28-09-18 |
4930 рет қаралған
Кемтар бала бағудың қиындығы көп.
Кемтар бала бағудың қиындығы көп

Жарымжан баланы бағып, қағып өсірудің қиындығын анасынан артық түсінетін пенде жоқ. Өз бетімен қозғала алмайтын баланы қасықпен тамақтандыру деген біз білетін мәселенің тек бергі жағы. Ал, төсекке таңылған баланы тұрғызып, киіндіріп, жуындырып, серуендету, дер кезінде дәрісін беріп, көңілін аулау анаға үлкен салмақ салады. Бала үлкейген сайын салмағы да ауырлап, қиындық еселене түседі. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 600 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар. Оның 69 мыңы балалар екен. Яғни, 69 мың баланың анасы басқа тірлікті сырып қойып, жарымжан баласының жағдайын жасап отыр деген сөз.

Кемтар балалардың бабын табу оңай емес. Бір сәт қатарластарымен ойнамаған, ешкіммен сөйлеспеген баланың ашушаң, мазасыз болатыны тағы белгілі. Ең болмаса даланы көрсін, таза ауа жұтсын деген ниетпен құлыншағын сыртқа алып шыққан ананың қоғамнан түсіністік табатын кезі де сирек. Жастар тұрмақ, үлкендердің өзі мүсіркей қарап, ішкі эмоциясын жасырмай білдіріп жатқанда ананың кірмегені қара жер. Ол ұялғаннан емес, баласының осындай кемтарлыққа тап болғанына, оған адамдардың осынша немкеттілікпен қарайтынына налиды.

Мүмкіндігі шектеулі баласы барлардың мекемелерге кіруі, дүкен, дәріханалардан керек-жарағын алуының өзі мәселе. Өйткені, олардың көпшілігінде ыңғайлы жағдай, пандустар жасалмаған. Баласын сыртқа тастап кетуден қорыққан аналар қажетті дүниелерді сыртта тұрып, бейтаныс жандарға өтініш айтып алдыруға мәжбүр. Ал, арбаны көтеріп ішке кіргізу үшін үлкен күш керек. Жалпы ғимарат, тұрғын үй кіреберісінде кедергілердің, табалдырықтың болуы мүгедектердің қозғалысына үлкен кедергі келтіреді. Халықаралық талаптарды ескеретін болсақ, бұл құжаттарда кемтарларға қолайлы жағдай туғызу үшін ғимараттада табалдырықтың болуы мақұлданбайды. Біздің еліміз де мүгедектер құқығын қорғайтын халықаралық бірнеше құжатқа қосылған. Соған сәйкес, бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіретін арнайы заң да қабылданып, жұмыс істеуде. Алайда, заңның іске аспайтын кезі көп. Айталық, осы құжаттарда пандусты қалай жасаудың стандарты көрсетілген. Соған сәйкес, мүмкіндігі шектеулі жандар жүретін жолдың ені 100 см, көлбеу бұрышы 6 градустан аспауы керек. Биіктігі 70 немесе 95 сантиметрлік екі деңгейлі тұтқасы болуы шарт. Жолдың ашық баспалдаққа немесе пандусқа қосылатын жердегі алаң аумағы 160х160 сантиметр, ішке кіретін есіктің ені 90 см кем болмағаны жөн. Едені тайғанамайтын материалдан жасалуы қажет. Немесе тұтқыш төселуі керек. Ал, енді шынайы өмірде қалай? Арбаға таңылған немересімен кейбір ғимараттарға кіре алмайтынын айтқан Нұрғанат Аманбайқызы пандустардың қысты күні жылтырап мұз болып жататынын, жаңбырлы күні де онымен жүру мүмкін еместігін жеткізіп, шағынып отыр.

Сонымен бірге, Алматыда даңғыл жолдардан жүргіншілер әрі-бері өтіп кедергі келтірмес үшін, әрі адамдардың қауіпсіздігі үшін жер үсті көпірлері салынғаны белгілі. Мұнда да мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы ескерілмеген. Биік көпірдің төбесіне шыққанша сырқат адам тұрмақ, сау адамның өзі шаршап қалады. Ал, кемтар баласын сүйреген адам қалай діттеген жеріне жетпек? Заң талаптарына сүйенетін болсақ, онда арнайы лифт орнатылуы керек еді. Алайда, көпшілігінде лифт тұрғанымен, олардың жұмыс істейтін кезі сирек. Рас, қаладағы нысандарда арнайы пандустар орнатылған. Бірақ, олардың дені талапқа сай келмейді. Әсіресе, қыс мезгілінде пандуспен жүру қиын.

