Балаларды тексеру тегін жүргізіледі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) есебінен.
Қазақстанда мыңнан аса оқушы білім алатын мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы Informburo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.
Оқушыларға профилактикалық стоматологиялық көмек МӘМС жүйесі арқылы тегін көрсетіледі. Мектептердегі кабинеттерде стоматологтар немесе гигиенистер жұмыс істейтін болады. Жоба МӘМС қаражаты есебінен қаржыландырылады, ал бастапқы іске қосу шығындарын жергілікті атқарушы органдар өз мойнына алады.
Бастама Оқу-ағарту министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп жүзеге асырып жатқан жоба аясында іске асады. Бұл жоба 2025 жылдан бастап іске қосылады деп жоспарланған.