Қазақстанда маңызды жаңашылдық дайындалып жатыр: бастапқы тұрғын үй нарығында қолма-қол есеп айырысуға тыйым салу жоспарлануда. Бұл туралы krisha.kz сайтында хабарланды.
Бұл дегеніміз – жаңа салынып жатқан тұрғын үйлерді құрылыс компанияларынан тек банктер арқылы, яғни қолма-қол емес төлеммен сатып алуға болады.
Бұл бастама Мәжілісте мақұлданды және маусым айында түпкілікті қабылдануы мүмкін. Жаңа ережелер тек салынып жатқан үйлерге қатысты, ал екінші нарыққа (қолданыстағы тұрғын үй) әзірге шектеу қойылмайды.
Бұл не үшін қажет?
Басты мақсат – Қазақстандағы тұрғын үй нарығын ашық әрі қауіпсіз ету. Қазіргі таңда құрылыс саласында «көлеңкелі» схемалар үлесі жоғары: көптеген нысандар рұқсатсыз салынып, келісімдер заңнан тыс, қолма-қол ақшамен және айналма жолдармен жүзеге асырылады.
Жаңа өзгерістерге сәйкес:
Төлем – тек қолма-қол емес жолмен жүргізіледі. Ақша банктер арқылы өтіп, тіркеледі және салыққа алынады.
Алдын ала, инвестициялық келісімшарттар мен броньдау тәрізді рәсімдерге тыйым салынады. Тек үлестік қатысу туралы келісім – заңды жалғыз нұсқа болып қалады.
Ипотека – тек заңды жобаларға беріледі. Егер құрылыс компаниясында рұқсат болмаса, банк несие бермейді.
Айыппұлдар артады: заңды айналып өтсе – 2000 АЕК-ке дейін, заңсыз жарнама үшін – 1000 АЕК-ке дейін.
Бұл не береді?
— Келісімдердің ашықтығы.
Қолма-қол емес төлемдерді бақылау оңай, олар ресми түрде өтеді және алаяқтық қаупін азайтады.
— Көлеңкелі құрылысты азайтады.
Бұрын қолма-қол ақша қабылдап келген заңсыз құрылысшылар нарықтан кетуге немесе заң бойынша жұмыс істеуге мәжбүр болады.
— Сатып алушыларды қорғау және сенім артады.
Қосалқы келісімдерге тыйым және рұқсаттардың міндетті болуы – инвестицияны қауіпсіз етеді. Нарық заңмен реттеліп, ашық болған кезде, адамдар жаңадан салынып жатқан үйлерге сеніммен қарауға бейім болады.
Кемшіліктері бар ма?
Сарапшылардың пікірінше, айтарлықтай кемшіліктер жоқ.
Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюковтың айтуынша, шектеулерді енгізбестен бұрын мемлекет құрылысшыларға бірқатар жеңілдіктер берген. Мысалы, нарыққа кіру үшін тәжірибе талабы төмендетілді, өзіндік қаражат көлеміне қойылатын талаптар жеңілдетілді.
— Бұл жеңілдіктер шағын компанияларға да заңды нарыққа шығуға мүмкіндік берді. Есесіне мемлекет заң талаптарын күшейтті. Біз ашық әрі заңды нарыққа бағыт алып келеміз. Бұл шаралар көлеңкелі құрылысты және сыбайлас жемқорлықты азайтады. Банктер арқылы төлем жасаудағы ең үлкен шығын – комиссия ғана, – деді ол.
Қолма-қол емес төлем қалай жүзеге асады?
Виктор Микрюков мысал келтірді:
— Айталық, мен сатып алушымын және менде қолма-қол ақша бар. Мен банкке барып, бұл ақшаны құрылысқа үлестік қатысу шарты бойынша өз шотыма аударамын. Банк застройщиктің рұқсаты бар-жоғын тексереді және егер бәрі дұрыс болса, төлем өтеді. Егер рұқсат болмаса – төлем де өтпейді.
Ол сонымен қатар:
— Сатып алушылар үшін ешқандай қауіп жоқ. Бастысы – қаражаттың заңдылығы. Қолма-қол ақшаны банктік жолмен ауыстыру оңай.
— Заңды талаптарды сақтаған жағдайда шағын құрылысшылар үшін де мәселе туындамайды. Оның үстіне, оларға нарыққа кіру жеңілдетілді.
— Бұл өзгерістерге байланысты тұрғын үй бағасының өсуі болжанбайды.
Алайда, егер құрылыс компаниясы құжаттарын реттемесе немесе тиісті рұқсат алмаса, олар қаржыландырудан айырылады. Яғни, нарықтағы кейбір жобалар айналымнан шығып қалуы мүмкін.
— Жалпы алғанда, біз бұл өзгерістерден оң әсер күтеміз. Заң маусым айында қабылдануы мүмкін, – деп түйіндеді қауымдастық басшысы.