23-10-18 |
8630 рет қаралған
Үйден оқыту – балаға деген қамқорлықтың үздік үлгісі.
Үйден оқыту – балаға деген қамқорлықтың үздік үлгісі

Білім саласындағы игі істерді екінің бірі біле бермейді. Әсіресе, сырқат балаларды мұғалімдердің арнайы үйден оқытатынын, тіпті, ауруханада жатқан оқушылардың да мектеп бағдарламасынан кеш қалып қоймауы құзырлы орындар тарапынан қатаң бақыланатынын білетіндер кем. Басына іс түскенде ғана қамқорлыққа риза болып, алғысын жеткізетіндерді көзіміз көріп жүр. Сондай жанның бірі жақында редакциямызға хабарласты. Сап-сау жүрген ұлы аяқ астынан ауруханаға түсіп, сын сәттерді басынан кешірген ата-ана қоғамымызда жасалатын жақсы бастамалардың кейбірінен мүлде хабарсыз болып келгенін айтып отыр.

– Кеше ғана сыныптастарымен бірге шапқылап жүрген ұлым бір сәтте аяғы ісіп, жүруге жарамай қалды. Баламның мүгедектер арбасына отырғанын көру жаныма аяздай батты. Алғашқы жәрдемді жасаған дәрігерлер нақты диагноздың жеті күн ішінде шығатынын айтқан. Осы бір апта мен үшін бір ғасырға созылғандай әсер етті. Баламның жағдайы бірқалыпты. Бірақ, күпті көңіл байыз тауып отырғызбайды. Ертесі күні таңертең палатамыздың есігін қаққан ақ халатты жан балама сабақ үйретуге келгенін айтқанда таңқалдым. «Мен ешкімді шақырған жоқпын» деппін қапелімде сөз таппай. Сөйтсем, балалар ауруханаға түсісімен жасын, қай мектепте, қай сыныпта оқитынын анықтаған дәрігерлер жақын жердегі мектепке хабарлама береді екен. Міне, бір күн өтпей бізге келген мұғалім баламның да, менің де көңілімді аулап, бағдарламаға сай сабақтарын ретімен өте бастады. Төрт қабырғаға телміріп отырған балама бұл жақсы ермек болды. Мұғалім де жалғыз оқушыға сабақ өтіп отырмын демей, әр пәнді ыждағаттылықпен үйретеді. Соңынан бірнеше тапсырма беріп, кітап та тастап кетті. Бір апта қалай өтеді деп алаңдаған бізге ермек табылды. Мұғалімнің берген тапсырмасын бірге орындап, жаттығуларды бірге жаздық. Кейіннен ағылшын, орыс тілі пәндерінің де мұғалімдері келіп, дәріс оқып кетті. Баламның қабілет-қарымын байқап, тапсырманы орындағанына қарай күнделікті бағасын да қойып отырды. Ауруханаға етіміз үйренген соң айналамызға қарасам мектеп жасындағы балалардың бәріне арнайы мұғалімдер келіп, күнделікті сабақтарын өтеді екен. Бәрі ісіне жауапты. Бастауыш сынып болмаса, жоғары сынып балаларына келетін мұғалімдер де көп. Ұстаз деген психолог қой. Біздің алаң көңілімізді байқаған соң барлығы сөзбен демеп, уайымымызды жеңуге де көмектесті. Осылай зуылдап бір апта да өтті. Бір қуаныштысы, тапсырған сынамамыздан қатерлі дерттің белгісі табылмады. Екінші аптада ұлым да аяғынан тұрып, екі апта білім берген мұғалімдердің арқасында сыныптастарынан кеш қалмай мектепте оралдық. Осындай жақсы істі ұйымдастырған мемлекетімізге, Білім және ғылым министрлігіне, ұстаздардың алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызған Алматыдағы №2 балалар ауруханасының ұжымына алғысымды айтамын» дейді Асыл Бектұрова.

