2024 жылы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының директорлар кеңесі мен басқарма мүшелері 705 миллион теңгеден астам сыйақы алған.
КМГ-нің есебіне сәйкес, өткен жылы директорлар кеңесінің мүшелері 207,2 миллион теңге тапқан. Доллармен ешқандай төлем жасалмаған. Салыстыру үшін: 2023 жылы КМГ директорлары 97,2 млн теңге және 196,3 мың доллар алған еді.
КМГ директорлар кеңесіне Ернат Бердіғұлов, Ұзақбай Қарабалин, Елжас Отыншиев («Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері), Асхат Хасенов, сондай-ақ Асқар Шәкіров, Сая Мұңшарипова, Арман Арғынғазин, Арманбай Жүбаев және Ұлыбритания азаматы Филип Малкольм Холланд кіреді.
2024 жылы КМГ басқарма мүшелеріне 497 млн 815 мың теңге төленген — бұл сома жалақыны, барлық бонус пен салықтар мен зейнетақы аударымдарын қоса есептегендегі жалпы көрсеткіш. КМГ басқарма төрағасы — Асхат Хасенов. Жалпы, ұлттық компанияның басқару органында сегіз адам бар.
2023 жылмен салыстырғанда, басқарма мүшелерінің жиынтық сыйақысы 28%-ға өскен. Директорлар кеңесіне төленетін жалпы төлемдер 10,9%-ға артқан (2023 жылғы доллардың орташа бағамы — 456,31 теңге болған). Есептеп көрсек, әрбір директор айына орта есеппен 1,9 миллион теңгеден аса, ал әрбір басқарма мүшесі 5,1 миллион теңгеден астам табыс тапқан.
Бұл — өте жуық шамамен есептелген сандар, бірақ олар КМГ топ-менеджерлерінің жалақысы туралы жалпы түсінік береді.
Қазақстанда ең жоғары жалақыны кімдер алатыны туралы бұрын талдаушылар айтып берген.
Фото: «ҚазМұнайГаз»