10-06-24 |
4860 рет қаралған
Кәсіподаққа кіру ерікті.
Кәсіподаққа кіру ерікті

Кәсіподақ бірлестігі ең көп құрылатын еңбек ұжымдарының бірі – білім ордалары. Оның ішінде мектеп мұғалімдері кәсіптік одаққа топтасып, өз құқықтары мен мүдделірін осы ұйым арқылы шешуге дағдыланған.

– Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін үш жыл университетте студенттерге дәріс оқыдым. Ол жерде кәсіподақтың айтарлықтай ықпалын көрген жоқпын. Кейіннен мектепке ауыстым. Мектепке алғаш кіргеннен кәсіподаққа мүшелікке өтетінімді сұрады. Яғни, кәсіподаққа кіру, кірмеу өз еркімде екенін, оның артықшылығы мен міндеттемелерін жақсылап түсіндірді. Осылайша мен өз қалауыммен кәсіподаққа мүше болдым, – дейді Алматы қаласындағы №172 мектеп-гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Мақпал Мәлікқызы.

         Жас педагогтың айтуынша, кәсіподақ тарапынан көмек аз болмаған. Әсіресе, жұмысын мейлінше ашық, жариялы, белсенді атқаратындықтан, кәсіподаққа сенім жоғары.

– Кәсіподақтың беделі жоғары. Әлеуметтік желілерде кейбір білім ордаларының ұстаздары кәсіподақ тарапынан ешқандай жұмыс жүргізілмейтінін, жарнаны босқа аударып жатқандарын айтып, реніштерін білдіреді. Ал біздің кәсіподақ сөзін тыңдата да, орындата да алады. Мәселен, мен оның ең алғашқы пәрменді ықпалын сағат бөлу кезінде көрдім. Кәсподақ мүшелері мектеп басшылығымен бірге ақылдаса отырып, сағаттың теңдей, әділетті бөлінуін қадағалады. Көпбалалы, жалғызбасты аналардың құқығын қорғап, пәтер жалдап тұратын жастардың жағдайын айтып барынша жалақысының күнделікті сұранысын өтетйтіндей болуына назар аударды. Содан болар, біздің мектепте сағатқа байланысты мәселе өте жауапты әрі орнықты шешіледі, – дейді Мақпал Мәлікқызы.

         Бұл мектептің кәсіподағы жастардың біліктілігін көтеретін шараларды үнемі іздестіріп, ұстаздардың бос уақытында тәжірибесін шыңдауына атсалысуда. Кәсіподақ күнделікті қауырт жұмыстан шаршап жүрген мұғалімдерді ынталандыратын түрлі конкурстар ұйымдастырып, әр мерекені есте қаларлықтай өткізуде де тәжірибе жинақтаған. Ұстаздардың жазғы демалысын денсаулыққа пайдалы әрі тартымды өткізу үшін санаториялық-курорттық демалыс орындарымен келісімге келіп, төмен бағада жолдама беру мәселесін де орнықты шешкен.

         Әрине, егер барлық ұжымның кәсіплдағы дәл осы мектептегідей тындырымды, сапалы, белсенді жұмыс істесе кәсіподаққа қатысты қандай да бір реніш, түсінбеушілік туындамас еді. Сонымен бірге, әлеуметтік желілерде де мұғалімдер бұл ұйымға шағым айтпас еді. Өкінішке орай, өз ісіне салғырт қарайтын, жауапсыз тұлғалар қай жерде де бар. Және олар бүкіл осындай ұйымдардың бет-бейнесіне нұқсан келтірері анық. Мұндай жағдай туындамас үшін әр ұжым өз арасынан кәсіподақ мүшелерін таңдағанда жауапты, көпшілікті ұйымдастыра алатын, қолынан іс келетін, мәмілелер жасай білетін адамдарға басымдық бергендері дұрыс. Ең бастысы, кәсіподаққа жетекшілік ететін адам құқықтық тұрғыдан жан-жақты сауатты, білім министрлігінің барлық бұйрық, талаптарынан хабары бар, егер заң нормаларына бұзылған кезде өзінің ғана емес, кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғай алатындай батыл, сауатты болуы керек. Кәсіподақ мүшелері көпшілік жинаған жарнаның дұрыс, үйлесімді жұмсалуына, қажет іс-шараларға бағытталуына жауапты. Ал олар осы міндеттемені үйлесімді атқаруы үшін кәсіподақ мүшелері де кемшіліктерді жасырып қалмай, көпшілік талқысына шығарып, түйткілді бірден шешіп алуға талап жасағаны дұрыс.