Жалпы, мектепке өз аяғымен келе алмайтын, кемтар, сырқат балаларды үйде оқыту жүйесі мемлекетімізде бұрыннан қалыптасқан. Мұны жағдаймен бетпе-бет келмеген соң басқа адамдар біле бермеуі мүмкін. Алайда, мемлекет тарапынан қамтамасыз етілген бұл жүйе талай мүмкіндігі шектеулі жанның сауатын ашып, білімін көтеруіне игі ықпалын тигізіп келеді. Ең бастысы, оның құқықтық, заңдық тетіктері толық қамтылған. Үйде оқытуға мұқтаж мүгедек балалардың білім алуын ұйымдастыру еліміздің «Білім туралы» заңына,  «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық коррекциялық қолдау туралы» заңына, «Стационарлық емдеу-профилактикалық, реабилитациялық және басқа да денсаулық сақтау ұйымдарында емдеу курсынан өтуші мүгедек балалар үшін оқу сабақтарын ұйымдастырудың, мүгедек балаларды үйде оқытуда оқу-тәрбие ұйымдары тарапынан кемек көрсетудің тәртібі туралы» ережелеріне сәйкес жүргізіледі.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңына сәйкес, балаларды үйде немесе емдеу ұйымдарында оқыту тегін. Сонымен бірге, денсаулық жағдайына байланысты 6 айға дейін сабаққа бара алмаған мектеп оқушыларын жеке оқытуға рұқсат беріледі. Және осы уақытта балалардың алған бағалары оқу қорытындысын шығарған кезде есепке алынады. Бұл енді аяқ астынан ауырып, уақытша көмек алған балаларға қатысты мәселе. Бұған қоса, елімізде білім алғысы келгенімен, жүйкесінде, ойлау қабілетінде кемістігі байқалған балаларға да көмек көрсетіледі. Психикалық дамуы кешеуілдеген және коррекциялық көмектерді қажет ететін балаларға арналған бағдарламалар міндетті түрде ата-ананың қатысуымен өтетінін есте сақтаған жөн. Консультациялық ұсынымға сәйкес білім беру ұйымы оқыту бағдарламасын әзірлейді.

Үйде оқыту баланың оқитын мектебі тарапынан ұйымдастырылады. Онда білім алған баланың білімі жүйелі түрде бағаланып, үлгерімі, сыныптан сыныпқа көшуі мен мектепті бітіруі туралы мәліметтер тиісті сынып журналына ендірілуі шарт. Мұндай балаларға дәріс беретін мұғалімдерге де қойылар талап жоғары. Өйткені, оның алдында жай бала емес. Сондықтан, үйде сабақ беретін әрбір мұғалім мүгедек баланың дамуы мен білім игерудегі нәтижесі жөнінде динамикалық бақылау күнделігін жүргізуі тиіс.

Жоғарыдағы шаралардың барлығы өмірлік қажеттіліктен туындаған бастама. Сонымен қатар, білім беру жүйесін ақпараттандырудың жоғары қарқыны, технологиялардың дамуы мен Интернетке қолжетімділіктің өсуі талапты балаларға білім алудың жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр. Мұндағы неғұрлым тиімді жұмыс формаларының бірі – дистанциялық оқыту. Қазіргі кезде балаларды ауруханаларға, үйлеріне іздеп барып оқытумен қатар, қашықтықтан білім берудің де әдістері жетілдіріліп келеді. Бұл орайда білім беру ұйымының мүгедек балаларды дистанциялық оқыту ісін ұйымдастыруға байланысты қызметіне әдістемелік тұрғыдан қолдау керсетілуі қажет. Білім беру ресурстары мен консультативтік-әдістемелік кемек дистанциялық режим бойынша қол жетімді болуға тиіс.

Дистанциялық оқытуды ұйымдастыру да оңай атқарылатын іс емес. Ол үшін мүгедек балалардың тұратын орындарын және мұғалімдердің жұмыс орындарын Интернетке қосу, сондай-ақ оларды компьютерлік техникалар, цифрлық оқу жабдықтармен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен бірге, дистанциялық білім беруден бұрын оргтехникамен қалай жұмыс істеуге болатынын арнайы мамандар мұғалімдермен қатар, балаларға, оның ата-анасына үйретуі кезек күттірмейді.

Мүмкіндігі шектеулі ұл-қызын жалпы білім беретін мектептерде оқытқысы келетін ата-аналар да баршылық. Бірақ, үлкендер кемтар балалардың сабақты баяу қабылдауына түсіністік танытқанымен, сыныптастарынан мұндай қамқорлықты күту қиын. Мектеп жасындағы балалар сөзім біреудің көңіліне тиеді деп ойламайды. Көзі дұрыс көрмейтін, кекештеніп сөйлейтін, құлағы ауыр еститін балаларды келемеждеу олар үшін қалыпты жағдай. Сондықтан, кемтар балалардың онсыз да жаралы көңілін одан сайын жараламас үшін мемлекет тарапынан үйден оқыту, қашықтықтан дәріс беру әдістерінің тегін қарастырылуы құптарлық.

Гүлнар Мәлікқызы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.