Жастарды мамандандыру, кәсіп ашуына қолдау көрсету, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, жұмыс табуына көмектесу мақсатында жүзеге асырылған жобалар мен бағдарламалар аз емес. Олардың бәрі өзінің нәтижесін берді. Дегенмен, қаржылай берілген көмектен гөрі еңбек етуге, тәжірибесін арттыруға ықпал ететін қолдаудың маңызы зор. «Балық бергенше, қармақ бер» деген тағылымды сөздің мәні осында. Еліміздегі Даму банкі мен «Taiburyl» қоғамдық бірлестігі бірлесіп жүзеге асырған «Керек адам» әлеуметтік-білім беру жобасының осындай артықшылығы бар. Оның ерекшелігі – Қазақстандағы инжинирингтік және техникалық құзыреттерді насихаттауға және дамытуға бағытталған. Сонымен бірге бұл жоба орта арнайы және жоғары оқу орындарының соңғы курс студенттері мен түлектерін еліміздің ірі кәсіпорындарында ақысы тағылымдамадан өткізуді мақсат етеді. Яғни, жобаға қатысуға тілек білдірген үміткерлер еліміздегі ең танымал, ең беделді кәсіпорындарда ақылы жұмыс істейге мүмкіндік алады. Жоғары айлыққа қол жеткізіп қана қоймай білікті мамандардың мектебінен өтеді, біліктілігін шыңдайды. Ең бастысы олар өзінің қабілет-қарымын көрсетіп, сала басшыларының оң көзқарасына ие болған жағдайда жоғары жалақы төленетін қызметке тұрақты қалуға жол ашылады.
Мұндай жоба үкімет тарапынан да құпталып отыр. Себебі еліміздегі төрт миллион жастың басым бөлігі нәпақасын сауда мен ауыл шаруашылығынан тауып отыр. Соңғы деректер көрсеткендей Қазақстандағы жастардың экономикалық белсендісі 2,3 миллион төңірегінде. Өкінішке орай жас буынның өндіріске, кәсіптік салаға тісі бата бермейді. Мұның себебі жастардың мектептегі біліміне, дұрыс таңдау жасамауына байланысты. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстандағы жастардың үштен бірі мектеп бітіруден арыға аспаса, біраз бөлігі колледжде салалық мамандықты меңгерумен шектелген. Содан болар, жас буын қара жұмысты, ауыл тірлігін дұрыс көреді.
Жастар арасындағы сауатсыздықты жойып, белгілі бір кәсіппен айналысуына жағдай туғызу үшін кезінде кәсіптік колледждерге тегін оқыту мәселесі мемлекеттік тұрғыдан шешілді. Алайда, мұндай қолдаудың да қадіріне жетіп, өзінің ертеңі үшін кәсіп игеруге талаптанып жатқандар көп дей алмаймыз. Міне сондықтан да Білім және ғылым министрлігінен бөлек, әкімдіктер, білім ордалары тарапынан үнемі жиындар, онлайн сабақтар ұйымдастырылып, қоғамнан өз орныңды табу үшін қабілетіңе сай мамандық игерудің маңыздылығы жан-жақты түсіндірілуде. Шын мәнінде жоғары білім алғандар да сұранысқа сай маман болмауы мүмкін. Салаға адасып келгендер ешбір жерде тындырымды жұмыс жүргізе алмайды. Өндірістік салаға білімсіз араласу тіпті қатер.
Мемлекет соңғы бес жыл ішінде 113 мың жасты дайындап, өндіріске енгізуді жоспарлаған болатын. Мамандықтарға жасалған мониторинг егер бұл бағытта кешенді шаралар қабылданбаса, елде инженерлік-техникалық мамандар тапшылығы туатынын алға тартқан болатын. Жаңа жоба осы алдыңғы бастамалардың заңды жалғасы іспеттес.
«Жастар» тәуелсіз зерттеу орталығының мәліметінше «Қазақстандағы жастардың 83 пайызы бос уақытында музыка тыңдайды, теледидар көреді, интернетте отырады». Ал өз бетінше ізденетіндер, қоғамға қажетті кәсіпті меңгеруге тырысатындар көп емес. Мұның да бірнеше себебі белгілі болып отыр. Ең әуелі мұны жастардың азаматтық позициясының төмендігімен байланыстырған жөн. Екіншіден, бұл жастардың ертеңгі күнді дұрыс жоспарлай алмайтынын айғақтайды. Сонымен бірге бұл жастардың айналасында болып жатқан жаңалықтарға, мемлекеттік бағдарламаларға мүлде мән бермейтінін көрсетеді. Мұны «Стратегия» қоғамдық қорының зерттеу нәтижелерінен байқау қиын емес. Қор келтірген деректерге сенсек, жастардың 30 пайызы мемлекеттік бағдарламалар туралы мүлде білмейтін болып шықты, ал 45 пайызы хабарларды жалпылама естігені болмаса, терең мән бермеген, қатысуға ынталанбаған. Осыған орай, жастарды қолдайтын жоба, бағдарламаларға мұрындық болып қоймай, оларды ел арасында таныстыруға, жан-жақты насихаттауға айрықша көңіл бөлген абзал. «Тыңдалмаған сөз жетім» демекші, қолдау таппаған жобалар да өз мақсатына жете қоймайды.
