arasha.kz

Кәсіподақ шетелдік жұмысшыларға берілетін квотаны азайтуға ынталы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 20 желтоқсанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысына қатысып, ондағы сөйлеген сөзінде өзінің тапсырмасы бойынша өткен айда шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарда еңбек және көші-қон заңдарының сақталуына аудит жүргізілгенінен алға тартқан болатын. Соған сәйкес, аудиторлар көмегімен тексерілген 95 компаниядан 930 заң бұзушылық фактілері анықталған. Елдегі жұмыссыздық мәселесі толық шешімін таппай отырған тұста шетелдік жұмысшыларға бөлінетін квотаны реттеу ешқашан өзектілігін жоймақ емес. Осыған орай, сенім кеңесінің отырысына жиналғандар алдағы уақытта бұл бағытта басты назарда болатын бірқатар шараларды белгілеп, оны шешудің тетіктерін талқыға салған болатын.

Атап айтқанда, 2020 жылға шетелдік жұмыс күшін тартуды 40 пайызға қысқарту белгіленіп отыр. Бұрын мұндай квотамен 49 мың адам Қазақстан шекарасынан өтіп, өзіне нәпақа табатын. Енді бқл саны бірден 29 мыңға дейін қысқармақ. Сонымен қатар, бұдан кейін 250-ден астам жұмысшылары мен 30-дан астам шетелдік жұмысшылары бар барлық кәсіпорындар тұрақты тексеруден өткізіліп тұрады. Мұндағы мақсат шетелдік жұмыс күшін тартуға не себеп болғанын айқындау, шетелдіктер мен жергілікті жұмысшыларға төленетін айлық пен белгіленген жұмыста айырмашылықтың болмауын қамтамасыз ету. Өйткені, құрылтайшысы шетелдік азаматтар болып табылатын көптеген өндіріс орындарында шетелдіктерге айрықша көңіл бөлініп, ерекше жағдай жасалып келгені тексеру кезінде анықталып, халықтың өкпе-ренішін туғызғаны белгілі. Соған орай шетелдік жұмыс күшіне квота белгілеу ережелері мен рұқсат беру ережелерін қайта қарау да кезек күттірмейді. 4-ші санаттағы шетелдік жұмысшыларды қысқарту (жұмыс мамандықтары) қарастырылып, кадрлардағы жергілікті жұмысшыларды қамтуға қойылатын талаптар да былтырдан бері күшейтілуде. Осы мақсатты жұмысты үйлестіру үшін Үкіметке шетелдік азаматтардың еңбек қызметін қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң түрде қамтамасыз ету бойынша одан әрі шаралар қабылдау тапсырылған болатын.

Елдегі ең ірі қоғамдық ұйым саналатын, әрі қарамағында 2 миллионнан астам мүшесі бар ҚР Кәсіподақтар федерациясы да бұл шарадан тыс қалмай, оған өз үлесін қосуда. Жалпы кәсіподақтар ұйымының шетелдік және жергілікті жұмысшылар құқығына қатысты туындайтын түйткілдерді анықтап, шешуде айтарлықтай жұмыс атқарып отырғанына көпшілік куә. Бұл жолы да толғақты іске білек сыбана кіріскен кәсіподақтар федерациясы шетелдік жұмысшылары бар ірі компания, өндіріс орындар ең алдымен нысанаға алды. Сонымен қатар, кәсіподақтар бұл мәселеде туындайтын кемшіліктерді талқылап, оңтайлы шешімін табу үшін жауапты құзырлы орындардың басын қосып, диалог алаңын ұйымдастырушы қызметін де мінсіз атқарып отыр.

Оған жақында Ақтөбеде өткен шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаға сұраныс тапсырған мекемелердің өтініштерін қарау жөнінде ұйымдастырылған комиссия отырысы дәлел бола алады. ҚР Үкіметінің 2016 жылығы 15 желтоқсандағы 802-ші қаулысына сәйкес Ақтөбе облысы бойынша 2021 жылға 106 мекеме 1900-ден астам адамға өтініш білдірген көрінеді. Бұл аз өтінім емес. Және осы күнге дейін мұнай-газ, өндіріс саласына жеткілікті маман дайындаған біздің елімізде шетелдік мамандардың жоғары сұранысқа ие болып отырғаны қалай? Бұл өз мамандарымызды менсінбеу ме, әлде өзге елдердің мамандарын үздік көретін солақай психологияның кесірі ме? Комиссия мұнайсервистік компанияларына берілетін квотаның санын қысқарта отырып, оларды қайта өндеу, ауылшаруашылық, жаңа технологиялар тартуға арналған жаңа инвестициялық жобаларға беруді шешті. Бұл басым бағыттар Кәсіподақтар федерациясының съезінде де айтылған болатын. Онда федерацияның 5 жылғы жұмысы қорытындыланып, алдағы бес жылдағы қызметінің басым бағыттары анықталған болатын.

Осы алқалы басқосуда ҚР Приезиденті атынан құттықтау сөз сөйлеген ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев: «Кәсіподақтар федерациясы еңбекке қатысты дау-дамайларды шешудің басты бастамашысына айналуы керек. Жұмысшылардың құқықтарын жүйелі түрде жүзеге асыру арқылы ғана әлеуметтік қызметкерлердің күмәні мен сенімсіздігін жоюға болады. Федерация үшін еңбек дауларын болдырмау үшін, әсіресе ірі кәсіпорындарда, өзінің әлеуетін жақсарту өте маңызды. Әлеуметтік серіктестік жөніндегі екіжақты комиссия шеңберінде функцияларды нақты бөліп, оның орындалуын тұрақты бақылауды қамтамасыз ету қажет. Бұл Федерацияның тиісті министрліктермен және әкімдіктермен жұмысшылардың делдалдығы бойынша бірлескен жұмыс үшін өзара іс-қимылының нақты алгоритмін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бізге барлық деңгейдегі кәсіподақтар арасындағы заманауи қолжетімді ақпараттық байланыс қажет. Ақпараттық кеңістікте қоғаммен өзара әрекеттесудің сындарлы арналарын құру қажеттілігі сезіледі», — деген болатын.

Ал Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин өз пікірінде кәсіподақтарға экономикалық сараптамасы мен талдауын белсенді дамыту қажет деген міндеттеме қойғаны есімізде. Бұл жерде олардың қадамы ең алдымен жалақы бойынша келіссөздерге нақты құқық алуға бағытталады. Сонымен бірге, табыс деңгейінде теңсіздікті қысқартуды талап ету бойынша пәрменді келіссөздер жүргізілмек. Бұған қоса, басшылық құрамға корпоративтік бонустарды «тоқтата тұру», ең төменгі жалақыны арттыруға қол жеткізу бойынша қатаң талаптар қою жұмысшылар мүддесін қорғауға көмектесері анық.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, бүгінгі таңда еңбек жағдайларын және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу бойынша міндеттемелерді айқындау мақсатында жұмыскерлер үшін 19 салалық, 200-ден астам өңірлік келісімдер, сондай-ақ 136,5 мың ұжымдық шарт жасалып, қолданылуда.

Exit mobile version