28-09-24 |
3800 рет қаралған
Кәсіподақ – қызметкерлер мүддесін мінсіз қорғаушы.
Кәсіподақ – қызметкерлер мүддесін мінсіз қорғаушы

Кәсіптік одақтар – қызметкерлер құқығын қорғаушы, жұмысшы мен жұмыс беруші арасын жалғаушы. Олар бүгін өзіне жүктелген міндеттерді талапқа сай атқара алып отыр ма? Сауалымызды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағы» ҚБ төрағасы Талғат Мекебаевқа қойған едік.

– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қызметкерлерінің кәсіподағы 1994 жылдың 11 наурызында тіркелген. Құрамында 4000-нан астам мүшесі бар үлкен қоғамдық бірлестік. Алғаш құрылған кезінен бері «Парасат» кәсіптік одағы қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек, құқықтық және экономикалық жақтан қорғалуын қамтамасыз етіп, қызметкерлердің демалысын, бос уақытын тиімді ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізіп келеді. Кәсіподақ тарапынан университет қызметкерлеріне материалдық көмек көрсету бойынша шешімдер қабылданып, жеке еңбек даулары бойынша өтініштер қаралады. ҚазҰУ басқарма төрағасы-ректоры Ж. Түймебаев білім алушылар мен оқытушыларға барынша қолайлы жағдай жасауға айрықша мән беріп келеді. Айталық, кәсіподақ санаторийлерге жолдама құнының 50% – ы және қызметкерлер балаларына арналған жазғы лагерьлерге 100% – ға дейін жеңілдік мөлшерінде өтемақы төлейді. ҚазҰУ-да оқитын университет қызметкерлерінің балаларына оқу ақысына да жеңілдіктер қарастырылған.

– Талғат Құмарғалиұлы, кәсіподақ өзіне сенген қызметкерлердің құқығын ғана қорғап қоймай, нәтижелі жұмыс істеп, жақсы демалуына да жағдай жасауы керек емес пе?

Оныңыз рас. Тек биылдың өзінде біздің кәсіподақ қызметкерлердің денсаулығын, жұмыспен қамтылуын және әлеуметтік мәртебесін қамтамасыз етуге бағытында бірқатар іс-шаралар өткізді.Спартакиада жыл сайын бірнеше рет тұрақты ұйымдастырылады. Бұл қызметкерлер арасындағы бірлікті нығайтып, салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етеді. Наурызды мерекелеу, балаларды қорғау күнін ұйымдастыру, бірінші сынып оқушыларына мектеп қоржынын тапсыру, «мамандығы бойынша үздіктерді» анықтау үшін байқаулар өткізу де  кәсіподақтың негізгі міндеттемелерінің бірі.

Тағы бір айта кетерлігі,  2022 – 2025 жылдарға арналған Ұжымдық шарт әзірленіп, қол қойылды. Бұл үшжақты құжат әрбір үш жылға жасалады және республиканың еңбек заңнамасын мүлтіксіз сақтау, атқарушы биліктің, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі, өзара сыйластық пен түсіністікке барынша қол жеткізу қағидаттарын қамтиды. Ұжымдық шартта тараптар – қызметкерлер мен жұмыс берушінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған еңбек қатынастары реттеледі. Осы шартты талқылау барысында 20-дан астам ұсыныс келіп түсті. Қызметкерлер тарапынан айтылған барлық ұсыныстар шарт жобасында ескерілді.

– Жаңа ұжымдық шарттың ерекшелігі неде?

– Жаңа Ұжымдық шарт шеңберінде қызметкерлерді әлеуметтік қорғау туралы заңнама нормаларын іске асыру, жетекші үкіметтік емес ұйымдармен, өңірлік және салалық кәсіподақтар бірлестігімен диалог алаңдарын ұйымдастыру міндеті қойылып отыр. Ұжымдық шарт үш бөлімнен тұрады: нормативтік, міндетті және ақпараттық. Нормативтік бөлімде еңбек заңнамасына сәйкес тараптар өз құзыреті шегінде белгілеген жергілікті нормалар қамтылады. Міндетті бөлігінде еңбек тәртібін нығайту және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың даму стратегиясында көрсетілген міндеттерді іске асыру мақсатында тараптар мен жауапты тұлғалардың міндеттемелері айқындалады. Ақпараттық бөлімде еңбек жағдайларын жақсарту мақсатында Ұжымдық шарт тараптарының құқықтары мен мүдделерін іске асыруға бағытталған қосымша талаптар айқындалған.

