Біз
әлеуметтік
желіде
17-06-25 |
80 рет қаралған
Инфляцияның екінші тынысы: Қазақстанда баға шарықтап барады.
Инфляцияның екінші тынысы: Қазақстанда баға шарықтап барады

Қазақстанда инфляция қайтадан үдей түсті. 2025 жылдың мамыр айында жылдық инфляция деңгейі 11,3%-ға жетіп, сәуірдегі 10,7%-бен салыстырғанда айтарлықтай өсті. Бұл – 2024 жылдың соңынан бері байқалып келе жатқан баға тұрақсыздығының жалғасы. Ұлттық банк пен Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бұл үрдісті ресми түрде растады.

Ұлттық банктің хабарлауынша, мамыр айында жылдық инфляция 16 өңірде жеделдеген. Тек үш облыста ғана аздап баяулау тіркелсе, бір өңірде көрсеткіш өзгеріссіз қалған. Ел астанасы мен ірі қалаларда бағаның көтерілуі ерекше байқалады.

Алматы қаласында инфляция 13%-ға жетті – бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш.

Астана – 12,8%

Қарағанды облысы – 12,7%

Жетісу және Қостанай облыстары – ең төменгі көрсеткіштер (шамамен 9,5%-10%)

Қымбатшылық барлық бағытта – азық-түлік, тауарлар, қызметтер

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бағаның өсуі тек бір салада ғана емес, бүкіл негізгі бағыттарда тіркеліп отыр:

Азық-түлік тауарлары – 9,6%

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 9%

Қызметтер – 16%

Бағаның мұндай үдеуі халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер етуде. Сүт, ет, көкөніс, нан өнімдері сияқты негізгі тағам түрлерінің бағасы бір жылда 10-15%-ға дейін өскен. Ал коммуналдық қызметтер мен білім, медицина, көлік салаларындағы тарифтердің көтерілуі халық наразылығын тудырып отыр.

Айлық инфляция да алаңдатарлық

Бір ғана мамыр айында инфляция 0,9%-ды құрады. Бұл – бір ай үшін тым жоғары көрсеткіш. Сарапшылардың айтуынша, мұндай айлық өсім жылдық инфляцияның жаңа «серпін» алғанын білдіреді. Демек, алдағы жаз айларында да бағаның өсуі тоқтамайды деген сөз.

Сарапшылар не дейді?

Экономист Арай Қанатқызының айтуынша, қазіргі инфляция – құрылымдық және сыртқы факторлардың қосындысы: «Қазақстанның ішкі нарығы – импортқа тәуелді. Біз күнделікті тұтынатын көптеген өнімді сырттан аламыз. Ал Ресей, Қытай, ЕО елдеріндегі баға өскен сайын, бізде де қымбатшылық күшейеді. Бұған ішкі тұтыну, логистика, жанар-жағармай мен валюта бағамының тұрақсыздығы қосылып отыр. Нәтижесінде халықтың нақты табысы төмендеп, әлеуметтік шиеленіс артады».

Экономика ғылымдарының кандидаты Нұрлан Серік те бұл пікірді қуаттайды: «Қызметтер секторы – инфляцияның басты драйверіне айналды. Коммуналдық қызметтер мен медицина саласында тарифтер жыл сайын емес, тоқсан сайын өзгеріп отыр. Бұған мемлекеттің тариф саясаты мен бақылау жүйесінің әлсіздігі себеп. Әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаны шектеу – қысқа мерзімді шара ғана, түбегейлі шешімдер қажет».

Ұлттық банктің реакциясы

Ұлттық банк мамырда базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде сақтап қалды. Бұл – инфляцияны тежеудің негізгі құралы. Алайда экономистер бұл шараның тиімділігі шектеулі екенін айтып отыр.

Себебі жоғары мөлшерлеме:

-Несие алуды қымбаттатады,

-Бизнестің қаржылануына кері әсер етеді,

-Инвестициялық белсенділікті төмендетеді.

Бірақ инфляцияны тоқтатпаса, халықтың өмір сүру сапасы одан сайын нашарлауы мүмкін.

Халықаралық валюта қоры (IMF) Қазақстандағы 2025 жылғы инфляция деңгейі 10,5% болады деп болжаған еді. Алайда қазіргі қарқын бұл болжамды жоққа шығарып отыр. Азаматтар үшін ең бастысы – күнделікті өмірде сезілетін тұрақтылық. Бірақ дәрі-дәрмек, азық-түлік, коммуналдық қызметтер мен жалдамалы баспананың қымбаттауы бұл тұрақтылықты жоққа шығарып отыр.

Қазақстанда инфляция – жай ғана статистикалық көрсеткіш емес, елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалының айнасы. Мамыр айындағы 11,3% инфляция – жай сандар емес, бұл – күн сайын дүкенге кірген әр азаматтың қалтасындағы нақты шығын. Халық үшін бұл «көрінбейтін салыққа» айналып отыр. Сондықтан үкімет пен қаржы органдары қысқа мерзімді емес, құрылымдық, жүйелі шешімдер қабылдауы қажет. Әйтпесе, «баға шарықтауын» тоқтатамыз деген уәделердің артында қарапайым халықтың сенімі жоғала береді.

Самал Асқар

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.