Он екі мүшесі түгел бола тұра табыс табуға ерінетін тепсе темір үзетін азаматтардың бары рас. Ал олардың қасында тағдырдың сынына мойымай, арбаға таңылса да адал еңбегімен адамдардың жүрегіне жол тауып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар қаншама?! Өмірге құштар осындай жандардың істерін өзгелерге үлгі етіп қана қоймай, олардың базынасын да тыңдап көрдік.
БҚО Орал қаласындағы «Ғибадат» ЖШС-нің директоры, «Мүмкіндігі шектеулі жандарды кәсіби демеу» әлеуметтік жобасының авторы Біржан Қожақов бүгінде ағаштан түйін түйетін шеберге айналған. Ұлттық өнерімізді насихаттап жүрген Біржан Морякұлы «әрбір уақытым бағалы» дейді. Сегіз жыл жол полициясы инспекторы болып жұмыс істеп, халыққа адал қызмет еткен ол 2002 жылы қызметтік міндетін орындау барысында екі аяғынан айырылып, арбаға таңылған. Алайда тағдыр тауқыметіне мойымаған қайсар азамат қажыр-қайратының арқасында ұлттық нақыштағы жиһаз шығаратын «Ғибадат» кәсіпорнын құрып, жаңа іспен айналысуға күш-қуат тапты. Бүгінде кәсіпкер өзі секілді мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп, өзгелерге жаңа мамандықтарға оқыту арқылы өмірден өз орындарын табуына септігін тигізіп келеді. Бірақ мүмкіндігі шектеулі кәсіпкердің атқамінерлердің құрғақ уәдесі мен алдағы мақсаттарының орындалуына кедергілердің де көп екенін жасырып қала алмады.
«Қазіргі жасап дүниелеріміздің дені көпшілік көңілінен шығып жатыр. Еліміздегі індеттің таралуына байланысты жарияланған карантинге дейін қарауымда 35 адам жұмыс жасаса, соның 21-і мүмкіндігі шектеулі жандар болатын. Төрт айдың ішінде, өкінішке қарай, біразы жұмыстан шығып кетті. Он екі мүшесі сау жастардың барлығы қашып кетті. Қазір жастардың көпшілігі нәзік, қандай жұмысқа орналасса да тұрақты жұмыс жасамайды. Ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүргенді жақсы көреді. Оларды да кінәлай алмаймын. Себебі, қазір тапсырыс берушілер аз. Қазіргі уақытта солардан қалған 15 адам жұмыс жасап жатыр. Шамамен 90 пайызы жарымжан жандар. Осыған дейін талай кедергілерден өттік, жоқтық та болды, бірталай қарызға да баттық. Жұмысшылардың орнын сақтап қалайын, отбасын асырасын деп астымдағы көліктерді сатып жібердім. Қазір жұмыс жасап отырған ғимаратты жалға алып отырмыз. Ай сайын 475 мың теңге төлейміз. Қазір жалға берушілерге 2 миллионнан астам қарызбын. Бірақ ол үшін салымды суға салып, мұңайып жатуға уақыт тапшы. Тығырықтан шығар жол тауып, тіршілік жасау керек», – дейді Біржан Қожақов.
