Қазақстан Үкіметі 1,3 трлн теңгеден астам сомаға 128 салық жеңілдіктерінің күшін жоюды ұсынады. Бұл ретте, аталған мәселеде неғұрлым ашық жүйе әзірленеді және оларды ұсыну, ұзарту және қысқарту шарттары жазылады.
«Біз салық жеңілдіктерін оңтайландырамыз. Салық декларацияларының деректері бойынша 3,4 трлн теңге сомаға 453 норма жеңілдіктер бар деп танылды. Бүгінгі таңда 1,3 трлн теңгеден астам сомаға 128 салық жеңілдіктерін алып тастау ұсынылады», — деді Мәжілістің жалпы отырысында жаңа Салық кодексінің жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Осы 1,3 трлн теңгеден астам 128 салық жеңілдіктерінің ішінде: 770 млрд теңге немесе 61,5%-ы қаржы секторына тиесілі.
«Сонымен қатар біз бұл мәселеде ашық жаңа жүйе құрып жатырмыз. Біз салықтық жеңілдік туралы түсінік береміз. Жеңілдіктерді беру, ұзарту, қысқарту шарттарын белгілейміз. Жыл сайын олардың тиімділігіне мониторинг жүргізілетін болады», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Салық кодексінің жобасында экономиканың негізгі салалары үшін салықтық жеңілдіктердің ашықтығы мен бақылауын арттыруға бағытталған маңызды өзгерістер енгізілген. Біріншісі – уәкілетті органдар жүргізуі тиіс салық жеңілдіктерінің міндетті мониторингі. Мұндай бақылау жеңілдіктердің тиімділігін және олардың экономиканың дамуына қосқан үлесін бақылауға көмектеседі. Егер жаңа салық жеңілдіктері қажет болса, салаларға жетекшілік ететін органдар салық саясаты жөніндегі уәкілетті органға жіберілетін негіздемені ұсынуы керек. Бұл негіздеме ҚР Үкіметі белгілеген тәртіпке сәйкес келуі тиіс.
Сонымен қатар жеңілдікті ұсынбас бұрын монополияға қарсы органнан келісім алу қажет. Бұл бәсекелестікті бұзу қаупін жояды және ұсыныстардың заңнамаға сәйкес келуін қамтамасыз етеді. Егер салықтық жеңілдік қойылған әлеуметтік-экономикалық мақсаттарға жетпесе немесе бюджетке теріс әсер етсе, ол қайта қаралатын болады. Бұл тәсіл икемділікке және экономикадағы өзгерістерге уақтылы жауап беруге кепілдік береді.