Кәсіподақ жұмысы мейлінше ашық, белсенді, пәрменді болғанда ғана азаматтардың сенімі нығаяды. Себебі кәсіподақтың өзін тыңдайтынына, дауысын еститініне көзі жеткенде халық санасында «Кәсіподақ – қорғаның» деген пікір орнығады. Мұндай көзқарастың қоғамда орнығуы кәсіподақ жұмысына тікелей тәуелді. Мәселелерді шешуде, түйткілдерді тарқатуда кәсіптік одақтар елмен бірге болуы шарт. Алматы қаласындағы кәсіподақтар ұйымы осы үдеден шығып келеді. Еңбек құқығын сақтауда, жұмыс күшінің мүддесін қорғауда белсенді қызмет ететін бұл құрылымның жұмысын жандандыруда Алматы қаласы әкімдігінің көмегі көп. Әкімшілік кәсіптік одақтардың кедергісіз жұмыс істеуіне тұрақты қолдау көрсетуде.
Кәсіподақтардың жүйелі жұмыс істеп, ауқымды күшке айналуы Алматы қаласының әкімдігі үшін де керек. Өйткені, оңтүстік мегаполис – қызметтік өсуге, өз кәсібіңді дөңгелетуге, жұмыс істеп жағдайыңда түзеуге мүмкіндік беретін үлкен алаң. Ал осындай алып қалада еңбек нормаларының сақталуы, жұмыс беруші мен жұмысшы арасында даудың болмауы еңбек өнімділігін арттырып қоймай, қоғамдағы үйлесімділікті сақтауда ерекше маңызға ие. Алайда оны тек әкімдік күшімен қалыпты ұстау мүмкін емес. Сондықтан көп ретте әкімшілік кәсіподақтар тарапынан айтылған өтініш, ұсыныстарға, талап, тілектерге назар аудара отырып, өнімді жұмыс жүргізуге басымдық береді.
Айталық жақында «Алматы кәсіподақтар ұйымы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйытқы болуымен «2023-2026 жылдары түрлі мақсатты топтар жұмысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық насихат жүргізудің жоспарын» талқылау мақсатында кең көлемдегі дөңгелек үстел өтті. Алматы қаласының еңбек инспекциясы басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылған шара барысында еңбек ұжымдарында жемқорлыққа жол бермеудің тетіктері сарапқа салынды.
Жиында сөз алған Алматы қаласының еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Еркінбек Әмірғалиев сыбайластықтың ұжым бірлігіне сына қағып, өзара сенімсіздік туғызатынын алға тартса, «Алматы кәсіподақтар ұйымы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің жетекшісі Қайрат Қаратаев жұмысшылар тарапынан қандай жемқорлық әрекеттеріне жиі шағым түсетінін, жемқорлыққа, парақорлыққа итермелеген жағдайларда қандай қадамдар жасау керектігіне жан-жақты тоқталды. Ал «Демеу» локальды кәсіподағы төрағасының кеңесшісі Абай Сейдалиев Алматыдағы кәсіподақтар қызметіне тоқталып, жемқорлық бойынша түскен шағымдар мен сауалдар жөнінде баяндап берді.
Осы жиынның өзі Алматыдағы кәсіподақтар мен әкімдік арасында ашық диалог орнағанын көрсетеді. Қазіргі кезде Алматыда әр сала, әр жұмыс орны жеке кәсіподақ құрып, еңбек дауларына жол бермеу үшін бірігіп қызмет етуде. Бабаларымыз мұндайда «Бірлігі бекем елдің белін ешкім сындырмайды» деп тауып айтқан. Ынтымақта жұмыс істеудің көрінісін Алматы қаласының әкімдігі, «Алматы Кәсіподақтар одағы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, «Алматы қаласы Кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы арасындағы Өңірлік келісім бойынша қолға алынған жұмыстардан да байқауға болады. Осындай көпқырлы келісімдердің нәтижесінде қаншама жеңілдіктер мен қайырымдылық іс-шаралары қолға алынды. Өндірісте жүрген жұмысшылардың мәселесін ашық айту, сол мәселелерді бейбіт түрде шешу, жұмысшылар мен жұмыс беруші арасына шынайы дәнекер болу – кәсіподақтарды жыл өткен сайын шыңдай түсті.
