халыққа қолжетімді сервис ұсынуы тиіс еді, ал қазір керісінше, азаматтар өз құрылғысының заңдылығын дәлелдеуге міндетті болып отыр.
Экономикалық пайда кімге тиеді?
Елжан Кабышев, экономист: «IMEI тіркеу жүйесі сырт көзге көлеңкелі импортпен күрес құралы секілді көрінеді. Бірақ түпкі мақсат – фискалдық пайда. Ал салық пен тіркеу салмағы қарапайым тұтынушыға түседі. Егер болашақта тіркеу үшін ақы енгізілсе – бұл әсіресе әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға ауыр соғады. Мұндай бастамаларда алдымен халық мүддесі ескерілуі тиіс».
Жамбыл облысындағы кәсіпкер Мұратбек Қытайдан 20 смартфон әкеліп, әрқайсысын тіркеу үшін kz-imei.kz-пен бетпе-бет келген. Сайт әр құрылғыны бөлек тіркеуді талап етіп, әр ретте ЭЦҚ енгізуге мәжбүрлеген. «Бүкіл процеске бірнеше күн кетті. Бір сайтпен бірден бірнеше телефон тіркеу мүмкін емес. Күнде жүйе тұрып қалады. Уақытым мен жүйкем таусылды», – дейді ол.
Бұл реформа смартфон сатушылар мен шағын кәсіп иелерін көлеңкеден шығарудың орнына, керісінше, оларды қайтадан бейресми саудаға итермелеуі мүмкін. Себебі ресми тіркеудің машақаты көп, ал пайдасы – белгісіз. Қолдан жасалған бюрократия кез келген бастаманың легитимдігін әлсіретеді.
Нұргүл Сейдахмет, цифрлық құқық қорғаушы: «Телефон – бұл тек құрылғы емес, адамның өмірінің бір бөлігі. Ал IMEI тіркеу жүйесі арқылы мемлекет азаматтың құрылғысын ғана емес, SIM картасын, желілік белсенділігін, интернетті пайдалану үлгісін де қадағалай алады. Бұл – шекарасы анықталмаған цифрлық бақылаудың бастамасы. kz-imei.kz сайты арқылы азаматтың аты-жөні, ЖСН-і, құрылғы коды және ЭЦҚ арқылы қол қойылған ақпарат бір базаға жиналады. Бұл деректердің қауіпсіздігі мен кімнің иелігінде екені туралы ешқандай ресми мәлімдеме жоқ».
Астаналық студент Диас, тіркелмеген iPhone 11 телефонын қолданып жүрген. kz-imei.kz арқылы тіркеу мүмкін болмай, бірнеше мәрте сайт істен шыққан. «Мен өзімнің телефонымды заңды түрде сатып алдым. Бірақ бір жерде тіркелмегені үшін мені желіден ажыратпақ. Сонда кімнің құқығы бұзылып отыр?».
Бұл сұрақ – цифрлық реформа мен азаматтық құқықтар арасындағы басты түйін. Халық өз деректерінің қайда сақталып, кімге қолжетімді екенін білуге құқылы. Ал ашықтық болмаса, сенім де болмайды.
IMEI тіркеу жүйесі – техникалық тұрғыда шикі, әлеуметтік жағынан салмақты, ал құқықтық тұрғыда күмәнді бастама болып тұр. Бұл реформа көлеңкелі нарықты азайтып, бюджетке қосымша кіріс әкеледі делінсе де, азаматтардың құқығы, қауіпсіздігі және цифрлық жайлылығы басты назарда болмауы – жүйенің басты кемшілігі.
Қазіргі жағдайдан шығудың жолдары:
- kz-imei.kz платформасын техникалық және құқықтық аудиттен өткізу;
- Бірнеше құрылғыны бір мезгілде тіркеу мүмкіндігін енгізу;
- Жеке деректерді сақтау және қорғау стандарттарын жариялау;
- Халыққа түсінікті, жеңілдетілген нұсқа ұсыну;
- Тіркеу процесіне арналған мобильді қосымша әзірлеу.
Халық цифрлық реформаларға қарсы емес. Бірақ олар әділетсіздікке, жасырын бақылауға және ыңғайсыздыққа қарсы. Технология – бақылау құралы емес, азаматтарға қызмет ететін құрал болуы тиіс.
Самал Асқар, Arasha