Шартта кәсіподақтың әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың азаматтардың өтініштерін қарау тәртібі нақтыланып, еңбек ардагерлері, жұмыскерлердің еңбегін әлеуметтік қорғау туралы тиісті актілерін әзірлеуге қатысуы туралы ережелер пысықталды.

Университеттің заң факультеті кәсіподақ комитетіне үлкен көмек көрсетіп келе жатыр. Соның арқасында кәсіподақ пен факультет түрлі мемлекеттік бағдарламалық құжаттарды, оның ішінде елдің әлеуметтік даму тұжырымдамасын іске асыруға қатысуда. Халықты әлеуметтік қорғау, ғылыми және білім беру қызметін дамыту саласындағы нормативтік актілердің жобаларын талқылауда да өзіндік ұстаным білдірді.

Жаңа Ұжымдық шарт заңнамаға, бас және салалық келісімге сәйкес келеді, әрі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың даму стратегиясын іске асыруға бағытталған. Мысалы, 6.2-тармаққа сәйкес, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы ғылыми, педагогикалық және оларға теңестірілген қызметкерлер үшін ұзақтығы 56 күнтізбелік күнді қамтиды.  Әкімшілік-басқарушы персонал, оқу-көмекші персоналдары және қызмет көрсетуші персонал үшін демалуға күнтізбелік 30 күн берілген. Алайда  бұл тұста да кәсіподақ ұсынысымен осы демалыс күндеріне қосымша жеңілдік қарастырылып отыр. Сәйкесінше, жұмыс өтілі көп қызметкерлерді ынталандыру үшін жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы ұзарып отыр. Мәселен, университеттегі жұмыс өтілі 10 жылдан асқандар басқалар сияқты 30 күн емес, 33 күн, өтілі 15 жылдан асқандар 35 күнтізбелік күн демала алады.

– Мұндай артықшылықтың берілуі университеттегі кадр әлеуетін арттырары сөзсіз. Кәсіподақ ұсынатын жаңашылдық мұнымен шектелмейтін болар?

– Әрине, осы салада талай жылдан бері қызмет етіп жүргендіктен, қызметкерлерге ненің қажет екенін, нені қалайтынын білеміз. Көпшілік ұсыныс-пікірін ескере отырып талай бастамаларды қолға алдық. Сондай-ақ, кәсіподақ қызметкерлердің жауапты сәтінде де қол ұшын созып, қолдаудан жалыққан емес. Одан бөлек,     жұмыскерлерді әлеуметтік қорғау мақсатында, олардың өтініштері негізінде некені тіркеуге байланысты – 4 күнге дейін; баланың дүниеге келуіне байланысты – 5 күнге дейін; жақын туыстарының қайтыс болуы – 5 күнге дейін жалақысы сақтала отырып, демалыс берілетінін атап өткен жөн.

Сонымен қатар, қызметкерлерді әлеуметтік қолдау мақсатында жыл сайынғы еңбек демалысы кезінде сауықтыру шараларына жәрдемақы төленеді. Жәрдемақы төлеу кезінде  қызметкердің санаты ескеріледі.

– «Парасат» кәсіподағының еліміздегі түрлі апаттар кезінде қайырымдылық көмек беруден де шет қалмайтынын байқап жүрміз.

– Расында университет елдегі төтенше жағдайдың бәрінде халықпен бірге екенін көрсетті. Осындай сындарды шақтарда ұжым бір ауыздан бір күнгі жалақыларын зардап шегушілерге аударып келеді. Бірлігі бекем ұжымның бағындырар биігі көп екені осыдан байқалады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.