Ерлан Тұрғымбаев Астанада өткен жиында журналистер сұрағына жауап беріп жатып, «Сіздерден ешқайда қашпаймын, дос боламын» деді.
Өткен аптада сегіз жылға жуық Қазақстан ішкі істер министрі болған Қалмұханбет Қасымов – президент кеңесшісі және Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, ал оның орынбасары болған Ерлан Тұрғымбаев министр қызметіне тағайындалған.
Ерлан Тұрғымбаев Қасымовпен көп жыл бірге істеген. Соңғы жеті жыл бойы Тұрғымбаев Қасымовтың орынбасары болды. 1990 мен 2000 жылдардың басында Қасымов Алматыда ішкі істер басқармасының басшысы болып тұрғанда Тұрғымбаев үш жыл – 1998-2000 жылдары оның орынбасары болған.