Мүгедек баққан аналардың жанайқайынан кейін осы мәселеге мемлекеттік тұрғыдан назар аударылып, заңда елімізде салынатын нысандарды жобалау, салу және кейіннен пайдалануға беру процесінде сәулет, қала салу және құрылыс қызметі туралы заңнаманы бұзғандардың жауапкершілігі күшейтілген болатын. Осылайша құрылысы аяқталған нысандарды тапсыру және пайдалануға қабылдау кезінде жауапты адамдардан мүгедектерге жағдайдың жасалғанын тексеру талап етілетін болды. Бұдан бөлек, тәжірибеден байқағанымыздай,  мүгедектерге теміржол көлігі, әуе тасымалы, су көлігі қызметтерінің қолжетімділігі үшін жағдайлар жасау, мүгедектердің кез келген ақпаратты өзіне қолайлы форматта алу құқығын кеңейту мәселесін шешу де маңызды. Әрі  мүмкіндігі шектеулі жандарға және сондай тұлғалары бар отбасыларға берілетін тұрғын үйлерді арнаулы құралдармен және құрылғылармен жабдықтау да күн тәртібінде тұрған өзекті дүние.

Мұның барлығы аналардың арыз-арманы бойынша белгілі болып отырған, соның нәтижесінде биліктің құлағына жетіп, назарына алынған мәселелер. Ал, назардан тыс қалып жатқандары қаншама. Мысалы, қазір инвотаксидің шыққаны, оны пайдаланып, көмекке зәру отбасылардың діттеген жеріне демде жетуіне мүмкіндік туғанын айтамыз. Бірақ, аналардың айтуынша, мұндай көліктер санаулы. Ол үшін арнайы кезекке тұру керек. Әрі оны қайта-қайта пайдалана алмайсың. Сондықтан, бір-бірінің жағдайын түсінетін жандар инвотаксидің көмегіне ең қажетті, ең бір қиын кезде тапсырыс беріп жатады. Көбінесе қоғамдық көліктер қызметіне жүгінетін аналар жүргізушілердің де түсінігі әртүрлі екенін алға тартады. Бірі мүгедек баласымен тұрған адамды көрсе арнайы тоқтап, олардың жайғасып алуына жәрдем берсе, енді бірі бұларды масыл деп ойлап көріп тұрса да жандарынан тоқтамай өте шығады. Тоқтап жолаушылар мінгізген автобус шопырларының бұларды итеріп тастап, есікті асығыс жауып алған да кезі болған. Өйткені бұлар тегін жүреді, сонымен бірге, ішке кіріп, орын тауып, отыруы да біраз уақыт алады. Мұндай кездегі шарасыздықты, қорлықты сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Әрине, бәрі жоқ, бәрі жаман деп ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды. І-топтағы мүгеек баласын бағамын деп үйінде өмір бойы жұмыссыз отырған Рысалды Сапақова басқа балаларының тегін оқулықпен қамтылып, қосымша үйірмелерге баруына, жазда арнайы сауықтыру лагерлерінде демалуына мемлекет тарапынан көңіл бөлінгенін айтып, алғысын айтады. Бүгінде жасы отызға келген баласы өз аяғымен жүргенімен, ойлау қабілеті төрт жастағы баланікіндей. Көзі де дұрыс көрмейді. Осындай халін көріп үнемі қамқорлық жасайтын аудан әкімшілігіне ризашылығын білдірген ана тек жыл сайын баласын медициналық тексеруден өткізіп, мүгедектігіне байланысты жәрдемақыны қайта пысықтаудың қаншалықты қажет екенін түсінбейді. Қолы сынған, аяғынан жан кеткен жандарды тексеріп, сырқаты жазылса өтемақыны қайта қарастырған дұрыс шығар. Ал енді туа бітті мүгедек болып, ақыл-есі дамымай қалған баланың өзгеруі, денсаулығының түзелуі мүмкін емес қой. Халық қалаулылары осы жағын ескерсе дейді ана. Өйткені, алдағанға көнгенмен, қырсықса айтқанынан қайтпайтын ақылы кем, зіңгіттей баланы жыл сайын медициналық мекемелерге тасып, әр есікке кіріп анықтама алу, анализдер тапсыру оңай дүние емес.

Мөлдір Сембаева

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.