Алматы қаласында орналасқан, білім, денсаулық, БАҚ, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіп, тағы басқа да 22 мүшелік ұйымның 160 мыңдай мүшесі бар. Осы аталмыш кәсіподақ ұйымына мүше ұйымдар мен мекемелер өзара тығыз байланыс орнатып, іскерлік деңгейде басымдыққа ие болған. Ал Алматы қаласының әкімдігі кәсіподақтарды таныстыру, бағыт-бағдарын көпшілікке жеткізу, оларды насихаттау бойынша тұрақты қолдау көрсетуде. Ол үшін әкімдіктің сайттарын, әлеуметтік желідегі парақшаларын, сонымен бірге аудандық әкімдіктер таратқандар хабарламаларға көз жүгіртсек жеткілікті. Мұндай ақпараттық, танымдық хабарлардан азаматтар «Кәсіподақ ұйымы деген не? Ол кімдердің құқығын қорғап, кімдердің мүддесі үшін жұмыс жасайды?» деген ең негізгі сауалдарға толыққанды жауап алады. Соның арқасында қаладағы кәсіподақ ұйымдары кез келген келеңсіз іске бел шеше араласатын, одан бөлек еңбеккерлердің еркін өмір сүріп, дем алуына жағдай жасап, қарапайым еңбекшілердің қалқаны болып отыр. Бүгінгідей еліміз нарықтық экономикаға көшіп, салт-санамыз бен құқықтарымыз еркін болған кезеңде еңбеккерлердің 90-95 пайызының кәсіподақты пана тұтатыны байқалады.
Кәсіподақтармен бірігіп жұмыс жүргізіп, олардың талап-тілегіне сараптама жасаған Алматы қаласының еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Еркінбек Әмірғалиевтің айтуынша, соңғы жылдары Алматыда жұмысшы мен жұмыс беруші арасында еңбек келісім-шарты мен құқықтарының бұзылуы жиі кездесіп отыр. Сонымен бірге, қарапайым жұмысшылардың жалақысын кешіктіру, әлеуметтік жеңілдіктер мен еңбек заңнамаларының сақтала бермейтініні де үйреншікті дағдыға айналған. Міне осындай сындарлы сәтте Кәсіподақ ұйымдары арқа сүйер сүйенішің болары, алғашқы болып көмекке келетіні рас.
Жақында Алматы қаласының әкімдігі мен Кәсіподақтар бірлестігі мұрындық болып қаладағы кафе, мейрамхана, тойханаларда рейд жүргізіп, жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы еңбек келісімшартының толтырылуына бақылау жасалды. Сонда байқалғаны, әкімдік тарапынан қаншама түсіндіру жұмыстары, сауаттандыру шаралары қолға алынғанымен, еңбек келісімшартын жасамайтын, бұл құжатқа көңіл бөлмейтін азаматтар аз болмай шықты. Осы азаматтар ертең жұмыс орнында төтенше жағдай орын алса, жазатайым дене жарақатын алса еңбек келісімшартынсыз ешқандай өтемақы ала алмайтынын білмейді. Тіпті еңбек келісімшартын жасамағаны үшін заңсыз жұмыстан шеттетілген, жалақасын ала алмай қалған азаматтар баршылық. Әкімдік пен кәсіподақ бірлестігі осындай заңсыздықтарға тосқауыл қойып, тұрғындар арасында еңбек дауларының орын алуына жол бермеу үшін ақпараттандыру ісін де тұрақты жүргізіп, құқықтық түсіндіру бойынша да кешенді шараларға мұрындық болуда. Мұның барлығы азаматтардың еңбегін бағалауға бағытталған.