arasha.kz

Инклюзивті қоғам – мүгедек аналарға берілген мүмкіндік

Кез келген әйел ана болуды аңсайды. Тіпті кейде мүмкіндігінің шектеулі екеніне, өз өміріне төнетін қауіпке қарамастан бала сүйіп, ана атануды армандайды. Аналық махаббат оларды көзсіз ерлікке жетелейді. Өйткені әйелдің өмірге келгендегі алғашқы міндеті – ұрпақ әкелу. Ұлттың ертеңі аналардың ұрпақ тәрбиелеуге деген аманат тірлігімен сабақтас.

Әрине, кез келген демографияға үлес қосу үшін, болмаса мемлекет саясатына ілесу үшін балалы болуды мақсат етпейді. Бұл жерде қандай да бір міндет, бақай есеп жоқ. Бала сүйіп, жүрегін жылытар сәтті сезіну әр әйел үшін мәртебе. Ал ондай әдемі сезімге бөленуді тіпті кемтар әйелдер де арман етеді. Соның дәлелі былтыр 100-ден астам мүмкіндігі шектеулі келіншек аналық махаббатқа бөленсе, 2012-2017 жылдар аралығында осындай 776 әйел бала сүйіпті.

Олардың арасында арбаға таңылғаны да, құрсағын жарып шыққан баласын өмір бойына көре алмайтын көзі су қараңғы аналарымыз да бар. Ана атанғысы келетін мүмкіндігі шектеулі жандардың қалауын ескерген мемлекетіміз соңғы жылдары олардың бала сүюіне, қауіпсіз босануына барынша жағдай жасауда. Бұл жерде мәселе тек емханаларда қолдау көрсетіп, перзентханада демеу берумен шектелмейді. Мұның артында кешенді шаралар, үлкен мақсаттар тұр.

Еліміздің түкпір-түкпірінен инклюзивті жандарды босандыруға арнайы кабинеттер жасақталып, босанғаннан кейін медициналық көмек қолжетімді болуы үшін мүмкіндіктер қарастырылуда. Шын мәнінде бұл шара мүмкіндігі шектеулі жандар үшін маңызы зор әрекет. Өйткені олардың ана атансам деген құлшынысы басқалардан екі есе жоғары, аналық сезімдері де басқалардан гөрі мықтырақ. Денсаулық жағдайына қарамастан ана болуға көзсіз ұмтылған олардың тілегін қабыл алып қана қоймай, сол армандарын жақындату үшін мемлекет тарапынан қамқорлық жасалуы қуантпай қоймайды. Сондай жігері мықты, мақсатына табанды жандармен тілдескенде бала сүйсем, ана болсам деген адамдарға ешқандай тұрмыстық, материалдық қиындық кедергі келтіре алмайтынын ұғынуға болады.

Өзі біреудің көмегіне сүйеніп, кемтарлықтың қиындығын сезініп жүрсе де бала сүйсем деген жандардың талпынысына қарап тұрып аналық махаббаттың алапат зор күш екеніне көз жеткізгендей боласың. Еліміз инклюзивті қоғам құруға ұмтыла отырып, осындай қаншама жанның тілегінің орындалуына жағдай жасап, үміт отын жаққанын еріксіз сезінесің…

Осы орайда айта кетер жайт, қазіргі таңда елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетуге барлық емханалар толықтай бейімделген деуге болады. 478-ден аса отбасын жоспарлау кабинеттері, жасөспірімдер мен жастарға сексуалдық және репродуктивтік денсаулық саласында құпия қызмет көрсетуге арналған 93 жастар орталығы; шалғай орналасқан ауылдық өңірлерде тұратын балалар мен әйелдерге медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін балалар мен әйелдерге арналған 16 көшпелі консультация; жетекші республикалық клиникалармен байланыс орнатқан 150 телемедициналық орталық жұмыс істейді екен. Қуанарлық жайт.

Елімізде ана болу құқығына барлық әйелдер, оның ішінде мүгедек әйелдер де толықтай ие. Оларға еш алаламастан көрсетілетін медициналық көмек те жыл өткен сайын жақсарып келеді. Яғни, мүмкіндіктері шектеулі әйелдер күнделікті өмірде де өздерінің репродуктивті құқықтарын жүзеге асыруда. Соның айғағы елімізде табиғи жолмен бала сүйе алмайтын аналарға арнап ЭКО арқылы босандыруға мемлекет тарапынан бөлінетін квотаның саны артқаны белгілі. Мұндай игі бастаманың қолға алынғанын естіген мүмкіндігі шектеулі әйелдер де қолдаудан тыс қалғысы келмей отыр. Соның дәлелі жақында мүмкіндігі шектеулі аналар бұл көмектен шет қалдырмауды сұрап арнайы тиісті орындарға хат жазды. Ондағы негізгі мақсат – қоғамның назарын мүмкіндігі шектеулі аналар мәселесіне аудару. Сонымен бірге кемтар аналар бала сүюге деген ынтасын, ықыласын көрсету арқылы соңғы уақытта тым көбейіп кеткен тастанды бала мәселесін шешуге де жанама болсын ықпалын тигізері күмәнсіз. Өзі біреудің қолына қараған әйелдердің балаға деген сүйіспеншілігі, артына ұрпақ қалдырсам деген ниеті денсаулығы мінсіз жандардың ұрпақ тағдырына атүсті қарамауына әсер етеді деп сенеміз.

«Тәуелсіз өмір» ДОС» қоғамдық бірлестігінің бас маманы Ардақ Отарбаевтың айтуынша «табиғи жолмен бала сүйе алмайтын, арбаға таңылған мүгедектердің де балалы болуға құлшыныстары жоғары. Сондықтан қолдан ұрықтандыруға мүмкіндік жасап, квота бөлу кезінде өздеріне бөлек квота бөлінсе екен» дейді. Бұл мәселеге орай Денсаулық сақтау саласының мамандары квота бөлу кезінде адамның мүгедек, мүгедек еместігі есепке алынбайтынын, мұнда нақты медициналық көрсеткіштер мен кезектілік рөл ойнайтынын айтады. Дегенмен алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі, бірақ ана атанғысы келген жандарға бөлек квота бөлінсе құба құп. Өйткені ештеңеге қарамастан ана атанғысы келетін аналарымыз жетерлік…

Жадыра Сұлтанғалиева

Exit mobile version