Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілігі 15 қазаннан бастап көмір сатып алуға әлеуметтік көмек береді. Бұл туралы қала әкімшілігі хабарлайды.
40400 теңге көлеміндегі көмек зейнеткерлерге, мүгедектерге, мүгедек балаларға, көп балалы аналар мен пешпен жылытатын жер үйлерде тұратын отбасыларға беріледі. Яғни, көмір алғысы келетіндердің бәріне бірдей көмектеспейді. Бұл көмекті алу үшін өтініш беруші Нұр-Сұлтан қаласы, Достық, 13, Нұрсая-2 тұрғынүй кешенінде орналасқан Нұр-Сұлтан қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына өтінішімен бірге келесі құжаттарды тіркеуі керек:
– жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
– бір тоқсанда, алдыңғы мерзімде келген өтініш берушінің (отбасы мүшелері) кірісі туралы мәлімет;
– мәртебені растайтын құжаттың көшірмесі (зейнеткерлік туралы анықтама, мүгедектік туралы анықтама, балалардың туу туралы куәліктері);
– Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аумақтық органы берген жылжымайтын мүліктің жоқтығын дәлелдейтін анықтама;
– жалға алушылар үшін тұрғын үйді пайдалану құқығын растайтын құжат.
Ал Астанаға газ әлі жеткен жоқ. Ашық дерекөздердегі мәлімттерге қарағанда «Сарыарқа» магистральді газ құбырының 83% төселіп, Ұзындығы 1061 шақырымға созылатын құбырдың 885 шақырымында дәнекерлеу жұмыстары аяқталған. Астанаға газ биыл желтоқсанда жетеді деп жоспарланған.