Әйелдер қазір қай салада болсын ерлермен қатар еңбек етуде. Бірақ, қырық шырақты қыз-келіншектердің денсаулығының да сыр беріп, дәрігерлерден көмек сұрайтын кездері көп. Өйткені, отбасының алтын қазығы саналған әйелге қанша жерден мықты болса да отбасы мен қызметті қатар алып жүру оңай емес. Сондықтан, олардың дер кезінде медициналық тексеруден өтіп, өзінің денсаулығына көңіл бөліп отыруы маңызды.
Осындай мақсатта қыз-келіншектерді арнайы скринингтен өткізу жолға қойылған. Скрининг – ауру түрлерін, оның пайда болу факторларын анықтауға және ауруды бастапқы кезеңде ауыздықтау үшін белгілі бір жас мөлшердегі адамдарға жүргізілетін профилактикалық медициналық тексеру. Бұл тексеру ем-дом шараларын тиімді етіп, ауруды асқындырмауға мүмкіндік береді. Қазақстанда скринингтік тексерулер «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында жыл сайынғы міндетті профилактикалық тексеріс ретінде бекітілген. Медициналық қызметтің бұл түрі кепілдендірілген тегін медициналық жәрдем көлемі аясында жүргізіледі.
Алайда, мемлекеттен ұсынылатын тегін медициналық жәрдемді халық қаншалықты пайдалануда? Алматы қаласында өткен «Скринингтік тексерулердің мониторингі және алғашқы медициналық көмек көрсету деңгейіндегі профилактикалық қызметтің жетілдірілу алгоритмдері» атты республикалық семинар-жиында ақ халаттылар осы мәселені талқылап, ұсыныстарын ортаға салды. Дәрігерлер халықтың, соның ішінде демографиялақ ахуалдың жақсаруына жауапты саналатын әйелдер қауымының скринингке келмейтінін жиі айтады. Оның себебі ретінде олар жұмысбастылықты сылтау ететін көрінеді. Ресми деректерге сүйенсек, соңғы жылда қан айналым жүйесінің түрлі аурулары бойынша 25-40 жас аралығындағы тексеруден өткен ерлер мен әйелдердің 93,43 пайызы дәрігерлердің «Д» тіркеуіне алынса, қалған 8,3 пайызынан аурудың белгілері анықталған. 2012 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 7 пайызға көтерілген. Ал, 2012 жылмен салыстырғанда бірқатар ауру түрлерінен көз жұму коэфиценті төмендеген. Мәселен, қайтыс болған адамдардың 27 пайызы қан айналым жүйелерінің ауруларына шалдыққан болса, скринингтің нәтижесінде өлу коэфиценті 14 пайызға төмендеген. Сол сияқты, жүректің ишемиялық ауруынан қайтыс болғандар 13 пайызға, бас ми қан тамырларының бұзылуынан мерт болғандар 6,2 пайызға төмендеп отыр. Мамандар бұл көрсеткіш дер кезінде көрсетілген алғашқы медициналық көмектің әсерінен дейді.
Статистика бойынша, жатыр мойнының ісік аурулары көбінесе 30-34, 35-39 жас аралығындағы әйелдерде жиі кездесетін көрінеді. Ал, анықталған ауру санының басым бөлігін 60 жас және одан жоғары жастағы әйелдер құрайды екен. 150-ге жуық медицина мамандары жиналған іс-шарада, сондай-ақ, онкологиялық аурулар, бауыр ісігі, кішкентай нәрестелердің құлақ аурулары және т.б. ауру түрлеріне қатысты мәліметтер айтылды.
Тоқ етеріне келсек, жиынның соңында ауруға шалдыққандар санын азайту мәселесі сөз болды. Мамандардың айтуынша, қыз-келіншектерді түрлі дерттен сақтандыру үшін оларды скрининг жайында мейлінше көбірек құлағдар етіп, скринингтен өтуге саналы түрде уақытылы келіп тұруға дағдыландыру керек. Ал, ол үшін жұмысбасты адамдарды жұмыс берушілері скринингтен өтуге міндеттеу керек. Мұның түрлі жолдарын Денсаулық сақтау министрлігі қазір қарастырып жатқандығы да жасырын емес. Десек те, ақ халаттылар «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген халық мақалын естен шығармауды сұрайды.
С.ҚҰМАБЕК
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024