         Ұстаздар кәсіподағы дегенде Сұлтан Сүлеевтің есімі қатар аталады. Көп жылдық педагогтық тәжірибесі бар, құқықтық тұрғыдан терең сауатты Сүлтан Сүлеев бірнеше жылдан бері Алматы облыстық салалық кәсіподақтар ұйымының төрағасы қызметін атқарып келеді. Сүлеев кәсіподақ төрағасы ретінде ұстаздардың пікірін құзырлы органдарға ашық жеткізіп, батыл ұсыныстар айтуымен да танымал. Кезінде едагогтар мәртебесі туралы заң жобасы қаралғанда осы Сұлтан Сүлеев бастаған ұстаздар құжаттағы олқылықтарды нақты көрсетіп, өзара ашық талқылаулар ұйымдастырып, заң жобасының сапалы түзілуіне үлес қосқан болатын.

Одан бөлек, Сүлеев жетекшілік ететін кәсіподақтың сотқа тартылған, мектеп басшылығынан зәбір көріп, шарасыз қалған ұстаздардың құқығын қорғауда да белсенді әрекет еткенінен көпшілік жақсы хабардар. Жалпы қарапайым ұстаздар үшін өзінің жалғыз қалмағанын, артында кәсіподақ ұйымының тұрғанын сезінуінің өзі үлкен күш, жақсы көмек. Мұны мектеп директорымен соттасқан қатардағы ұстаздардың бірі Айман Сағидолланың ісінен анық аңғаруға болады. Алдымен Алматы облысының Іле аудандық сотында, кейіннен Талдықорған қаласындағы апелляциялық сотта ісі таразы басына салынған ұстаздың жанынан кәсіподақ мүшелері үнемі табылды, қолдау, көмегін аямады. Айман Сағидолланың сот процесінде жеңіске жетуіне де осы ұйымның тұрақты қолдауының әсері мол. Себебі, бұл жерде кәсіподақ мүшелері тек ұстаздың қасында болып, сот отырыстарына қатысумен шектелмеді. Сонымен бірге, әлеуметтік желі, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өзекті мәселеге бүкіл республика ұстаздарының назарын аударды. Еліміздің әр түкпіріндгі мұғалімдер мәселенің жылы жабылып қалмауына ықпал етіп, қарапайым ұстаздың сотта үстем болуына көмегін аямады. «Күш бірлікте» деген осы.

Сот отырысы барысындағы осы әрекеттері арқылы Алматы облысының кәсіподағы жалпы ұстаздар қауымына өз құқығын таптатпауға үйретті, ең бастысы, кәсіподақтың мықты, ұйымшыл, пәрменді ұйым екенін сөз жүзінде емес, нақты іс жүзінде дәлелдеді.

Білім ордаларындағы кәсіподақтардың жұмысы қауырт, жауаптылығы жоғары. Себебі, бұл ұйым өзіне қатарына қосылған азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаумен тікелей айналысады. Кәсіподаққа мүше болған ұстаздар заңда көрсетілген барлық жеңілдіктер мен мүмкіндіктерді пайдалану құқығы туралы хабардар болып, келісілген жұмыс уақыты мен мөлшері, кепілді жалақы, заңда көрсетілген демалыс уақыты және тағы басқа міндеттерінің талапқа сай болуын қамтамасыз етілмеген жағдайда қандай әрекет жасау қажеттігін жақсы біледі. Сондай-ақ, қызметкердің жылына бір рет алатын демалыс қаражатының, демалыс алдында арнайы төленетін сауықтыру қаражатының дұрыс есептелуі де кәсіподақ назарында. Кәсіподақ ұжымдағы еңбек дауларына да жиі араласады. Мәселен, мектепте сағат бөлу, кезекшілік кестесі, сабақ кестесі тағы басқа мектептегі көптеген шаруалар да кәсіподақ ұйымының бақылауымен реттеліп отыр. Жекелеген кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік жағдайына мониторинг жасалып, барынша көмек беріледі.

Ең бастысы, әр ұжым кәсіподақ ұйымының құрып қана қоймай, оның басында сауатты, батыл, жанашыр адамдардың тұруына жіті назар аударғандары жөн.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.