arasha.kz

Әкімдік ғылым мен бизнестің арасын жалғауға ынталы

Табиғи байлыққа ғана негізделген экономиканың тығырыққа тірелері талассыз. Жер байлығы таусылады, ал адамның мүмкіндігі, қиялы, ойы шексіз. Сондықтан да өркениетті елдер озық ойлы, идеясы ұшқыр жандарға басымдық беріп, ғылым мен еңбекті ұштастыруға күш салып жатыр. Мұны еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өтті.

«Реформаларымыздың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту. Ол үшін тұрғындардың табысын көбейту керек. Азаматтардың өзін-өзі дамытуына барлық мүмкіндік жасалуға тиіс. Мұның бәрін мықты нарықтық экономика болса ғана, табысты жүзеге асады» деген еді Президент осы жиында. Расында, талап болған жерде алынбайтын қамал жоқ. Тек мықты межеге жетуде жоспардың ғана жүйелі болуына емес, халықтың да ынтасына назар аудару, қолдауға көңіл бөлу керек-ақ.

Президенттің үлкен мінберде айтылған сөзінен кейін Алматы қаласының әкімдігінде қолға алынған бастамалар аз емес. Мәселен, қалада бірыңғай кәсіпкерлікті қолдау орталығының ашылуы соның дәлелі.

«Халықты жұмыспен қамту, кіші және орта бизнесті қолдау барлық деңгейдегі әкімдер қызметінің басты бағыты. Осы орайда «Almaly» жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері бойынша халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды»,– деген Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев  орталық Алматыда ісін бастағалы отырған кәсіпкерлерге ақпараттық, қаржылық, құқықтық көмек беріп қоймай, туындаған қиындықтарды бірігіп шешуге жол сілтейтінін айтты.

Жалпы, халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтуынан пайда көп. Бұл үлкен мегаполистегі жұмыссыздықтың азаюына көмектесіп, азаматтардың өзіне деген ынта-жігерін арттырады. Әсіресе, Алматыда қыз-келіншектердің өз кәсібін ашуына барынша жағдай жасалған. Оның бірі «Бақытты Отбасы» орталықтарындағы «Іскер Ана» бағдарламасы арқылы іске асырылуда. Бағдарлама халықтың осал топтарына бағытталған нақты көмек.

Бұдан бөлек, жақында Алматы әкімдігімен бастамасымен менторлық бағдарлама ұйымдастырылып, оған Алматыда тұратын ынталы 51 әйел іріктеліп алынды. Қала әкімдігі мен Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған Менторлық оқу курсына қатысам дейшілер көп болды. Бұл қызмет негізінен «Мен кәсіпкер» жобасының әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағыты бойынша көрсетіледі.

Алматыдағы іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі Ақеркін Ералиеваның айтуынша, менторлық бағдарлама оң нәтиже берген. Осы шараға қатысқан 51 әйелдің  25-і бүгінде өз бизнесін табысты жүргізуге қол жеткізген. Өйткені, тәлімгер көмегімен кәсіп бастау, бизнесті тиімді жүргізу өте ыңғайлы. Оның үстіне,  бағдарлама бойынша дәріс алған әр қатысушыға менторлық сүйемелдеу осы жылдың соңына дейін көрсетіледі.

          «Кәсіп бастап, қарауына көптеген жұмысшы тартып, елімізді алға сүйреуге ынта танытқандар арасында қыз-келіншектер көп», – дейді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының төрағасы Әуез Тәйімбетов.

Әуез Бағбанұлының сөзінше әйелдердің жаңа кәсіп таңдаудағы тәуекелшілдігі, бастаған ісін соңына жеткізбей тынбайтын табандылығы тәнті етпей қоймайды. «Қыз-келіншектер әкімдік тарапынан ұсынылған көмек, қолдауға ғана иек артып отырмайды. Олардың өз бетінше ізденіп, үнемі ақыл-кеңеске құлақ түріп жүретіні байқалады» деген Тәйімбетов жақында өткен кездесудің де нәзік жандыларға пайдалы болғанын алға тартты. Бұл жиынға Алматы қаласының әкімдік өкілдерінен бөлек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен  «Атамекен» ӨКП және бизнес-қоғамдастық басшылары қатысқан. Шарада нарықтардағы кәсіпкерлердің проблемасы талқыланып, ғимаратты жалдау ақысы, салық және кедендік сипаттағы, сондай-ақ жер қатынастары мәселелері көтерілді. Кездесу барысында 40-тан астам кәсіпкер кеңес алған.