Аяғы жоқ болса да Алла берген екі қолына шүкіршілік ететін оның қайырымдылық жасауда қалталы азаматтардан асып түсетінін естідік. Алайда жақсылықты естіртіп жасағанды ұнатпайтын Біржан аға бұл туралы ашылып ештеңе айтпады. Есесіне тағдырдың сынағынан кейін араласатын адамдарының да қатары сиреп қалғанын айтқан ол: «Қос аяғымнан айырылғанда көп достарымнан да біржола қол үздім. Қиыншылық та көрдім. Қазір қасымда бір-екі досым ғана қалды. Осы кәсіпті қолға алып, аяқтан тік тұрғанымда, мүмкіндігім шектелген соң сырт айналғандар қайта келді. Өмір маған өткеннен сабақ алуды да үйретті», – дейді. Сөз арасында жарымжан жандарға кәсіп ашу оңай емес екенін айтқан Біржан Морякұлы: «Өйткені, мүмкіндігі шектеулі жандарға үкіметтен ешқандай қолдау жоқ. Тіпті, қазір министрліктер жиһаздарға мораторий жариялады. Тапсырыс мүлде жоқ. Сонда да болса қарап отырмай қазақтың дәстүрлі жиһаздарын шығарып жатырмыз. Бірде бар, бірде тоқпыз. Күнімізді көрудеміз. Он жерден карантин болса да қазақтың тойы бітпейді. Қыз ұзатып жатқандар тақтай, бесік, жер үстел мен сандықты міндетті түрде алады. Сол бізді қуантады. Ал енді баспасөз беттерінде, телеарналарда «Біз көмектесіп жатырмыз, бүйтіп жатырмыз» дегенді көреміз, бірақ оның барлығы қағаз жүзінде ғана. Мәселен, елімізде өз кәсібін ашып отырған мүмкіндігі шектеулі адамдар 1 пайызға да жетпейді. Бұрыннан кәсібін дөңгелетіп алған кәсіпкерлер мен блогерлер болмаса, жаңадан кәсіп ашу қиямет қайым. Барлығы бізден қашады. «Даму»-дан да демеу көріп отырған жоқпыз. Мен осы кәсіпті ашқан 15 жылда бірде–бір рет несие алып көрмедім. Несие алуға 20-25 рет өтініш жаздым, үнемі банк бас тартады. Ал қажетті станоктардың барлығын анамның үйін, астымдағы көліктерімді сатып қол жеткіздім. Арманым сол, мүгедектерге арналған арнайы ғимарат салғым келеді. Бірақ қаржы қолбайлау болып отыр. Облыс әкімі Ғали Есқалиевке, қала әкімі Абат Абайұлына да «70 пайыз Сіздерге тәуелдіміз, ақша сұрамаймыз, тек тапсырыс беріп қолдау көрсетіп жіберсеңіз» деген тілегімді айттым. Бірақ құрғақ сөз, жалған уәдеден басқаны көрмедік», – деп қынжылады Біржан Морякұлы.
QAZHETMED массаж орталығының директоры әрі негізін қалаушы Мунира Әдіретханқызы да есту қабілеті нашар болғанымен өз ісінің хас шебері. 1995 жылдан бастап шығыстың нүктелі массажын қолға алған ол қазір өз саласының майталманына айналыпты. «Қытайдан алғаш келгенімде екі ай бір апайдың үйінде жүріп жұмыс істедім, кейін салонды жалға алып қасыма 7-8 қызды шақырып, білгенімді үйретіп, бірге жұмыс жасай бастадық. 2018 жылдан бастап шәкірт оқытуды түбегейлі қолға алдым. Бүгінге дейін 700-ге жуық шәкірт тәрбиеледім. Соның ішінде тең жартысы өз кәсібін ашып, көпшілігі сол үйренген массаждары арқылы нәпақасын тауып жүр. Отыздай шәкіртім өз дәрежеммен бірдей шәкірт тәрбиелеп, оқыту ісімен айналысып жатыр. Бұл менің үлкен жетістігім деп білемін. Қытайдан келгендегі мақсатым – халыққа қызмет жасап, білгенімді басқалармен бөлісу болды. Арман-мақсатыма жеттім, жұмыс жасауда мен үшін ешқандай қиындық жоқ. Қиындық болса, барлығымен күрестік. Өмір қиындықтан тұрады. Ол болмаса өмір қызықсыз болар еді. Мен үшін алынбайтын қамал жоқ. Өйткені, өз кәсібіме адалмын, өз ісіме ғашықпын. Тіпті, 60-68 жастағы шәкірттерім бар, 10-15 жыл үйде баламен отырып қалған қыз-келіншектерді де жұмыспен қамтамасыз етіп жатырмыз. Өзінің кәсібінен жақсы табыс таппаған келіншектерге де табыс табудың жолын үйретудеміз. Шынын айтсам, кәсіп ашарда мемлекеттен ешқандай көмек сұраған жоқпын. Адам өзіне сенсе, өз қалағанына жетеріне сенемін», – дейді Мунира Әдіретханқызы.
Ж.МҮСІЛІМ