Соның ішінде ақылы тағылымда арқылы талапты жастарды өндіріске бейімдеудің артықшылығын насихаттау кешенді түрде жүргізілуі шарт. Мұндай игілікті істің басында «Бәйтерек» холдингі тұрғанын айта кеткеніміз жөн. Бұл холдинг жастарды қолдаудың қаржылық және консультациялық тетіктерінін бөлек, жастарға қатысты кадрлық саясатқа мұрындық болып келеді. Жастарға үнемі қарайласып, арнайы жобалар ұсынудан көш бастайтын холдингтің қызметкерлері жас буыннан тұрады. Соңғы жылдары мұндағы 29 жасқа дейінгі мамандардың үлесі 17 пайызды құраған.
Жастардың өз бизнесін жүргізуіне, жұмыс және тұрғын үй алуына, сондай-ақ жаңа перспективалық жобаларды іске асыруына жол ашқан Холдинг «Керек адам» жобасының да бастамашысы. «Taiburyl» қоғамдық бірлестігі жүзеге асыратын бұл жобаның бір жылдық қолдау қаржысы 9 млн теңгеге тең. Жоба алғаш рет ұйымдастырылғанда соңғы курста оқитын ынталы 30 студент іріктеліп алынған болатын. Жастар өздеріне берілген мүмкіндікті қалт жіберген жоқ. Соның нәтижесінде инженерлік, техникалық салаға маманданып жатқан түлектерге еліміздің ең мықты кәсіпорындарында біліктілігін шыңдауға жағдай жасалды.
Жастарға бұл жобаның пайдалы әрі тиімді екені талассыз. Жас буын үшін жаңа бастамаға үлкен көлемде қаржы бөліп, оның қайтарылатынына толық сенімді болмаса да тәуекел еткен компанияның көздегені не? Бұл үміткерлердің барлығының көкейінде жүрген сауал. Алайда демеу көрсеткен ұйымдар инженерлік-техникалық саланың құзыретін көтеру үшін білікті жастардың шоғырын қалыптастыруға ерекше мүдделі болған.
Әрине алғашқы кезде тәжірибеден өтуден үмітті болған жастарды іріктеп, талапқа сай келетінін сүзгіден өткізу оңай бола қойған жоқ. Сондықтан үміткерлер екі сатылық сыннан топ жарып шығуы тиіс болды. Бірінші сүзгіден өту кезінде бірлестіктің сайтына өтініш жазып, талап етілген құжаттарды толықтай ұсыну керек. Екінші тур кезінде «Жаңа замандағы Қазақстанға менің мамандығымның әсері» тақырыбында эссе жазу міндеттелген еді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметке тағайындауға дейін талай сыннан өтуге тура келеді. Соның ішінде кез келген үміткерден Қазақстан Республикасының азаматы болу талап етіледі. Бұдан кейін 3-4 курс бакалаврлары мен магистратураларынан үлгерім бағасы сұралады. 3,7 балдан төмен жинағандар таңдаулылар қатарына қосылмасы белгілі. Сондай-ақ, жастардың машина жасау, металлургия, жылуэнергетика, автоматтандыру және басқару, логистика мен мұнай ісінен білетіні көп емес. Оқу орнында білім алған жастардың уақыт арасында түрлі байқауларға қатысып, халықаралық жарыстарда бақ сынауы ата-ананың ғана емес, жастар тәжірибеден өткен білім ордасының да мақтанышы.
Үміткерлерден түсетін өтініш 2019 жылдың қарашасына дейін қабылданған еді. Осы додадан жеңіп шыққандарға тағылымдамадан өту үшін 50 мың теңге көлемінде төлем беріліп, елге танымал Атырау мұнай өңдеу зауытында, Павлодар мұнайхимия зауыты, Ақтөбе рельс зауыты, Конденсат зауытында тәжірибесін жетілдіру ұсынылды. Шәкіртақысымен қоса, қолына тағылымдамадан өткені үшін айлық алған студенттер мемлекет тарапынан көрсетілген игілікті іске риза.