Алматы қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Превенция басқармасының басшысы Қанат Салимбаевтың пікірінше, мұндай шаралар құзырлы орган мен қарапайым кәсіп иелері арасындағы сенімді нығайтып, әріптестік байланысты жандандырады. «Бүгінде 8000-нан астам кәсіпкердің құқығын қорғадық. Алматыда шағын және орта бизнес кәсіпорындарының басым бөлігі шоғырланғанын ескере отырып, оларды бизнеске араласудың кез келген фактілері туралы хабарлауға шақырғым келеді», – деген Қанат Салимбаев кәсіпкерлердің құқықтық сауатын арттыруға ерекше көңіл бөлу керектігін алға тартты. Әсіресе, жаңа кәсібін бастағандар сырттан жасалған ықпалға шыдамайды. Ал құзырлы орындардың қолдауы олардың өзіне ғана емес, өзін мемлекеттің, әкімдіктің қорғайтынына деген сенімін нығайтады.

Бүгінге дейін кәсіпкерліктің дені тауар мен қызметті алып-сатуға негізделіп келгені жасырын емес. Мемлекет басшының тапсырмасына сай Алматы қаласының әкімдігі енді ғалымдарды ынталандыруға, ғылыми идеяларды жүзеге асыру үшін ғалым мен кәсіпкерлер арасында алтын көпір болуға ден қойып отыр. Соған орай таяуда Алматыда ғалымдардың идеялары мен әзірлемелері негізінде шағын инновациялық кәсіпорындар құру ұсынылды. Бұл жаңашылдықтың да қоғамды, елді ілгерілетуге септігі зор. Өйткені, Алматы – жаңа идеялар қаласы. Әр салада озық жетістіктерге жеткен, әлем мойындаған алғыр ғалымдардың көпшілігі осы Оңтүстік астанаға шоғырланған. Алматы кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен жиында көптеген ұсыныстар ортаға тасталды.  Осы ретте «AI-Qaral» ЖШС бас директоры Әсем Кенжебектің ұсыныстары көпшілік көңілінен шыққанын айта кетуіміз керек.  ұсынды. Оның айтуынша, ғалымдар жобасын бизнесмендер үшін тартымды болатын деңгейге дейін жеткізу керек. Бүгінде екі жақ арасында байланыс әлсіз. Ғалымдар өз идеясын жүзеге асыруға қаржы таппаса, бизнесмендер іске асыратын мықты жобаларға зәру. Сондықтан, әкімдік осы екі тарапты бір-біріне жақындататын, жаңалықты таныстыратын, бастаманың сәтті іске асырылуын қолдайтын алаң ұйымдастыра білгені жөн.

Бұл ұсыныс бойынша қазір Алматыдағы аудандарда әртарапты жұмыстар қолға алынуда. Инновациялар, IT және креатив индустриялар бүгінде әртүрлі салаларды қамтитын маңызды бағыттар. Қандай секторларға бармасаңыз да, инновациясыз алға қадам жасау өте қиын. Осыны ескере отырып қаладағы әр ауданның әкімдігі ғалымдар және бизнеспен жұмыс істеуге бейімделуде.

Алматы қаласы әкімдігіні көпшілік ұсынысына сай инновацияға деген сұранысты анықтайтын сауатты аналитикалық топ жасақтауда. Аналитикалық топ сұраныс пен ұсыныстарды анықтап, әрекеттесу аймақтарын көрсетеді. Сонымен бірге, әкімдік ғалымдардан бөлек, кәсіпкерлікті дамытуда жастардың да күш-қайратын, идеясын қолдануға қызығушылық танытып отыр.

Exit mobile version