Қазақстандағы алғашқы АЭС-те қуаты 1200 МВт болатын «ВВЭР-1200» су-сумен салқындатылатын энергетикалық реакторлары орнатылады. Бұл реакторлар ”3+” буынына жатады.
Мұндай реакторлар қазір Ресейде (Нововоронеж және Ленинград АЭС-терінде), Беларусьта (Гродно облысындағы Островец қаласына жақын орналасқан Беларусь АЭС-інде) жұмыс істеп тұр.
Сол секілді мұндай реакторлар Египетте (Эль-Дабаа АЭС), Венгрияда («Пакш» АЭС), Бангладеште («Руппур» АЭС), Түркияда («Аккую» АЭС) және Қытайда («Сюйдапу» АЭС) салынатын болады.
Бұл туралы «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев Қазақстанда алғашқы АЭС құрылысы бойынша «Росатомның» халықаралық консорциум көшбасшысы ретінде танылғаны жайлы жаңалыққа пікір білдіре отырып хабарлады:
«Біз Қазақстанның АЭС құрылысы жобасын бастағанын құптаймыз. Бұл – әлемдегі ең озық әрі тиімді жоба бойынша АЭС салу деген сөз. Оның негізінде ресейлік технологиялар жатыр. «3+» буынына жататын ВВЭР-1200 реакторлары – уақыт сынынан өткен инженерлік шешімдер мен халықаралық қауіпсіздік стандарттарына толық сай келетін заманауи белсенді және пассивті қорғаныс жүйелерін біріктіретін кешен», – деді Лихачев.
Сондай-ақ ол халықаралық жобаларды іске асыруда «Росатомның» әрдайым шетелдік жеткізушілермен кең кооперацияға сүйенетінін атап өтті. Бұл тапсырыс беруші елдің шарттарына барынша бейімделген, заманауи техникалық шешімдерді пайдалануға мүмкіндік береді.
«Алда әлі көп жұмыс тұр, біз Ресей мен Қазақстан басшылығының қолдауы мен көмегіне шын жүректен үміт артамыз», – деп түйіндеді «Росатом» басшысы.
«Росатом» мәліметінше, «3+» буынына жататын ВВЭР-1200 реакторлары жаңа пассивті қауіпсіздік жүйелерінің арқасында қауіпсіздік деңгейі жоғары болып саналады. Бұл жүйелер станция толығымен электр қуатынсыз қалған жағдайда да оператордың араласуынсыз жұмыс істей алады.
Олардың қатарында: реактордан жылуды пассивті түрде әкету жүйесі, сутегін каталитикалық жолмен жою жүйесі, белсенді аймақтың еріген массасын ұстап қалатын тұзақ, сондай-ақ қосарланған қорғаныс қабығы бар. Оның ішкі қабығы апат кезінде радиоактивті заттардың сыртқа шығуына жол бермесе, сыртқы қабығы табиғи және техногендік апаттардан (мысалы, торнадо немесе ұшақ құлауы) қорғайды.
ВВЭР реакторлары КСРО-да Курчатов институтында жасалған.
Реактор идеясын физик Савелий Фейнберг ұсынған. Жобалық жұмыстар 1954 жылы басталған.
Айта кетсек, ВВЭР реакторлары РБМК (реактор большой мощности канальный – үлкен қуатты каналды реактор) реакторларымен қатар әзірленген. Чернобыль АЭС-інде орнатылған реакторлар – дәл осы РБМК түрі болған.
Алғашқы кеңестік ВВЭР (ВВЭР-210) 1964 жылы Нововоронеж АЭС-інің бірінші энергоблогында іске қосылды.
Жаңа ВВЭР-1200 реакторын жасау жұмыстары 2006 жылы басталған.
Алғашқы ВВЭР-1200 реакторы 2017 жылы Нововоронеж АЭС-інде пайдалануға берілді.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, ВВЭР реакторларының артықшылықтары – жоғары қауіпсіздік, технологиялардың жақсы игерілуі, арзан отын және аз қызмет көрсетуші персонал қажет.
Кемшіліктеріне: отынды реакторды тоқтатпай ауыстыру мүмкіндігінің жоқтығы (РБМК-мен салыстырғанда), жану біркелкілігінің төмендігі, судың коррозия деңгейі мен химиялық құрамын тұрақты бақылау қажеттілігі, судың қайнауын болдырмау үшін жоғары қысымды тұрақты ұстап тұру қажеттілігі жатады.