«Qazaq Media Association» медиа саласындағы заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлердің бірлестігі биыл 80 жасқа толып отырған белгілі диктор Сауық Жақановаға «ҚР Халық әртiсi» атағын беруді сұрап, үндеу жасады.
Назарларыңызға журналистердің мәлімдемесін толықтай ұсынып отырмыз:
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі
Ерлан Тынымбайұлы Қаринге
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінiң Төрағасы
Ерлан Жақанұлы Қошановқа
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі
Аида Ғалымқызы Балаеваға
Есiмi Ұлттың үнжариясы – «Қазақ радиосының» даму жолымен тығыз байланысты, белгілі диктор Сауық Мәсiғұтқызы Жақанова биыл 80 жасқа толып отыр. Ардагер радиодағы жарты ғасырға жуық қалтқысыз қызметінің арқасында халық арасында «Қазақ радиосының сандуғашы» атанды. Жақанованың дара дауысымен дыбысталған ертегілер мен өзге де танымдық радиохабарларды бiрнеше буын тыңдап өсті. Бүгінде «Қазақстан» Республикалық Телерадиокорпорациясының «Алтын қорында» диктор дыбыстаған 600-ге жуық радиохабар, 100-ден аса ертегі сақталған. Бұл рухани мұра кейінгі ұрпаққа құнды мирас болып қала бермек. Сондай-ақ бүгінде журналистика майталмандарына айналған, тәлім, тәрбие берген шәкірттері бір төбе.
Сауық Мәсіғұтқызының тәуелсіздік алған жылдары берілген «Қазақстанның еңбегі сіңiрген артисі» (12 желтоқсан 1995 ж.) және «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2 желтоқсан 2021 ж.) құрметті атақтары болса да, диктордың бейнетінiң зейнетiн көрер шағында ҚР Президентінің Iс басқармасы медициналық орталығына тiркелiп, тегін ем-дом алып, әртүрлі шипажайларда демалуы үшін тиісті орындарға тiркелуiне қауқары жетпей отыр. Ол үшін Сауық Жақанованың одан да жоғары «Қазақстанның Халық әртiсi» атағы болса ғана мүмкіндiк орайы туады екен.
Ардагер «дикторлар мектебінің» соңғы буыны, биыл сексеннің сеңгiрiне шыққан, Ұлы Жеңiстiң құрдасы, (11 ақпан 1945 жылы туылған) Сауық Жақанованы орайы келген қос мерейтой қарсаңында 2025 жылғы «ҚР Халық әртiсi» атағына ұсынуды сұраймыз.
«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе – ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?» — деп қазақ арыстары жырлағандай, тек Қарағанды облысының ғана емес, бүкiл Қазақстандықтардың мақтанышына айналған Сауық Мәсiғұтқызы бұл атаққа лайықты деп санаймыз.
30-ға жуық сайт пен ақпарат агенттіктерінің басын қосқан «Қазақ медиа қауымдастығы» ЖКжЗТБ және журналистер тобы, зиялы қауым өкілдері Сауық Жақановаға «ҚР Халық әртiсi» құрметті атағын беруді сұраймыз.
Сурет: anatili.kazgazeta.kz сайтынан алынды