Біз
әлеуметтік
желіде
18-05-25 |
80 рет қаралған
Қазақстанда «кредит кешіру» басталды.
Қазақстанда «кредит кешіру» басталды

Қарыз алудан ерікті бас тартып, eGov порталында өзіне несие рәсімдеуге тыйым салған азаматтардың үстінен ашылған кредиттер есептен шығарылатын болады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов түсіндірді, деп жазды inbusiness.kz.

Егер клиенттің «Стоп кредитте» тұрғанын базадан көре тұра, банк немесе микроқаржы ұйымы оның атына несие беріп қойса, бұл енді қаржылық ұйымның өз жауапкершілігі болады. Ол кредитті толығымен «кешіруге» тура келеді.

Олжас Төлегенұлы заем алудан ерікті бас тарту туралы заң 2024 жылғы ақпанда күшіне енгенін жеткізді.

«Бүгінде, осы заң талаптарын жүзеге асыру кезінде біз банктер мен МҚҰ-лардың қосымша жауапкершілігін қарастырдық. Егер олар кредит алудан ерікті түрде бас тартқан тұлғаларға кредит беріп қойса, банктер де, микроқаржы ұйымдары да міндетті түрде бұл кредиттерді 3 күн ішінде есептен шығаруға және ол адамның кредиттік бюро жүйесіндегі кредиттік тарихына теріс әсерін жоюға тиіс болады», – деді қаржылық реттеуші басшысының орынбасары.

«Банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тартуды» электронды Үкіметтегі келесі сілтемемен өтіп, тегін рәсімдеуге болады.

Агенттіктің түсіндіруінше, «Стоп кредит» қызметі арқылы сіз алаяқтардың өз атыңызға жаңа заемдар рәсімдеуіне тосқауыл қоясыз. Бұл ретте өзіңіз соған дейін алған несиелеріңізді, ипотекаңызды, бөліп төлеуді аяғына дейін өтеуге тиіссіз. Олар есептен шығарылмайды, немесе бұғатталмайды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, несие рәсімдеуден ерікті түрде бас тарту сондай-ақ қолданыстағы кредиттік карталарға және бөліп төлеу карталарына да ықпал етпейді, олар қолданыс мерзімі аяқталғанға дейін жұмыс істеуін жалғастырады.

Аталған сілтеме бойынша қолжетімді «Стоп кредит» автоматтандырылған қызметін іске қосқаннан кейін жаңа несиелер ала алмайсыз.

Бірақ қолданыстағы несиелерді қайта қаржыландыруға, сондай-ақ 75 АЕК-ке (2025 жылы 294 900 теңгеге) дейінгі төлем картасындағы кредиттік лимитті пайдалануға рұқсат етіледі.

Бұдан бөлек, тыйым тек банктер мен МҚҰ-ларға таралатындықтан, ол адамның ломбардта микрокредит алуына тыйым салынбаған.

Агенттіктің мәліметінше, кез келген азамат өзіне банктік заемдар мен микрокредиттерді беруге кез келген мерзімге тыйым белгілеп қоя алады.

Азамат сондай-ақ кез келген уақытта ол тыйымды жойып, несие ала алады. Бұл ретте қаржылық реттеушінің түсіндіруінше, бұл тыйымды орнату мен алып тастаудың саны және жиілігі бойынша ешқандай шектеу жоқ. Мың рет салып, мың рет алғызсаңыз да еркіңізде.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.