Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Сәденов ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы, сотталған Кәрім Мәсімовтің «ауыр дертке шалдыққаны» туралы тараған сыбыстарды ресми түрде жоққа шығарды.
«Жазасын қалыпты жағдайда өтеп жатыр», – деді Сәденов мәжіліс кулуарында Мәсімовтің жағдайына қатысты қойылған сұраққа.
Мәсімовтің медициналық есепте тұрғаны немесе оған медициналық көмек көрсетіліп жатқан-жатпағаны туралы нақтылау сұрағына министр:
«Жоқ. Бүгінгі күні мен сіздерге ресми түрде айтып отырмын», – деп жауап берді.
Бұған дейін көктемде аты-жөні аталмаған дереккөздерге сілтеме жасай отырып, Мәсімовтің ауыр дертке шалдыққаны, оның ішінде онкологиялық ауруға ұшырағаны және жағдайының аса ауыр екені туралы ақпараттар тараған болатын.
Еске сала кетейік, 2023 жылдың 24 сәуірінде Астана қаласының соты ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовке қатысты үкім шығарды. Ол ҚР ҚК 175-бабы 1-бөлігі (мемлекетке опасыздық жасау), 179-бабы 3-бөлігі (билікті күшпен басып алу) және 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) бойынша 18 жылға бас бостандығынан айырылды.
Оның бұрынғы орынбасарлары – Анар Садықұлов, Дәулет Ерғожин және Марат Осипов тиісінше 16, 15 және 3 жылға сотталған.
2024 жылдың 30 мамырында Мәсімовтің жазасын өтеу режимі жеңілдетілетіні туралы хабар тарады. Бұл ақпарат 16 маусымда расталды – соттың алғашқы шешіміндегі қауіпсіздік деңгейі ең жоғары мекемеден орташа қауіпсіздік мекемесіне ауыстырылды.